Басты бет » Жастар үні » Бағдат Мусин: Жас азаматтар әскери қызметті өткеру мәртебесін бір жүйеден біле алады

Бағдат Мусин: Жас азаматтар әскери қызметті өткеру мәртебесін бір жүйеден біле алады

Осыдан бірнеше ай бұрын Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин елордадағы әскери комиссариаттардың бірінде болып, Қорғаныс министрлігінің өкілдерімен бірге осы саланы цифрландыру жоспарларын талқылаған болатын.

Ол басқосуда әскерге шақырылатын жастарды әскери қызметке шақырудан босату немесе кейінге қалдыру мақсатында талап етілетін анықтамалардан арылту жайы талқыланды. Сол мақсатта  бірнеше жүйені біріктіру қажет еді.

Араға уақыт салып, бірлескен жұмыстың арқасында нәтижеге қол жеткізілді. Мәселен, осы жылдың 1 наурызынан бастап азаматтар толып жатқан анықтамалар мен құжаттарды ұсынбай, әскери қызметті өткеру туралы өз мәртебесін бір жүйеден біле алады.

Бұл туралы министр Бағдат Мусин:

– «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ және Қорғаныс министрлігімен бірлесіп, қазақстандықтарды әскерге шақырудан босату және кейінге қалдыру туралы ақпарат беретін проактивті мемлекеттік қызметті іске қосты.

Әскерге баруға міндетті ер адамдарға, яғни 18-27 жастағы азаматтарға әскерден босату немесе кейінге қалдыру бойынша тиісті ақпарат телефондарына хабарлама ретінде жолданатын болады. Мобильді азаматтар базасында тіркелген қазақстандықтар ғана хабарлама алатынын атап өтемін, – деп жазды әлеуметтік желіде.

Қазіргі күні 300 мыңнан астам әскерге шақырылушы 1414-тен ЅМЅ хабарламалар алып үлгерді.

Бұл жоба – азаматтардың өмірлік жағдайларын негізге ала отырып, оларға белсенді қызмет көрсету арқылы «көрінбейтін мемлекет» жүйесін енгізудің тағы бір қадамы.

– «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ мен Қорғаныс министрлігіндегі әріптестеріме үйлесімді жұмыстары үшін алғыс айтқым келеді! Бұл қызмет «Smart Data Ukimet» жүйесі негізінде Қорғаныс министрлігінің және басқа да мемлекеттік органдардың жүйелерін интеграциялау арқылы мүмкін болды, – дейді Бағдат Батырбекұлы .