Журналистикасы мықты елде ғана ой еркіндігі бар. Мықты журналистік қауым – қоғамдық пікірге құлақ астыра алады. Ал қоғамдық пікірге құлақ асатын елде билік пен халықтың арасында алшақтану болмақ емес.
Бұл орайда еркін ой мен бостандық рухын биік ұстап, елдің әлеуметтік мәселелерін өткір көтеріп жүрген журналистеріміз жетерлік.
Олардың телеарна, радио, газет-журнал, ақпараттық портал мен әлеуметтік желідегі белсенділігін күнде көріп жүрміз. Халық үніне құлақ асатын, яғни еститін мемлекеттік билігі бар елде ел үнін естірте алатын есті журналистиканың қалыптасуы уақыт талабы.
Бүгінде ел аумағында хабар тарататын 4873 отандық БАҚ бар, шетелдігі -278. Қуантарлығы отандық БАҚ саны артып келеді. БАҚ саны көбейген сайын, бәсекелестік артып, таратылатын ақпарат сапасына да үлкен мән берілетіні анық.
Мәселе таралу тілінде болып тұр. 4873 отандық БАҚ-тың тек 690-ы ғана таза қазақ тілінде ақпарат таратады екен. 1834 –БАҚ қазақ және орыс тілінде қатар таратады. Қалғандары үш тілде немесе одан да басқа тілдерде.
Шетелдік ақпарат құралдарының елдің ақпараттық кеңістігіне қай тілде кіретіні көп елдерде маңызды мәселе болып саналады.
Осы орайда бірқатар елдерде БАҚ тіліне қойылатын талаптарға шолу жасадым. Мәселен Әзірбайжанның Тіл туралы заңында «Меншік нысанына қарамастан, Әзірбайжан Республикасының аумағында құрылған және қызметін жүзеге асыратын барлық арналарда телерадио хабарларын тарату мемлекеттік тілде жүргізіледі» делінген.
Грузияның заңдарында ақпараттық кеңістікте грузин тілін қолдануға қатысты нақты талаптар қарастырылған. Мәселен «Грузияның хабар тарату туралы заңына» сәйкес «ел аумағында хабар таратуға авторлық құқық алған (авторизованный) ұлттық хабар таратушы бағдарламаның хабар тарату торында Грузияның мемлекеттік тілінде орналастыруы тиіс».
Ал жергілікті хабар таратушы жаңалықтарды және қоғамдық-саяси тақырыптағы бағдарламаларды ең қолайлы (прайм-тайм) уақытта таратуы тиіс.
Сурет: https://aqtobegazeti.kz
Молдовада 2010 жылғы 1 қаңтардан бастап хабар тарату ұйымдары өздерінің және отандық ақпараттық-талдау хабарларының кемінде 80 пайызын мемлекеттік тілде шығаруға тиіс.
Бізде 2022 жылы мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарындағы қазақтілді контенттің үлесі 76% құрауы тиіс… Егер халық санағы нәтижесі бойынша мемлекетті құрушы ұлт – қазақтардың саны 70 %-дан асқанын ескерсек, бұл аз ба, әлде көп пе?
Бүгінде мемлекет ақпараттық кеңістіктегі басылып шығатын мерзімді баспаны қоспағанда, «abai.kz», «qamshy.kz», «massaget.kz», «jasqazaq.kz», «qazaquni.kz» сынды мемлекеттік емес интернет жүйеде қазақтілді контенттің артуы да қуантады.
Тіл саясаты комитеті де журналистерді назардан тыс қалдырған емес. Тіліміздің мерейін асқақтатып жүрген қаламгерлерді жылда «Мемлекеттік тіл және БАҚ» республикалық байқауында түрлі номинациялар бойынша марапаттап келеді. Биыл байқауды қыркүйек айында ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына орайластыра өткізуді жоспарлап отырмыз.
Ақпарат майданында жүрген әріптестерімді төл мерекелерімен құттықтаймын! Тіл тағдыры үшін жанашырлықпен қалам тербеп жүрген әрқайсыңызға мың мәрте рахмет! Қаламдарыңыздан қасиет кетпесін, шабыттарыңыз сарқылмасын, тек ақиқаттың және жақсы жаңалықтардың жаршысы болыңыздар!