Былтыр 4 қазанға қараған түні Алматы облысының Талғар қаласында болған төбелес кезінде 16 жасар Шерзат Болаттың ісі бойынша сот жалғасуда. Бүгін өтіп жатқан жарыссөз барысында прокурорлар айыпталушыларға 1,5 жылдан 23 жылға дейін жаза кесуді сұрады, деп хабарлайды Jastar janary.
Талдықорған сотында прокурорлар айыпталушыларға келесі мерзімдерді сұрады:
— Абзал Шынасыл – ҚК 99-бабы 2-бөлігі (кісі өлтіру), 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық), 24-бабы 3-бөлігі (қылмысқа дайындалу және оқталу) бойынша – 23 жыл бас бостандығынан айыру;
— Равиль Сакиев – ҚК 293-бабы 3-бөлігі, 99-бабы 2-бөлігі, 24-бабы 3-бөлігі бойынша – 20 жыл бас бостандығынан айыру;
— Шыңғыс Белғожаев – ҚК 293-бабы 3-бөлігі бойынша – 7 жыл бас бостандығынан айыру;
— Дархан Аскентай – ҚК 293-бабы 3-бөлігі бойынша – 7 жыл бас бостандығынан айыру;
—Нұркияс Ілиясов – ҚК 293-бабы 3-бөлігі бойынша – 9 жыл бас бостандығынан айыру;
— Нұрбол Тоқтаубаев – ҚК 293-бабы 3-бөлігі бойынша – 7 жыл бас бостандығынан айыру;
— Азамат Тоқтаубаев – ҚК 293-бабы 3-бөлігі, сондай-ақ ҚК 188-бабы (ұрлық) бойынша қосымша саралануы мүмкін – 15 жыл бас бостандығынан айыру;
— Дидар Қалиахмет – ҚК 293-бабы 3-бөлігі бойынша – 7 жыл бас бостандығынан айыру;
— Думан Ысқақ (кәмелет жасына толмаған) – ҚК 434-бабы (ауыр қылмыс туралы хабарламау) бойынша – 1 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру.
Марқұм Шерзаттың әкесі кәмелетке толмаған сотталушы Думан Ысқақты кешірген және соттан оған кешірім беруді сұраған. Адвокат Шекеевтің мәліметінше, Шерзаттың туыстарының мектеп оқушысына қатысты ешқандай талабы жоқ.
Естеріңізге салсақ, Алматы облысының Талғар қаласында болған төбелес кезінде 16 жасар Шерзат Болат пышақ жарақатынан қайтыс болған еді. Оқиғаны кейін бірнеше дереккөздер Талғар оқиғасы деп те атады.
Көпшілік ақпарат көздері өлімге кінәлі болғандар — «Хуторские» (ауылдықтар, қыстақтықтар) ұйымдасқан қылмыстық тобының мүшелері деген деректер келтірген еді. ІІМ бұл топтың өз есептерінде болмағанын айтты. Шерзат Болат, оның әкесі мен ағасына жабылып, шабуылдаған. Төбелес орнына жалпы саны 13 адам (оның екеуі әйел адам) келгені, төбелеске қатысқаны жайлы ақпарат тарады. Қамауға алынып, сотта жауап беріп жатырған күдіктілер саны — 9 адам.
12 қазанда Болат отбасының үйі өрттенді. Ішкі істер министрлігі бұл өрттің адам қолынан жасалғанын мүмкін көрді. Жанұясы қорғауға алынған. Қылмыс салдарынан жергілікті биліктің біраз шенеуніктері, соның ішінде Талғар әкімі, оның бір орынбасары және аппаратының басшысы қызметтерінен босатылған болатын.