25 қазанда елімізде тәуелсіздіктің бастауы болған ұлық мерекеміз Республика күнін тойланады.
Ал осы күні өмірге келген айтулы тұлғаларымыз бар. Солардың қатарында жазушы Тахауи Ахтанов, қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұлова, Еуропаның екі дүркін чемпионы Серік Қонақбаев сынды қазақтың біртуар ұл-қыздары дүниеге келген.
Осынау мерейлі мереке күні туған күнін атап өтіп жатқан жас актер Әли Қалдармен сұхбат жүргізген едік.
– Сөз басын туған жеріңіз, өскен ортаңыздан бастасаңыз…
– Мен 1997 жылы қазан айының 25-і күні Ақмола облысы Көкшетау қаласында дүниеге келдім. 2013 жылы Көкшетау қазақ лицейін тәмамдадым. Содан кейін, 2014 жылы Астана қаласында Қазақ ұлттық өнер университетіне актер мамандығына оқуға түстім. Мен өнерлі отбасында тудым. Менің ата-анам – өнер жолында адамдар. Әкем Жарас Қалдаров 1995 жылы Ақмола облысындағы, Шахмет Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрының негізін қалағандардың бірі болды. Қазір де сол театрдың директоры қызметінде, ал анам Зафура Тәңірбергенқызы да Көкшетау қаласындағы театрдың негізін қалаушысы әрі сол театрда қызмет еткен. Туған ағам бар, есімі – Әлішер, мамандығы – қаржыгер.
– Актер болуды бала күніңізден армандадыңыз ба?
– Мен кішкентай кезімнен бастап ата-анамның қасында театрда өстім. Ата-анам таетрда істегеннен соң, сол кісілердің жанында жүріп, театрды көріп, сол кезден бастап театрға деген қызығушылығым оянған болатын. Сондықтан актер мамандығына түсуді шештім. Қазір театр актері болып жұмыс істеймін.
– Кәсіби актер атанған сәтіңіздегі ең алғашқы сомдаған рөліңіз қандай рөл еді?
– Мен 2018 жылы қазақ ұлттық университетін тәмәмдадым, ұстазым – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері режиссер Сайлау Ғалымжанұлы Қамиев, сол кісінің шеберханасын 2018 жылы оқып шықтым. Сол жылы Астана комедия театры ашылған болатын, ол театр қазіргі Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және коммедия театры болып құрылды. Мәмбетов театрының негізін қалаушылардың қатарындамын. Сол жерде біздің алғашқы қойылым Майкл Фрейннің «Театр 180º» комедиясы сахналанды. Ол жерде мен режиссердің рөлін ойнадым, Лойд деген кейіпкердің рөлінде болдым, осы менің кәсіби актерліктегі алғашқы рөлім болған еді.
– Жалпы, болмысыңызға қандай рөлдер жақын?
– Маған драма жанры жақын. Білмеймін ғой енді, түр-әлпетімнің өзі драмаға келетін секілді. Кейбір актерлер бар коммедия жанрында ойнаған кезде түбін түсіреді. Не істесе де халық кәдімгідей күліп отырып қарайды.
Актер театрда рөл таңдамайды, режиссер береді ол сол рөлмен жұмыс жасайды. Ең алдымен, актер берілген материалмен танысады, мысал ретінде, Мұхтар Әуезовтің «Қаракөз» туындысын айтатын болсам, ең әуелі оны оқисың, өз кейіпкеріңмен танысасың. Мысалға, Сырым кейіпкерін сомдайтын болсаң оны тани түсу үшін зерттейсің. Ол қандай адам, оның қасындағы Қаракөзге, Наршаға, Бөріжанға деген қарым-қатынасы қандай? Осылардың барлығын зерттей, іздене келе өз рөліңді жасайсың.
Қазір мен еңбек ететін Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ ұлттық музыкалық драма театры – Астанада ғана емес, Қазақстандағы үлкен театрлардың бірі. Бұл тетарда халық әртістері мен Қазақстанға еңбек сіңірген қайраткерлер жұмыс істейді. Театрдағы маған ең ұнайтыны, бұл театрдың тәртібі, аға буын әртістеріміз өте жақсы, аузын ашса жүрегі көрінетін жандар. Әрқайсысын жақсы көремін.
– Қазіргі жастар театрға қаншалықты қызығады деп ойлайсыз?
– Құдайға шүкір, қазіргі жастар театрға көп келеді. Бұл бізді қатты қуантады. Неге десеңіз, театрдан адамдар тәлім-тәрбие алады, өйткені «театр – өмір айнасы» деп бекер айтымаған. Сол себепті жастардың театрға көп келетіндігіне қуанамын және де осы қалыптан тоқтап қалмаса екен деймін.
– Сахна актерден қандай қасиеттерді талап етеді?
– Сахна актерден еңбекті талап етеді. Аңыз адам Асанәлі Әшімовтің жақсы сөзі бар: «Біздің мамандық әрдайым ізденіс үстінде жүргенді талап етеді» дейді. Яғни, актер тынымсыз еңбек етуі қажет. Әрине, талант та жоғары рөл ойнайды, бірақ мейілінше рөл ойнайтын ізденіс пен еңбек деп айтар едім.
– Қазақстанда театр өнері иелеріне қаншалықты жағдай жасалып, мүмкіндіктер берілуде?
– Негізінде, актерлер үшін жақсы мүмкіндіктер қарастырылған, десе де әлеуметтік жағдайға келетін болсақ, актерлердің жалақысы төмен. Актерлерді ұстап тұрған театрға деген махаббат. Сол махаббатың арқасында төмен жалақыға да жұмыс жасап жүрген өнер иелері көп. Театрға, өнерге жан-тәнімен беріліп жұмыс жасайды.
– Соңғы уақытта көптеп жарыққа шығып жатқан фильмдер көңіліңізден шыға ма?
– Өзім түскен «Пацанский кипиш» фильмі ұнайды өзіме. Бұл жерде мен басты рөлде Санжик кейіпкерінде ойнадым. Ал шынымды айтатын болсам, мен мүлдем көп кино қарамайтын адаммын. Неге екенін өзімде білмедім.
– Болашақта өнер иесі, театр актері болуды армандайтын өскелең жастарға қандай ақыл-кеңес айтар едіңіз?
Жалпы, бұл сұрақты маған өмірде де, актер мамандығына түскісі келетін жастар жиі қояды. Мен оларға айтарым, театрды жақсы көресің бе, онда түс деймін. Себебі болашақта оңай болмайды, алда кездесетін қиындықтарға дайын болсаң түссін, неге түспеске. Бәлкім, бағың ашылар. Өйткені өз басым төрт жыл университте оқып, кейін басқа мамандыққа кетіп қалған жастарды көргенмін. Төрт жыл оқыған уақыты зая кетті ғой деп ойлаймын. Айтатыным осы жастарға. Театрды жақсы көрсе, түссін актерлік мамандыққа. Оқу керек, ізденіс керек, еңбек керек!
– Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен
Перизат САПАРОВА