Адам баласының іс жиып, оңы мен солын тани бастаған сәтте өмірінің маңызына айналатын таңдаулар тұратыны бәрімізге белгілі. Жар таңдау мен мамандық таңдауда қателеспеген жөн дегенді жиі естіміз.
Мектеп бітіріп, болашағын ойлаған жастардың маңызды шешіміне айналған бұл таңдау-тағдырын таңдағанмен тең. Себебі ертегі күнінің жақсы өтуі, болшағының бұлыңғыр болмай, анық түзу болуы міне осы сәттегі әс-әрекетіне байланысты. Қазіргі мектеп бітірушілердің үлкен мәселесіне айналған бұл шешім тек өзіне байланысты, өзіне маңызы бар екендігін ұмытып кетеді. Ата-ананың, ортаның, ұстаздардың әсерінен мамандық таңдаудан қателесіп жатқан жандарда аз емес. Мамандық таңдау дүкеннен киім сатып алғандай емес, оған үлкен жауапкершілік, ынта, талант, күш-жігер керек. 1 пайыз өз мамандығыңызға талантыңыз болса, 99 пайызы осы жолда еңбек етумен келеді. Адамның қызығушылықтары әртүрлі, бірі жаратылыстану бағытына жақын ал енді бірі тіл саласына шебер болады. Дәл осылай өз бойындағы талантына жүгініп мамандық таңдайтын болсақ, еш қателеспес едік. Осы тұста біздің қонағымыз Аяулым Бақтияр өз мамандығымды қалай таңдағанымен бөлісті.
«Менің мамандық таңдауым үлкен естеліктерге толы болды. Мен қандай маман иесі болатынымды сонау 4-сынып оқып жүргенде таңдаған едім. Сол кездегі бала арман өсе келе мақсатқа айналды, қазір сол мақсатымның жолында еңбек етіп келемін. Менің мамандығым сондай ерекше, көп адамдармен тілдесіп, халықтың көзі мен құлағы һәм тіліде болатын, ақпарат майданында қаруы қағаз бен қалам болған, қызығы мен шыжығы қатар жүріп, күндіз түні тынбайтын жандардың саласы еді. Өздеріңізде біліп тұрған шығарсыздар ол әрине- журналистика. Мен бұл мамандықты таңдаған сәтте ешбір жан қарсы болмай, керісінше өз қолдауларын білдірген. Шыны керек, бұл саладағы жандардың еңбегі орасан зор болатынын қиындығы көп екенін біле тұра жүрегімді тыңдап, ақылмен шешімді қабылдадым. Мектеп бітіргенше осы мамандық жайлы толықтай зерттеп өзіме сенімділікті жинадым. Қалай болсада түсемін деген ойда жүрдім. Қазір міне сол маман иесі атанып, оқуымды жалғасытырып жатырмын», – дейді Аяулым.
Кейіпкеріміз секілді мамандық таңдаған сәтте мың ойланып шешімге келген дұрыс. Бір саланың шебері, маманы болудың өз ерекшеліктері де артықшылықтарыда жеткілікті. Таңдаған мамандығыңызды шын қалап таңдасаңыз, болашағыңыздан зор үміт күтуге болады. Сол себепті барынша талдау жасап, өз талантыңызға қарай мамандықты таңдаңыз. Мамандық таңдау сіз үшін ғана емес ел болашағының дамып, өркендеу жолындағы ізгі амал-әрекет екендігін ұмытпаңыз.
Аружан ШАРДАРБЕК,
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық
университетінің 2-курс студенті