Басты бет » Жаңалықтар » ҚЫЗ ЖІБЕК КАМЗОЛЫ ҚАЙТА ЖАҢҒЫРДЫ

ҚЫЗ ЖІБЕК КАМЗОЛЫ ҚАЙТА ЖАҢҒЫРДЫ

 «Қыз Жібек» фильмінде Жібектің киген камзолын Баян Алагөзованың киіп түскен бейнежазбасы әлеуметтік желіде қызу талқыланып, біраз дау тудырды. Қазақ киносы мен мәдениетінде ерекше орны бар Қыз Жібектің тарихи кәжекейі жеке адамға беруі қоғамда түрлі пікірдің туындауына себеп болды.

Бұл жағдай өнер мен мәдени мұраға деген көзқарастың әртүрлі екенін тағы бір мәрте көрсетті. Бірі мұндай құнды дүиенің танымал продюсерге берілуін қалыпты жағдай деп қабылдаса, енді бірі камзол арнайы музейде сақталуы тиіс деп санады. Алайда осы аралықта TikTok әлеуметтік желісінде өз ұзату тойында Қыз Жібектің камзолына ұқсас камзол-көйлек киген Гүлназ Терлікбаева да көпшіліктің назарын аударды. Оның бұл образы небәрі 9 сағаттың ішінде 60 мыңға жуық қаралым жинап, желі қолданушылары арасында кеңінен талқыланды. Бойжеткеннің 56 жылдан кейін әйгілі образды қайта жаңғыртуы көпшілікті тәнті етті.

– Гүлназ, дәл осы образды таңдауыңызға не түрткі болды?

Менің сәнді дүниелерге деген қызығушылығым бала кезімнен басталды. Ең алғаш «Қыз Жібек» фильмін көрген сәттен бастап, осы образды өз ұзату тойымда киемін деген ой менің есімде сақталып, оны үнемі түртіп жүрдім. Сол фильмдегі қазақы киімдердің әсемдігі, нәзіктігі мен ұлттық болмысы жүрегіме ерекше әсер қалдырды. Уақыт өте келе сол әсер өшпей, керісінше, тереңдей түсті. Қазақ қыздары қашанда тек жақсыны киген. Ата-анам да менің ойымдағы дүниені қолдап, маған қолдау көрсетті. Сондықтан ұзату тойымда дәл осындай образды жасағаным, арманның орындалуы болды. Образды жасау барысында әр бөлшекке ерекше мән берілді: баскиімді бір шебер дайындаса, камзолды екінші шебер, көйлекті үшінші маман тіксе, әшекей бұйымдарымен тағы бір шебер айналысты. Әрқайсысы өз ісінің маманы болғандықтан, нәтиже де ойдағыдай шықты.

– Әлеуметтік желідегі кең таралым сіз үшін қаншалықты күтпеген жағдай болды?

–  Ұзату тойымның ертеңінде әлеуметтік желіге өз образымды салдым. Бұл камзолым дәл осындай танымал болады деп мүлде ойламадым. Бірақ аз уақыттың ішінде соншалықты көп адамның назарына ілігуі мені таңғалдырды әрі қуантты. Көптеген жылы пікірлер келіп жатыр, бұл мен үшін үлкен қолдау.

– Образыңыздың осынша қызығушылық тудыруының себебі неде деп ойлайсыз?

– Меніңше, бұл жерде ұлттық киімге деген ерекше қызығушылық бар деп білемін. «Қыз Жібек» образы – көп адам үшін тек кино кейіпкері емес, тұтас бір эстетика, бір дәуірдің символы. Сол рухты қазіргі форматта қайта көрсету адамдарға әсер еткен шығар. Алдағы уақытта мүмкіндік болса, ұлттық нақыштағы киімдерді заманауи үлгімен ұштастырып, жаңа жобалар жасағым келеді. Қазақы стильді тек той киімі ретінде емес, күнделікті өмірге де енгізуге болатынын көрсеткім келеді.

Қорытындылай келе, ұлттық киім – бізге жеткен асыл мұраның көзі. Бүгінде қазақы нақыштағы ұлттық киімдерге деген сұраныс күн сайын артып келеді. Қоғамдағы бұл оқиға тарихи образдардың қазіргі күні қайта жаңғырып, жас буын арасында кеңінен насихатталуына себеп болды. Сонымен қатар қазіргі дизайнерлердің ұлттық элементтерді заманауи үлгімен ұштастыруы қазақ киімдерінің жаңа деңгейге көтерілуіне ықпал етуде. Бұл өз кезегінде ұлттық киімнің тек өткеннің мұрасы емес, болашақта да сұранысқа ие заманауи мәдени брендке айнала алатынын дәлелдейді.

Фариза АХМЕТ,

Шымкент қаласы