Басты бет » Жаңалықтар » ҚУЫРШАҚ ТЕАТРЫНДА «МАКБЕТ. ИЛЛЮЗИЯ» САХНАЛАНДЫ

ҚУЫРШАҚ ТЕАТРЫНДА «МАКБЕТ. ИЛЛЮЗИЯ» САХНАЛАНДЫ

Алматы Мемлекеттік қуыршақ театрының негізгі көрермені – кішкентай балалар. Соларға арнап театр ән мен биге толы тәрбиелік мағынасы зор көңілді ертегілерді үздіксіз сахналап отырады. Десе де, өнер ордасы соңғы төрт жыл шамасында ересектерге арналған, ауыр тақырыпты қозғайтын терең мазмұнды спектакльдерді сахналап, көрермен көңілінен шығып жүр. Соның бір көрерменге жол тартқан «Макбет. Иллюзия» қойылымы.

Аталмыш туынды ағылшынның классик драматургі, әлемге әйгілі Уильям Шекспирдің «Макбет» пьесасының желісімен сахналанған. «Макбет» пьесасы – Шекспирдің психологиялық тұрғыдан қарағанда ең күрделі трагедияларының бірі болып табылады. Театр сахнасына әрдайым сұранып тұратын шығармалардың қатарында.

Дәл осы қойылымда «Макбеттің» кейіпкерлері алғаш рет қуыршақ бейнесінде көрсетілген. Көпқырлы көркем шығарманың жаңаша тұсы айқындалып, ұрпақ сүю мәселесі тереңінен астарланып көтерілген. Қойылымның режиссері – бұрынырақта «Ромео мен Джульетта», «Ана – Жер ана», «Войцек», т.б. спектакльдерді сахналаған Дина Жұмабаева. Суретшісі – Юлия Чернова. Балетмейстері – Аня Цой. Композиторы – Георгий Юн.

«Макбет. Иллюзия» қойылымының премьерасы 2021 жылы ақпан айының 22-24 күндері аралығында өтті. Премьераның алғашқы күнінде басты кейіпкер Макбетті – талантты артистер, Мәдениет саласының үздігі, «Сахнагер — 2018» Ұлттық театр сыйлығының «Ең үздік қуыршақ артисі» номинациясының иегері Болат Момыншанов пен Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының артисі, Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының иегері Жанар Мақашеваға сомдау бұйырды. Екінші күні басты рөлді Шохан Құлназаров пен Серпер жастар сыйлығының иегері, «Сахнагер — 2019» Ұлттық театр сыйлығының «Үміт» номинациясының иегері Арайлым Байырбекова сомдап шықты.

Қойылым турасында белгілі театртанушы мамандар мен зиялы қауым өкілдері жоғары бағасын беріп, ойларын ортаға салды.

Аманкелді Мұқан, театртанушы: «Бірінші кезекте, шынында да, мынау жүректі қозғайтын, бүгінгі заманмен үндесетін, жалпы қоғамдағы билікке ұмтылудың, сол жолда адамның ешқандай қан мен өлімнен тайынбайтынын, бәрін таптап өтуге дайын екендігін, пендешілдігін көрсететін қойылым болды».

Аман Тасыған, журналист: «Қуыршақ театрының ұсынып отырған «Макбеті» мүлдеп бөлек, әдеттегі біздің Шекспир шығармашылығы арқылы танысқан немесе кино арқылы көрген «Макбеттен» тым бөлек».

Дамир АМАНТАЙ

Пікір жазу