Басты бет » Жаңалықтар » Самарадағы кезекті эмбукай

Самарадағы кезекті эмбукай

 Жақында айкидомен айналысушылар Ресейдің Самара қаласындағы «Грация» спорт кешенінде өткен «Волжские перекаты» деген дәстүрлі айкидо фестиваліне жиналды. Ижевск, Самара облысы аумағынан жəне Самара қаласынан, сондай-ақ Қазақ елі – Орал қаласынан қатысқан командалар фестиваль аясында оздырылған шеберлік сабақтарына қатысты. Яғни, оқу-жаттығу жиынында айкидоның түрлі техникаларына аса мəн беріп, айкидоны тағы бір жаңаша қырынан таныды деуге болады.

Татами төрінде жаттығу өткізген III дан иесі Евгений Завьялов (Самара), IV дан иегері Вадим Булдаков (Ижевск), VI дан иесі Дмитрий Цапаев (Самара) өздерінің шеберлік сабақтарында айкидо тəсілдерін өз деңгейінде қалай қолдану керектігін зер салғыза көрсетіп, түсіндіріп айтып берді. Яғни, адамның анатомиясы  мен физиологиясына назар салып, түсіне отырып, тәсілдерді тиімді қолданған жөн деді. Сондай-ақ әр қимылға ұқыптылықпен қарап, әдіс-тәсілдердің дұрыс орындалу жағына мəн бергізді. Осылайша шеберлік сабақтары түрлі қызықты жаттығулар мен біршама тәсілдерді игеру және пысықтаумен өтті. Бұрын істеп жүрген базалық техникалардың тиянақты меңгерілуіне басты мән берілді.

ІІІ дан иегері Евгений Завьялов айкидода адамның ауырлық орталығымен (центр тяжести человека) жұмыс істеу – ең маңызды жайт екенін айтты. Және де оны жаттыққанда дұрыс пайдалана білуге тоқталып, соған байланысты түрлі жаттығулар көрсетті. IV данға ие Вадим Булдаков болса, базалық тәсілдерді орындау барысындағы құлау кезінде сақтандыру әдістерінің дұрыс істелуіне айкидошылардың баса назар аударуын сұрады. Ал Дмитрий Цапаев (VI дан) айкидодағы тәсілдердің жөнді орындалуына, қимылдау кезінде аяқ пен қолдың дұрыс тұруына тоқталды.

Белгіленген кесте бойынша әр сағат уақытымен балалар жəне ерсектер тобы болып бөлек-бөлек жаттыққан айкидошыларға шеберлік сабақтары өтті. Кейін эмбукай, яғни фестиваль басталды. («Эмбукай» дегеніміз – жапон термині бойынша жауынгерлік өнермен жаттығушылардың ортаға шығып өнер көрсетулері). Фестивальде əр команда әзірлеп келген тәсілдерді көрермен алдына шығып көрсетті. Көрерменнің қошеметіне, қолдауына ие болды. Өйткені айкидода əу баста бәсекелестік деген болған емес. Айкидо – негізінен жарысқа арналмаған. Айкидо спорт емес, айкидо – жауынгерлік қорғаныс өнері. Сондықтан осындай фестиваль арқылы келген қалың көрермен айкидоның түрлі тәсілдерін анық көріп, əр адамның орындау шеберліктеріне көз жеткізеді. Айкидо алғаш ойлап табылғанда жарыс болмаған. Алайда бертін келе, айкидода арнайы ережемен жарыстар өткізіліп тұрады.

Фестивальге оралар болсақ, көп командалар арасында Қазақстанның Орал  командасы да өздері дайындап əкелген тәсілдерді көрсетті. Команданы бастап барған Асан Молдағали жəне оның шəкірттері Самат Мусин, Əлімхан Халилов, Əрсен Ұзақбай татамиге шығып, өнерлерін көрерменге паш етті. Фестиваль соңында басқа командалармен қатар арнайы дипломдарға ие болды.  Батыс Қазақстан облысының айкидо айкикай федерациясы (Орал қаласы) бұл «Волжские перекаты» фестиваліне 5-ші рет қатысып тұр. Əр қатысқан сайын фестивальдің алдындағы оқу-жаттығулардан айкидо тəсілдерінің дұрыс орындалуы жағынан жаңа ақпараттар алып, тың жаттығуларға куə болып қайтады. Фестивальден үлкен əсермен оралған, оралдық команда мүшесі Самат Құрмантайұлы:

– Айкидомен жаттыққалы мұндай шараға ең алғаш қатысуым. Фестиваль болады дегенде, барып, қатысып келуге құлшыныс болды. Барып келгеніме еш өкінбеймін. Айкидо жайында өте жақсы мағлұматтар алдым. Былайша әртүрлі шеберлердің əдіс-тәсілдерді орындауларын ютуб-тан көремін ғой. Ал Самарадағы жаттығу жиынында шеберлердің расымен де техникаларды өте шебер орындағандарын өз көзіммен көрдім. Аз да болса олармен бірге жаттығуым – мен үшін ерекше болды, – дейді.

 Асан НАРЫНБАЙҰЛЫ,

Батыс Қазақстан облысының айкидо айкикай

федерациясының нұсқаушысы,

Орал қаласы

 

Суретте оралдық команданың фестивальде өнер көрсету сәті.

Суреттерді түсірген Наталья Стеллинг (Самара қаласы)