Басты бет » Даналық дәптері » ҚАЗАҚ пен ҚЫРҒЫЗҒА ТЕҢ ТҰЛҒА

ҚАЗАҚ пен ҚЫРҒЫЗҒА ТЕҢ ТҰЛҒА

Астанада Мағжан Жұмабаев атындағы әдеби бірлестіктің «Алқа» студенттік клубының ұйымдастыруымен «Асыл сөздің айшуақ әлемі» атты бір басына сан түрлі өнер тоғысқан қарымды қаламгер Баянғали Әлімжановпен кездесу өтті.

%d0%b1%d0%b0%d1%8f%d0%bd
Қыс мезгілінде бұлақтың суы қатпайды. Ақырын ғана қар астында бүлкілдеп, мөлдіреп ағып жатады. Баянғали ағамен өткен жып-жылы кездесу осы көріністі көз алдыма әкелді. Әдеби кеш бір мамыражай, жайма­шуақ, көңілді кейіпте болды.
Алдымен филология ғы­лым­­дары­ның докторы, профессор Рахымжан Тұрыс­бек қаламгердің шығар­машы­лығы жайында қысқаша сөз қозғады. Арқалы ақынның алмас жырларындағы көр­кемдік ерекшеліктерге тоқ­талды. Одан кейін академик Сейіт Қасқабасов сөз алып, кеш иесінің таланты мен азаматтық қасиеттері туралы парасатты ой өрбітті.
– Баянғалидың студенттік кезі­нен атағы шықты. Жасындай жарқылдап жүретін еді. Оның жыршылығы мен әншілігі де бір бөлек. Ақындық әлемі де, көркем прозалық шығармалары да шынайы. Сықақшылық, әзілкештік қабілеті керемет. Әдебиеттің қай жанрына қалам тартса да, қамшы салдырмайды. Осыдан екі-үш жыл бұрын жеке киностудия ашып, қоғамдағы әлеуметтік көріністерді бейнелеген кино түсірді. Ол Манас­ты жырлағанда, қырғыздардың өздерінің аузы ашылып қалады. Бірде екеуміз Бішкекте болдық. Сонда Шыңғыс Айтматов Баянғалидің өнеріне сүйсініп, менен: «Мына бала қазақ па, қырғыз ба?» деп сұраған еді. Ол өнері үшін ешкімнен атақ, марапат дәметіп көрген емес. Нағыз еңбектің қараторысы атанған дарынды азамат, – деді ақын інісі жайында абыз ақсақал.
Жүздесуде Баянғали ағаның өзі де өмір жолынан тағылым болар жып-жылы естеліктер айтты. «Мен бір ескі тамырмын, қиыл­май қалған түреннен» деп өзі жазғандай, бала күнінде тың өлкесі атанған Солтүстік өңірден Алматыға арман қуып барып, ҚазМУ-дың қазақ филология факультетіне оқуға түсіп, талай ғұлама ғалымдарды көзбен көріп, олардан тәлім алғандығын баяндады. Әсіресе, Бейсенбай Кенжебаев, Зейнолла Қабдолов, Мәлік Ғабдуллин, Тұрсынбек Кәкішев және Рымғали Нұрғали секілді көрнекті тұлғалар жайында салиқалы сөз сараптады.
«Рымғали ағамыз көреген кісі еді. Жетпісінші жылдардың ортасында-ақ бізге Алаш арда­герлері туралы айтатын. Бірде: «Енді 15 жылдан кейін Алаш тұлғаларының барлығы ақталады» деп қойып қалды. Бұлай айту ол кезде ерлік болатын. Ақыры, айтқаны айдай келді. Тағы бірде маған ол кісі Ұлттық кітапхананың архивінен Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмасын тауып, оқуға кеңес берді. Сонда мен жиырмаға енді келген жас баламын. Поэманы лезде тауып алдым. Оқыған сәтте жан дүниемде төңкеріс болды. Жырды толық жаттап алып, достарымның, қатар­ластарымның арасында домбырамен орындап жүрдім. Сонда мені ешкім де сатқан емес. Сол кезде Рымғали аға: «Мағжан шынымен бақытты екен. Жеті қат жердің астына тығып жіберсе де, біз ол туралы әңгіме айтамыз. Ол өлген жоқ» деп толқыған еді» деп, Баян­ғали аға өткен күндерден сыр толғады.
Шара барысында жазушы жас­тармен емін-еркін әңгіме­лесті. Олардың қойған сұрақ­тарына жауап берді. Автор өзінің өлеңдерін оқып, жеке шығар­машылық ойларымен бөлісті. Оқырмандарға соңғы жа­рық көрген кітаптарын сыйлады.
Қаламгер сөзінің соңында жас­тарға қарата: «Баяғыда Мәлік Ғаб­дул­лин ағамыз айтушы еді, күніне бір сағат кітап оқысаңыз­дар, сол өмірлеріңізге жетеді» деп еді. Әрине, бүгінгідей қым-қуыт шақта бір сағат емес, 15 минут кітап оқысаңыздар, жаман адам болмайсыздар» деп, өзінің ағалық ақылын айтты.
Қорыта айтқанда, ақындығы алымды, қаламы қарымды, сегіз қырлы, бір сырлы азаматтың өмір жолы мен өнердегі өнегелі іздері жастарға тағылым болар тәлім екендігіне көз жеткізіп, көңіліміз көркейіп қайтты.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

http://www.astana-akshamy.kz

Пікір жазу