Бұрын «сәнқой» деген қыздарға қарата айтылатын теңеу секілді еді, бүгінгінің де жігіттері де сәнденіп алатынды шығарған. Көшеде кетіп бара жатсаң, соңғы үлгідегі киім тырысқан шалбар мен жейде киіп, мүсіндерін көрсетіп тұрған жігіттерді осы күндері жиі кездестіреміз. Ол аздай құлақтарына сырға тағып, шашын өсіріп, бояп алатын да жігіттерді көрсек таң қалмайтын болдық.
Қазір техниканың дамыған заманы, жаһандану дәуірі деп жүрміз. Ендеше, есік, терезеңді қымтап, өзгелерден бөлектеніп отыра алмайсың. Өзге елдермен аралас-құраластық, қай жағынан болса да байланыс пен қатынас кеңейді. Соның бір көрінісі – теледидар, компьютер, интернет. Қазіргі таңда телеэкранымызды жаулап алған кәріс телехикаялары мән-маңызы мен мазмұны жағынан американдық атыс-шабыс, жын-ойнақтардың қасында озық тұрғанын ешкім шығара қоймас. Дегенмен…
Кәріс киноларындағы жігіттерге біздің жігіттеріміз еліктейтінді шығарды. Қыздарымыз да сол фильмдердің жігіттеріне ғашық болып, ұялы телефондарына солардың суреттері мен әндерін жазып алатын болған. Тепсе, темір үзетін жастағы жігіттеріміз қыздар секілді қылымсып, сызылып сөйлейтінді шығарған. Қасқасы, жігіттеріміздің «майдаланып» бара жатқандығы көзге ұрып-ақ тұр. Шаштарын өсіріп, бояп қоятын қазақ жігіттерін дәл қазіргі кезде жиі кездестіруге болады.
Сонда біз қандай ұрпақ тәрбиелеп жатырмыз? «Өзіміздің ұлттық менталитетімізге сай, ұлттық болмыс-бітімді сақтай алатын өскелең ұрпақты өсіріп жатқан жоқпыз ба?» деген сауал туындайды. Яғни, қазіргі қазақ жастар рух-жігері төмендеп, ұлттық намысы жасығандықтан өзге ұлтқа еліктеп өсіп жатыр деген ой қылаң беретіні анық. Бұған кімді кінәлаймыз, баласы бәйгеге шапса, тақымын қысып отыратын ата-ананы ма, көштің жүре түзелеріне сендіретін қоғамдық ортасын ба, әлде өзіндік ой қалыптастырып үлгермеген, азаматтық позициясын орындай алмай жүрген жігіттердің өзіне кінә артамыз ба?
Бұрындары ер жігітке қарата айтылатын «еңселі ер азамат», «жауырыны қақпақтай», «екі иығына екі кісі мінген», «қолының күші қарумен тең» деген секілді теңеулерді қазіргі жігіттерге айтуға ауыз бармайды. Көпке топырақ шашпай-ақ қояйық, десек те жігіттердің арасында «жігіт», «азамат» деп атауға лайықсыз жігітсымақтар көбейіп бара жатырғандай. Жігіттік қалыптарын жасанды имиджге айырбастаған нар жігіттердің «майдаланып» бара жатқаны ұрпақ келешегі де кері әсерін тигізбей қоймасы анық.
Рас, елдің сүйенері саналатын ер жігіттердің бойында қыздарға тән қасиеттердің орын алуы ерсі көрінеді. Ал ХХІ ғасырдың кей жігіттерін ұғу қиын болып барады. Сондықтан жігіттеріміз қыздардың әшекей секілді бұйымдарына жабйыспай, түр-тұлғаларын қалыпқа келтірсе дейміз.
Сөзімді түйіндей келе, кейде осындай «әшекейлі» жігіттердің жанында қыздар ыңғайсыз сезінетін шығар. Сол себепті қазақ жігіттерінің қызға тән және өзге ұлт жігіттеріне еліктеген бейнелерін өзгертсе деген ой бар. Ол үшін өзіміздің ұлттық болмысымызға жақын төл туындыларымыз көптеп шығып, жастарымызға экран арқылы жастарымызға жетіп жатырса, өзгеге еліктеушілік те азаяр ма еді?!
Айкөркем Қанатбаева