Басты бет » Бозбала мен бойжеткен » Көкпаршы қыз Алтынай

Көкпаршы қыз Алтынай

Алматы облысы Кеген ауданындағы Жалаңаш ауылында көкпар тартып жүрген 15 жастағы Алтынай есімді қыз желі қолданушыларын, табиғи көркімен, күлімдеген жүзімен баурап алды. Бұл туралы фотограф, режиссер Ернар Алмабек өзінің Instagram парақшасында видео жариялап, жазбамен бөлісті деп хабарлайды ZTB арнасы.
«Көп бозбаланың ішінде атқа мініп жүрген жалғыз қызды көргенде көрерменнің бірі болар деп мән бермегем. Көкпар басталғанда әлгі қыз додаға кіріп кеткені… Әрине, жігіттер сияқты ұзақ шаппады. Бірақ осы әрекетінің өзі тамсануға тұрарлық. Есімі Алтынай екен. Жасы 15-те. Демалып тұрған сәтін пайдаланып, суретке түсіріп алдым», — деді Ернар Алмабек.
Өжет қыз Алтынайдың айтуынша, оған көкпар тартқан ұнайды, әрі қызығып жүргеніне бір жылға жуық уақыт болған.
«Көкпарға қызығып жүргеніме бір жылдай болды. Салым салмадым, бірақ жерден іле аламын. Әкеммен басында еріп алған болатынмын. Содан кейін әкем «қыз баласың, қой, барма!» деген. Бірақ өзімнің сұрауым бойынша барамын дедім. Содан бардым», — деп бөлісті Алтынай.
Фото @yernar.almabek видеосынан