Басты бет » Жаңалықтар » ЕРДІҢ АБЫРОЙЫ – ОТБАСЫНЫҢ АБЫРОЙЫ!

ЕРДІҢ АБЫРОЙЫ – ОТБАСЫНЫҢ АБЫРОЙЫ!

Қазақтың ер-азаматтарын қорлайтын тренд шығыпты. «Қатын деп соқсын жүрегің» деп ер адамның басын төмен иіп, соны қызыққа, тіпті мақтанышқа айналдыру -біздің ұлттық болмысымызға жат дүние. Осындай трендтерге тоқтау салуымыз керек!
Қазақ халқы ер-азаматын «тірегім», «асқар тауым» деп ардақтаған. Ерінің абыройын биік ұстап, мәртебесін көтеруді отбасының берекесі санаған. Өйткені ер азамат -шаңырақтың тірегі, балалардың әкесі, отбасының отағасы.
Бүгінгі бейбіт өміріміз, тойға мінген жорғамыз, үстімізге киген торқамыз да елін, жерін қорғаған ерлердің еңбегімен келген жоқ па?! Тарихымызда қол бастаған батырлар, сөз бастаған шешендер, елінің қамын жеген азаматтар аз болмаған. Сол бабалардың ұрпағы бола тұра, неге өзімізге жат қылықтарға еліктеп, ер-азаматтың абыройын түсіретін әрекеттерді трендке айналдырамыз?
Әйелдің биіктігі ерін төмендетумен өлшенбейді. Ердің қадірін түсіру әйелдің мәртебесін көтермейді.
Нағыз сыйластық — ер мен әйелдің бір-бірін кемсітуі емес, бір-бірінің қадірін білу, қолдау көрсету, абыройын сақтау.
Ер мен әйел -қарсылас емес, бір шаңырақтың қос тірегі. Әйелдің де өз қадірі, өз орны бар. Ерді құрметтеу әйелді төмендетпейді, әйелді қадірлеу ердің абыройын кемітпейді. Екеуінің де мәртебесі биік болғанда ғана отбасының берекесі артады.
Бізге жат нәрсеге неге сонша құмармыз? Неге елдің назарын аудару үшін бір-бірімізді төмендетуді қызық көреміз? Әзілдің де, трендтің де шегі болуы керек. Көп қаралым жинаймыз деп ұлттық тәрбиеміз бен отбасылық құндылықтарымызды аяқасты етпейік!
Бала әкесінің анасын қалай құрметтейтінін, анасының әкесін қалай сыйлайтынын көріп өседі. Бүгінгі әрекетіміз — ертеңгі ұрпақтың тәрбиесі.
Ер-азамат, ол -әкеміз, ағамыз,бауырымыз, ұлымыз.
Алла әр шаңыраққа береке мен бірлік берсін! Ер-азаматтарымыз да, әйелдеріміз де аман, еліміз тыныш болсын! Бір-біріміздің қадірімізді біліп, сыйластықпен бірге қартайып, ұрпақ қызығын көруді нәсіп етсін!
Ердің абыройы -отбасының абыройы. Әйелдің қадірі -отбасының берекесі.
Бірімізді төмендетпей, бірімізді көтере білейік!