Қалқаман САРИН
Бақытыңды бергендей боп тосыннан,
Уақытыңды жатқан сенің тонап сан.
Əлеуметті алдау үшін ашылған —
Әлеуметтік желідегі парақшаң.
Қайғың да бар бір басыңа жететін,
Көрінгенмен көпке жан боп бағы асқан.
Сені «мінсіз» жəне «мұңсыз» ететін,
Әлеуметтік желідегі парақшаң.
Шетелдерде дем аласың ай жүріп,
Ал, жарлыға бөліп берер жоқ ақшаң.
Сірə, сені көрсететін бай қылып
Әлеуметтік желідегі парақшаң.
Кəрілікті мойындайтын кезіңнен
Қашқақтайсың, суретіңе қарап сан.
«Жап-жассың» деп алдайды арзан сезіммен,
Әлеуметтік желідегі парақшаң.
«Ару ардан кетпеу керек, ер серттен», —
Деп, шіркінім, ой оздырдың Алаштан.
Сені осылай «намысшыл» ғып көрсеткен,
Әлеуметтік желідегі парақшаң.
Жұма сайын жұрттың қамын тілеу мен
Күнə шаю — ұлы сүннет о бастан.
Табан асты «тақуа» ғып жіберген,
Әлеуметтік желідегі парақшаң.
Қолдан жасап тағдыр менен мінезді,
Төндірді олар төбемізге қара аспан.
Бір-ақ сəтте батыр қылған бір езді,
Әлеуметтік желідегі парақшаң.
Дəметкен соң жылы тілек, лебізден,
Ақылшы көп ағайынға «адасқан»
«Біртуарсың», «данышпансың» дегізген
Әлеуметтік желідегі парақшаң.
Шешен болып сөйлегенмен көпіріп,
Көсем болып кезің қайсы, жол ашқан?
Əлемдегі ең бір ұлы өтірік —
Әлеуметтік желідегі парақшаң!