Қазір әлемде кең таралған құбылыстың бірі – пранк. Пранк дегеніміз – күтпеген әрекет арқылы адамдарды таңғалдыру, қалжыңдау әдісі.
Әлеуметтік желілерде, TikTok және YouTube платформаларында пранктің саны күн сайын артып жатыр. Адамдар мазмұнын қызық және ерекше ету үшін әрдайым жаңа әдістер іздеп жатады.
Шын мәнінде, дұрыс әдіспен жасалса, пранктің де жақсы жағы жетерлік. Кейде күтпеген оқиға әрбір адамның жүзіне күлкі үйіріп, көтеріңкі көңіл күй сыйлайды. Пранктар әрдайым көп қаралым жинайды, соның арқасында мазмұнын жасаушылар табысқа жетуі де мүмкін.
Пранктың зияны қандай?
Алаңдайтыны, мұндай әрекеттер әрдайым жақсы немесе жеңіл көңіл көтерумен аяқталмай жататын жағдайлар да кезедеседі. Себебі кейде қалжың ретінде басталатын оқиға күтпеген келеңсіздіктерге алып келуі мүмкін. Адам кенеттен қатты қорқып, мазасыздыққа түсуі, кейін жүйкесінде ақау пайда болуы ықтимал. Кейбір пранктер жарақатқа да соқтырып жатады – жүгіремін, қашамын деп құлап қалу, соққы алу, жазатайым оқиға болуы мүмкін. Не айтқанда да, пранкті жасағанда әрдайым қауіпсіздікті бірінші орынға қою қажет. Адамдардың тілегі де, құқығы да әрқашан құрметтелуге тиіс. Егер пранктің мазмұнында қатысушы алдын ала келісіп, әрбір әрекеттің жай ойын ретінде жасалатынын білсе, әрине зияны тимеуі мүмкін. Алайда әрбір адамның жүйке жүйесі әртүрлі. Кейбірі өте сезімтал болуы мүмкін, сондықтан аяқасты жасалған әрекет олар үшін психологиялық соққы ретінде қабылдануы ғажап емес. Сонымен қатар адам әрдайым алданудан қауіптене бастайды. Әрбір әрекеттің артындағы астарды іздеп мазасыз жүреді. Ал кейбір жағдайлар тіпті құқықтық мәселеге де алып келеді. Мысалы, пранк жасап тыныштықты бұзып, қоғам тәртібіне зияның келтіргендіктен, заң алдында жазаланып қалуы мүмкін (айыппұл немесе түзету жұмыстарына тартылу).
Осы орайда психолог мамандардың айтқанына назар аударған жөн. Мәселен, Тюмень мемлекеттік университетінің жалпы және әлеуметтік психология кафедрасының доценті Юлия Мурзина 72.ru сайтына берген сұхбатында:
«Иә, пранк шынымен де әзіл ретінде басталса да, бүгінгі таңда ол көп қаражат табудың және саяси әсер етудің құралына айналды. Бір жағынан, әзіл эмоционалдық шиеленісті азайтуға көмектесе алады. Алайда кейде мұндай әрекеттер психологиялық жарақатқа, мазасыздыққа және сенімнің жоғалуына әкелуі ықтимал. Сонымен қатар пайдакүнемдік мақсатқа пайдаланылса, тіпті мемлекетаралық келіспеушіліктерге дейін жетуі мүмкін», – дейді.
Маманның айтуынша, пранктер қарапайым көңіл көтерудің ауқымынан шығып, психологиялық жарақат, қорқыныш тудырады. Бұл – жай ойын емес, сезім мен эмоцияны манипуляциялаудың бір тәсілі. Сондықтан әрбір қалжыңды жасамас бұрын «бұл әрекет басқаларға қалай әсер етеді?» деген сұраққа тереңірек ойланған дұрыс. Әрбір адам әр әрекеті үшін моральдық және заңдық жауапкершілікті көтеретінін де ұмытпаған жөн.
Пранк туралы жастар не ойлайды?
– Менің ойымша, пранк адамның ар-намысына, қауіпсіздігіне нұқсан келтірмейтін, ойластырылған, шынайы күлкі сыйлайтын болса онда иә, қажет. Бірақ егер ол тек біреуді масқара ету, күлкіге қалдыру мақсатында жасалса, ондай әрекетті құптай алмаймын. Әсіресе, адаммен, оның ішкі жан дүниесімен ойнау ешқашан әзіл болмауы тиіс. Өкінішке қарай, қазір блогерлер пранкті «контент» ретінде пайдаланып, адамның рұқсатынсыз камераға түсіріп пранк жасайды. Көп жағдайда ол адамның ішкі сезімі жайлы ойлау қажет секілді. Әр нәрсе мейлінше шекарадан аспаса, бәрі жақсы деп ойлаймын, – дейді Еуразия ұлттық университетінің 3-курс студенті Аделя Спартакқызы.
Сарапшы пікірі де, жас буынның ойы да осы құбылыстың әрқилы жағын көрсетеді. Әзіл ретінде басталған әрекеттің соңы күтпеген оқиғаға алып келуі мүмкін екенін әрдайым есте ұстайық. Әлемді күлкі мен мейірімге толтыру әрбіріміздің қолымызда – тек соны дұрыс пайдалана білсек игі.
Асия ДУЛАТ,
Еуразия ұлттық университетінің студенті