Астана қаласындағы Жастар театрының сахнасында «Сырым батыр» тарихи драмасы сахналанды.
Белгілі драматург Р. Отарбаев пен жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қажығали Мұхаметқалиұлының шығармаларының желісінде әзірленген қойылымның режиссері – Самал Әбуов. Қоюшы суретші – Әсемгүл Төлепберген.
Дау шешкен би, даңқты батыр, 1783 — 1797 жылдардағы ұлт-азаттық көтерілістің көсемі, сұңғыла саясаткер, хандық билікті құлатып, кейін әлемдік деңгейдегі демократиялық даңғыл ретінде мойындалған» Халық кеңесін» құрған реформатор Сырым Датұлының тарихи келбетін кескіндеген қойылымды елордалық көрермен, соның ішінде бас қалада тұратын жерлестер ықыласпен қабылдады. Зал – аншлаг.
Айта кететін жайт, Орал қалалық мәдени ағарту бірлестігі жанындағы «Алтын Орда» театры – қоғамдық театр. Актерлері де кәсіби емес, әуесқой.
Дегенмен, ұжым әп дегеннен күрделі тарихи туындыны сахналап, тәуекелге барды.
Кешегі жылдың аяғында Орал қаласында премьерасы болған «Сырым батыр» драмасы Астанаға халықтық сұраныспен келіп отыр.
Қойылымда Сырым батырдың бала шағын Орал қалалық мәдени-ағарту бірлестігінің тәрбиеленушісі Әлижан Тұрғали, ал әділет іздеп, атқа қонған азамат бейнесін Жоламан Еркін сомдады.
Нұралы ханның рөлінде — Азат Мыңбаев. Бұдан бөлек, көрермен сахнадан Кіші жүздің сөзұстаған сарысақал билері — Малайсары, Атақозы, Бөкен, Қаракөбең, Қаратауларды, патшалық Ресейдің губернаторлары О. Игельстромды, Н. Бахметьевті көрді.
Қойылым соңында белгілі драматург, көрнекті жазушы Төлен Әбдік, мемлекет және қоғам қайраткері Дархан Мыңбай, Сырымның аса қанық әдеби келбетін жасаған, батырды зерттеу, архив материалдарын игеру жұмыстарына 24 жылын арнаған жазушы, «Тар кезең» романының авторы Қажығали Мұхаметқалиұлының жары — Сұлуханым анамыз және Орал қаласыың мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Серік Қайырлиев, ақын, журналист, «Сырым елі» қоғамдық — саяси газетінің редакторы Бауыржан Ширмединұлы сөз сөйледі.
Фотосуреттер: Б. Меренов
өлен Әбдік өз сөзінде, «Тар кезең» романының идеясы — халықтық күрестің түбінде жеңіске жететінін, озбырлық пен қанауды жігер мен тәуекел тоқтататындығын меңзейтінін айтты. Сырым бейнесінің елорда сахнасына бірінші рет шығып тұрғанын, осы қадамды сәтті жүзеге асырған «Алтын Орда» театрының талпынысын ерекше атап өтті.
Театр ұжымының Астана қаласына сапарлауына Дат ұрпақтары, белгілі кәсіпкерлер Берік және Ерік Бисенғалиевтер демеушілік жасады. Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университеті — «Esil University» директорлар кеңесінің төрағасы Берік Бисенғалиев Қажығали Мұхаметқалиұлының «Тар кезең» романын орыс және ағылшын тілдеріне тәржімалау жобаларын да қаржыландырған болатын.
Б. Шерім,
Астана