фото Ларисы БОЖКО
17 қаңтар – бүкіләлемдік өнертапқыш балалар күні. Қостанай қаласындағы өнертапқыш балалардың осы күнге ұсынар жаңалығы бар екен деп хабарлады turkystan.kz «Наш Костанай» басылымына сілтеме жасап.
Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары София Синицина мен Амина Искакова қолданыстағы дауыс көмекшісінің аналогын ойлап тапты және оны EWA деп атаған.
Оқушы қыздар 12 «С» сыныбында оқиды және бос уақыттарында өздерінің жобаларымен айналысады.
«EWA – бірегей интеллектуалды-ақпараттық көмекші. Бұл ақылды динамиктің көптеген функциялары бар, олардың бірі – бөлмедегі ауа температурасын, ондағы газдардың мөлшерін анықтайды. Осылайша, өрттің де алдын алуға болады. Дыбыс шығаруға арналған құрылғыны өндірісте де, үйде де қолдануға болады. EWA математика, физика, химия, биология пәндері бойынша түрлі есептерді шеше алады. Сондай-ақ, ол уикепедиядан сұрауларды шығарып береді, ертегілерді айтады әрі шамдарды қосу-өшіру секілді тапсырмаларды орындайды», – дейді Амина Искакова.
EWA-ны жасауға 2-3 ай кеткен, көп уақытты қазақ тілін енгізу мен ақпараттар ағынын орналастыру алған.
«Біз бұл салада бірде-бір отандық өнім көрмедік, сондықтан өз үлесімізді қосқымыз келді. Біздің құрылғы міндетті түрде қазақ тілін түсініп, сол тілде сөйлеуі керек еді, – деп атап өтті София Синициа. – Дыбыс компьютер арқылы жасалады, біз адамның оқыған нұсқасын жасай алмадық. Себебі білікті диктордың дауысын жазып, оны енгізу үшін кемі 270 сағат уақыт керек. Оны жүзеге асыруға бізде қаражат пен уақыт болмады. Сол үшін адамның қатысуынсыз жасадық», – дейді оқушы қыздар.