Кеше Алматыда өткен Чемпиондар лигасының топтық кезеңіндегі «Қайрат» – «Реал Мадрид» матчы кезінде 18-жасар «Қайрат» қақпашысы Шерхан Қалмұрза 7 мәрте допты қайтарып, ойынның қаһарманы атанды, деп жазды Jastar janary.
Ойында 0:5 есебімен «Реал Мадрид» командасы жеңіске жеткенімен, жанкүйерлер Шерханның ойын өрнегіне, қайсарлығына ризашылық білдіріп, қолдау көрсетіп жатыр.
«Болашағың жарқын болсын!», «Шерхан, жарайсың! Өркенің өссін!», «Мойыма! Сен жеңімпазсың! Қазақ елінің мақтанышысың!», «Еш өкінбе! Алар асуларың алда! Сен мықтысың!» деп пікір жазып, демеп жатқан отандастарымыздың қарасы көп.
Сондай-ақ турнирдің ресми парақшасы «Реалмен» өткен ойында 21-минутта Мбаппенің соққысын қайтарған қақпашының ойынын ерекше атап өткен. 7 бірдей допты қақпаға енгізбей қайтарған жас қақпашының еңбегі үлкен.
Ойыннан кейін жас қақпашы жанкүйерлеріне сөз арнады.
«Айтарға сөзім жоқ. Жанкүйерлерден кешірім сұраймын. Үміттеріңізді ақтамадық. Десек те, бұл матчпен бәрі бітпейді.
Алда әлі талай белестер бар. Дайындықты күшейтуіміз керегін түсіндім», – деді Шерхан Қалмырза.