Мехико тұрғындары қазақша үйренгісі келеді.
Бір топ Мехико тұрғындары Мексикадағы Қазақстан елшілігіне хабарласып, қазақ тілін үйрететін курс ашуды сұраған.
Дипломаттарымыз қазақ тілін үйренуге деген қызығушылықтың себебін сұраса, «Димаштың фанатымыз, жақсы көретін әншіміздің ана тілін үйренгіміз келеді» деп жауап беріпті. Бұдан кейін елшілік дереу 3 айлық қазақ тілі курсын ұйымдастырады. Мехиколықтар қазақ тілін испан тілінде түсіндіріп оқытуды сұрайды. Сәтіне қарай, дипломаттарымыз Назарбаев университетінде қызмет атқаратын қазақ тілін үйреніп алған мексикалық Сандра Абила атты бойжеткенді тауып, курсты жүргізу жөнінде өтініш білдірген. Ол үш ай бойы 100-ге жуық мехиколықтарға қазақ тілін үйретеді. Енді олар елшіліктің қызметкері Алғаш Оспановқа хабарласып, қазақ тілі курсы жыл бойы өтсе деген өтініш айтып жатыр екен. Осыған орай дипломат әлемнің 24 ірі қаласында қазақ тілін үйрету сыныбын ұйымдастырған «Отандастар қорының» мамандарымен кеңесіп, бірлескен курс ашуды ұйымдастыруға кірісіп кетті.
Міне, өнердің құдіреті деген осы шығар. Біз мына жақта министрлерімізді қазақша сөйлете алмай жүрсек, Димашымыздың арқасында сонау Солтүстік Америкадағы мехиколықтар ана тілімізді үйреніп жатыр. Соған қарағанда олар Димаштың сол құрлыққа барамын дегенін де біліп алған сыңайлы. Бір кем дүние.
Еркін Байғабылұлының парақшасынан алынды