«AMANAT» партиясы жастар қанатының кезектен тыс VI съезінің пленарлық мәжілісі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың делегаттарды құттықтау сөзімен басталды. Бейнежазба арқылы «AMANAT» жастар қанатының кезектен тыс съезге қатысушыларды құттықтап, ел жастарына арнайы үндеу жолдады. Съезд барысында жастар қанатын трансформациялаудың жаңа бағдарламасы қабылданып, Орталық кеңестің құрамы мен жастар ұйымының атауы өзгертілді. Партияның сенімді тірегіне айналған мыңдаған жасты біріктірген ұйым енді «Жастар Рухы» деп аталатын болды.
Ақмола облысының Зеренді ауылында өтіп жатқан Съездің пленарлық отырысына еліміздің барлық өңірінен 350-ден астам делегат пен қонақ қатысты.
Пленарлық отырыс барысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «AMANAT» партиясы жастар қанатының кезектен тыс VI съезінің делегаттарына арнайы үндеу жолдады.
Онда Президент Жаңа Қазақстанның жастары айрықша түсінуге тиіс үш маңызды бағытты атады.
Олар – терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет.
Біріншіден, Мемлекет басшысының айтуынша, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар елді алға бастайды, болашақтың кілті цифрлық технология мен инновацияда. Сондықтан бірнеше тіл біліп, түрлі кәсіп игеру жастардың қолынан келеді. Президент атап өткендей, еліміз бәсекеге қабілетті болуы қажет. Халқымыздың әл-ауқатын арттырып, тұрмыс сапасын жақсарту керек.
Мемлекет басшысының айтуынша, білімді әрі білікті өрендер ғана биік мақсатқа жете алады. Елге тірек болу – әрбір жастың мұраты. Ел жастардан тың бастамалар және озық идеялар күтеді.
Екіншіден, жастар адал еңбекті бағалап, рухы биік, санасы сергек болуға тиіс. Жаңа заманның жақсы қасиеттерін бойға сіңіре отырып, жаһанданудың жағымсыз әсерлерін де естен шығармау керек. Мемлекеттік мүдде бәрінен биік тұруы керек екенін айта келіп, Президент әрбір жасты ана тілін, ата дәстүрін, төл тарихын білуге үндеді.
Үшіншіден, отаншылдық қасиет туралы Мемлекет басшысы әркім қоғам алдындағы жауапкершілігін терең сезіну керек екенін, туған елге құрмет жалынды сөзден емес, жасампаз істен көрінетінін, алдына мақсат қойған азамат нағыз мемлекетшіл тұлғаға айналатынын ерекше атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, аға буынның жастарға зор үміт артатынын, оны жастардың ақтайтынына сенім білдіріп, съезд жұмысына табыс тіледі.
#қазақелі #аманатпартиясы
#жастаррухы #аманатпартиясыжастарқанаты #жастар жанары #jastarjanary