Басты бет » Жаңалықтар » Тұрсын ЖҰРТБАЙ: Журналистика – тек сөзден емес, тағдырдан тұрады

Тұрсын ЖҰРТБАЙ: Журналистика – тек сөзден емес, тағдырдан тұрады

Жақында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Журналистика факультетінде Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының ұйымдастыруымен ғалым, жазушы, журналист, алаштанушы Тұрсын Жұртбайдың «Алаш аманаты» атты шеберлік дәрісі өтті.
Болашақ журналистерге арналған дәрісті ең алдымен ғалым факультет қабырғасындағы студенттік жылдарынан бастады.
*****
Бірінші курстан бастап Қайыржан Бекхожиннің тікелей шәкірті болып, алаштануға қадам бастым. Сонда сабаққа да, басқаға да көңіл аудармай, алашты зерттеуді маған тапсырды. “Сен үшін сабаққа Қ.Бекхожин келеді. Бара ғой,» — деді Т.Қожакеев. Бір күні ректор Өмірбек Жолдасбековке кірдік. Қайрекең мені көрсетіп:
-Міне, өткендегі бала осы, — деді. Сөйтсем сол кездегі ректорлар, үлкен ғалымдар Алаш тақырыбын зерттеуге осылай жас ғалымдар дайындауды көздеген екен.
*****
Естеліктен басталған әңгіме Алаш идеясына ұласты. “Ұраным — Алаш” атты екі томдық деректі туындысының жазылу жайынан бөлісті.
Мен Мұхтар Әуезовті жазған шығармасындағы Әзімхан атты кейіпкеріне байланысты сын жаздым. Сонда сынай отырып Алаш ақиқатын таныдым. С.Мұқановты оқи отырып, Мағжанды таныдым.
*****
Мен зерттеген Алаштың 5 принципі бар:
1. Жер – отан. Жерді сатуға болмайды. Жер сол жұрттың асырайтын ырыздығы, мәдениетінің дамуына мүмкіндік беретін кеңістік. Сондықтан, жер сатылмайды. Қазір біздегі жердің 86%-ы жекеменшік, оның 64%-ы басқа ұлт өкілдерінің еншісінде.
2. Жердің астындағы, үстіндегі, аспанындағы барлық байлық Алаш елінің қажетіне жарау керек. Біздегі түсті металлургияның 86%-ы да, өзге ұлт өкілдерінің еншісінде болып тұр. Бұл менің 2011 жылғы зерттеген жұмысым. Тәуелсіз экономика. Қазақстан өзінің байлығын өзі игеріп, тәуелсіз экономика құруы қажет. Өкініштісі, біз қазір сіріңке шығара алмаймыз.
3. Алаш құрған елде тіл, дін, діл үстемдігі болуы керек. Тіліміздің жай-күйі белгілі… Дін. Еркектің бес тал сақалы мен әйелдердің бес елі етегі үшін күрестік. Бар үлкен күрескеніміз сол. Діл. Әр көшеден қазақтың иісі шығып тұруы керек.
4. Тәуелсіз ғылым. Ғылымның өкілдері осында отыр. Біздің алатын зейнетақымыз 53 мың еді, одан 64, қазір 83 мың болды. Доктор, профессор, академиктің… Сендердің степендияларың жоғары одан. Казгуде кішкене жоғары 129 мың. Ғалым оған баласын асырай ма, ғылыммен айналыса ма?! Ғылыми қызметкерден бүгін тапсырманы береді, ертең есебін күтеді. Сонда қай кезде ойланады, қай кезде зерттейді?!
5. Тәуелсіз, дәстүрге негізделген заң. Қазақстанда 2010 жылға дейін бір ғана қазақ тілінде, дәстүрге негізделген оралмандар туралы заң болды. Одан кейін ол да жоқ. Қазір қанша заң болса да, бәрі аударма. Қазақшасын түсіне алмайсың. Жапония сияқты ұлттық мемлекет құру керек!
*****
1987 жылы 13 қаңтар күні Қ. Бекхожин өсиетін орындағанымды айтайын. Кешкілік Олжас жолығып: «Ұстаздарыңның аманатын орындайтын кез келді. Алашты ақтауға кіріс», — деді. Содан 24 сәуір күні Алаш қайраткерлері толық ақталды. Ұстазым Қайыржан Бекхожиннің тапсырмасын күндердің күнінде айтқанындай орындадым.
*****
Журналистика – тек сөз емес, тағдырдан тұрады.
*****
Жазушының сыры — астарлы айтылуы керек. Бәрін ашып жазған адам — жазушы емес.
*****
Сөз соңында Т.Жұртбай: «Мен өмірге қайта айналып келсем де, журналист мамандығын таңдайтын едім. Өйткені, әрбір журналистің өз әлемі бар. Яғни, өзіңнің зерттейтін, зерделейтін, санаңда бейнелейтін әлемің болады. Ұшы қиыры жоқ ойлардың шыңырауына түсіп, содан өзіңді табасың. Бұл — ұлы мамандық. Ал, егер журналист ондай өз әлемін құра алмаса, одан асқан сорлы мамандық жоқ», – деп қорытындылады.
Қара шаңырақ ҚазҰУ-дың Журналистика факультетін 1974 жылы тәмамдаған ғалым 2001 жылдан бастан Еуразия Ұлттық университетінде Отырар кітапханасының ғылыми орталығында жұмыс істеп келеді. Ұшқан ұя журналистика факультетінің студенттерімен кездесудің орайында алаштанушы ғалымға шапан жабылып, сый-сияпат жасалды.
Әзімбек Қойлыбай
Фотосуретті түсірген Дәурен Мақсұтханұлы