Балалар күніне орай Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театрында Мұхтар Әуезовтің «Абай-Тоғжан» музыкалық драмасы өтті.
Қойылым Нұр-Сұлтан қаласында тұратын қызметтік борышын орындау кезінде қаза тапқан Ішкі істер органы қызметкерлерінің балалары үшін арнайы сахналанды. Балаларға арналған кешке Ішкі істер министрлігі орталық аппараты және Нұр-Сұлтан қаласының Ішкі істер департаменті қызметкерлері қатысты.
«Абай-Тоғжан» музыкалық драма қойылымында халықтық сана, ұлттық тәрбие, бабалар дәстүрі, ұлы дала ұлағаты – ғашық Абайдың жан сүзгісінен өтіп «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл» екендігін ұқтырды. Жас Абайдың әлемін «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Аян Өтепберген сомдады.
Балалар Канн кинофестивалінің үздік әйел рөлінің лауреаты Самал Еслямова және «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттары, Аян Өтепберген мен Асылхан Төлеповпен танысуға мүмкіндік алады. Қойылым соңында театрдың директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, философия докторы Асхат Маемиров шара ұйымдастырушылары мен қонақтарына алғыс білдіріп, сөз сөйледі.
Сондай-ақ, қойылым соңында балаларға Димаш Құдайбергеннің атынан сый-сияпат табысталды. Және «Әсемай» жеке кәсіпкерлігінің дайындап шығарған қазақ тіліндегі балалар боямақтары да шараға қатысушы балаларға тарту етілді. Балаларға жақсы көңіл күй сыйлаған кеш театр әртістерінің орындауындағы әсем әндермен қортындыланды.
Баспасөз қызметі