Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театры көрнекті жазушы-драматург Михайл Булгаковтың 130 жылдығына орай «Өлі жандар» (Н.В. Гоголь поэмасы негізіндегі траги-фарс) қойылымның премьерасын көрермен назарына ұсынды.
Жаңа қойылымның шымылдығын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театрымыздың директоры Асхат Маемиров келген қонақтарға театрымызға қош келдіңіздер айтып, көрерменге бүгінгі театрымыздың қонақтарын таныстырып, М. Булгаковтың «Өлі жандары» қазақ сахнасы кеңістігінде тұңғыш рет қазақша сөйлегелі тұрғанын айтты.
– Нұр-Сұлтан қаласының Музыкалық жас көрермен театрына қош келдіңіздер! Біздің театрымыздың ашылғанына да енді ғана алты ай толып жатыр. Бүгінгі біздің «Өлі жандар» қойылымы біздің жетінші премьерамыз. Енді, осыдан тура жүз жыл уақыт бұрын, Н. Гогольдің атақты «Өлі жандар» поэмасын М. Булгаков инсценировкасын жасады. Ақ өлеңмен жазылған поэманы драма тілінде, сахна тілінде, театр тілінде сөйлеткен болатын. Ал енді М. Булгаковтың «Өлі жандары» қазақ сахнасы кеңістігінде тұңғыш рет қазақша сөйлегелі тұр. Сонымен қатар, биыл үлкен әлемдік әдебиеттің драматургияның ұлы классигі болып есептелетін М. Булгаковтың 130 жылдығы. Сондықтанда әлемге ортақ әйгілі әдеби драмаларды қалдырған ұлы драматургке деген біздің жастарымыздың тағзымы деп есептесек болады. Осы залда драматургияны қазақ тіліне тәжімалаған белгілі ақын, аудармашы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Гүлнар Салықбай қатысып отыр! – деді А. Максимұлы.
Ұлы классик М. Булгаковтың «Өлі жaндap» пьесасы өмір сүруге деген құштарлықтарын ашатын туынды. Сонымен қатар, қоғамның өзекті мәселелерін көтеріп, оларға өзіндік шешім де айтады. Солардың бірі – сыбайлас жемқорлық. Ол өз кезегінде, мемлекетті құлдыратып, жетістіктерді жоққа шығарып, адамдардың рухани өміріне қауіп төндіретіні індет. Бұл – барша адамзатқа ортақ шындық. Туындыда өзекті мәселелер ащы әзілмен, ойлы күлкімен айтылып, көрерменді шынайылық, адалдық әлемінің тереңіне бойлатады.
Премьерадан кейін театрымыздың жанашырлары өнер, мәдениет десе, жүректері ерекше соғатын халық қалаулылары Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаты, ақын Мақпал Мыса мен Әлия Әбсеметова өз ойларымен бөлісіп, театр жастарының ізденімпаздығы, жаңашылдығы, бұл шығармаға креативті оймен барулары көрерменге өте жоғары әсер қалдырғанын жеткізді.
– Негізі, шығарманың түп нұсқасын оқып қарағанда әсері бөлек болады. Оны қойылым арқылы көру тіптен басқа атмосфера береді. Театр өнерінің ерекшелігі сол шығар, рухыңды қозғайды, ерекше әсерде боласың. М.Булгаковтың жалпы шығармалары өте ерекше. Астарлы оймен жеткізеді. Күрделі процестерді адамның бойына миының ой қыртыстарына салады. Көрермендерге жалпы ашық нәрсе айтпайды. Көрермен өзі шешіп алуы керек. Қойылымда маған жастардың шынымен де таланттары қатты әсер етті. Бір сөзбен айта салу ол әрине оңай. Мен ойлаймын, жастардың ізденімпаздығы, жаңашылдығы, бұл шығармаға креативті оймен барулары көрерменге өте жоғары әсер қалдырды деп. Режиссерға және жас актерларға респект! – деді депутат Мақпал Тәжмағамбетова.
Ақиқат пен жалғандықтың ара жігін ашып көрсететін, әр көрерменнің бойына парасаттылықтың негізін қалайтын, өмірді сүюге баулитын бүгінгі «Өлі жандар» премьерасы туралы және Музыкалық жас көрермен театрының бүгінге дейін сахналанған басқа да репертуарлары жайында Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаты Әлия Әбсеметова былай деп өз ойымен бөлісті:
– Осы жас театрдың ұжымына, жастарға алғысымды айтқым келеді. Себебі, өзім Музыкалық жас көрермен театрының туындыларымен өте жақсы таныспын. Қойылымдарына, премьераларына жиі келіп тұрамын. «Шәмші» мюзиклінде өмірі деген қиындыққа толы болған Шәмшінің тұлғалық қасиеттерінің ашылғанын көріп әнмен тербелсек, «Дүние-Ғапыл» метафизикасында барша адамзатқа ортақ тақырыпты сөз ететін адам өмірінің қаншалықты маңыздылығын алға тартатын туынды екенін көрдік. Ал, енді бүгінгі қойылым Ұлы классик М. Булгаковтың «Өлі жaндap» траги-фарс премьерасына келсек, адамзатқа өмір сүруге деген құштарлықтарын ашатын, әр көрерменнің бойына парасаттылықтың негізін қалайтын туынды екенін көріп шықтық. Бұл қойылымды тамашалаған біздің жастарымызға қатты ой туғызады деп есептеймін. Жастарымыз жасай берсін! Осындай спектекльде өнерлерімен жалындаған театр жастарына ризамын! – деді, Әлия Әбсеметова.
Сонымен бірге жаңа қойылымды тамашалауға келген театрдың қонақтарының қатарында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Нұрлан Өнербаев, ҚР Бас Прокуратурасынан Ерболат Балғабаев, Бақыт Әбішов секілді ел азаматтары болды.
Рольдерде: Чичиков ролін — «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Асылхан Төлепов пен Аман Ғұмаров, Манилов — Абзал Арапов, Михаил Семенович Собакевич — Азамат Болатов, Плюшкин — Ақәділ Иманғали, Ноздрев — Қазыбек Есқара, Настасья Петровна Коробочка — Мақпал Дүйсен, Илья Ильич — Шалқар Мұралтай, Полицеймейстер — Саламат Мұқашев, Қамқоршылық кеңесінің хатшысы — Талғат Кеңес, Мавра-Альфия Хайзуллиева, Мижуев — Әлихан Әлішер, Петрушка — Еламан Иманбаев, Селифан — Аққанат Қуандық.
Қойылым тобы: Қоюшы-режиссері — Е. Жаңатілек, Қоюшы хореограф -Уәлитбек Сиязбек, Костюм суретшісі — Іңкәр Каримова, режиссердің ассистенті — Еламан Иманбаев, режиссердің көмекшісі — Аққанат Қуандықов және көпшілік сахнада театр артистері ойнады.
Театрдың баспасөз қызметі