«Хабар» арнасында «AITYSTAR» атты ұлттық өнерді насихаттайтын жаңа форматтағы айтыс алаңы аяқталды.
Жыр бәйгесінің мақсаты – ұлтымыздың тіл байлығын, сөз мәйегін ұғындыру, жас айтыскер ақындарды табу және қолдау, ұрпақ тәрбиесі мен ұлттық өнердің өркендеуіне үлес қосу. Айтыс десе елең етпейтін, делебесі қозбайтын қазақ кемде-кем. «Өлең – сөздің сарасы, биік ойдың өресі» болған төл өнеріміз айтыс барысында көмейінен жыр төгілген айтыскерлеріміз өзара сөз сайыстырды.
Аталмыш телевизиялық шоудың басты ерекшелігі – айтыскерлер шоу-бизнес жұлдыздарымен жұптасып жарысуы болды. Бір кездері Сүйінбай, Шөже, Балта, Орынбай, Жанақ, Кемпірбай Түбек, Біржан, Сара, Жамбыл сынды ақтаңгерлердің жанында әнші-күйші, сал-серілер бірге жүріп, өнер көшінінің көрігін қыздырған. Осы жобада да айтыскер ақындардың шашбауын көтерген жанындағы жұптары, халқымыздың ықыласына бөленіп жүрген әншілеріміз де – жас таланттардың жеңіс мәресінен көрінуіне ерекше ықпал етті.
Талаптың тұлпарын мінген 16 жасар жас ақын Ернұр Исақаев пен Ердос Қанаев жеңімпаз атанды. Қазақ айтысының алдаспаны, жыр-сүлейі Сүйінбай бабамыз туған топырақтың перзенті, 16 жасар Айым Асылбекқызы мен Еркін Нұржанов ІІ жүлде иегері атанды. Ізінен ерген інісі мен қарындасына жол берген, мәрттік жасаған Данияр Алдаберген мен Шахиризат Сейдахмет ІІІ жүлде иегері болды.
Ал «Aitystar Online» жарысының қазылары мен ұйымдастырушыларын талантымен тәнті қылып, 100 000 теңге көлеміндегі сыйлығымызды ұтып алған Жамбыл ауылындағы өнер мектебінің ақындар сыныбының шәкірті Диана Асылбекқызы.
Елге танымал өнер иелері, әншілер Ердос Қанаев, Еркін Нұржанов, Шахиризат Сейдахмет – тек әсем дауыс, әншілік шеберліктері ғана емес, ұйқасты өлең құраудағы қарым-қабілеттерімен таңдандырды, жырға деген іңкәрліктерімен тәнті етті.
Өз тілшіміз
(Суреттер ашық ақпарат көздерінен алынды)