«Біз де студент болғанбыз» айдарында түрлі саладағы маман иелері студенттік шақтағы естеліктерімен бөлісіп, сол жылдардың қызығы мен қимас кезеңдері жайлы сыр шертіп, әңгіме өрбітеді.
Біздің бүгінгі қонағы – Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрының актері, драматург әрі сценарист Қазыбек Аманжол.
– Ең алдымен сұхбатымызды өзіңізді таныстырудан бастасаңыз. Қай жердің тумасысыз? Өскен ортаңыз, отбасыңыз жайлы айтып берсеңіз?
– Мен 1997 жылы 8 қаңтарда Ақтөбе облысы Мәртүк ауданы Аққайың деген ауылда дүниеге келгенмін. 1992 жылы еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін еліміздің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы көш» деп шетелдегі қандастарды елге тарту мақсатында үлкен жоба жасаған сол жоба бойынша әке-шешем Моңғолия елінің Баян-Өлгей қаласындағы Дэлүүн деген ауданынан көшіп келген. Содан бес жылдан кейін мен дүниеге келдім.
Есімімді Қазыбек деп атам қойған екен. Атамның өзінің айтуынша, кітапты көп оқитын ақынжанды кісі болған. Дүниеде бұған дейін мен білетін атақты үш Қазыбек болған дейді атам, Қазыбек би бар және Қазыбек деген үлкен ғұлама мен батыр болған екен, нақты есіме түспей тұрғаны ұмытып қалыппын. Жалпы, атам солай айтып түсіндірген. Ал енді туылатын Қазыбек – төртіншісі, 21-ғасырдың Қазыбегі болсын деп ырымдап қойған екен.
– Енді балалық балдәурен шағыңыздан үлкен өмірге қадам басқан студенттік өміріңіз жайында әңгімелессек. Қай оқу орнында білім алдыңыз? Оқыған мамандығыңыз жайында айтып берсеңіз?
– Мен мектепті 11-сыныпқа дейін оқып, бірақ колледжге түскенмін. 17 жасымда Ақтөбе көпсалалы АГУ Тарлан колледжіне актерлік шеберлік мамандығына оқуға түстім. Сөйтіп, ол жерде ақылы түрде білім алдым. Оқу аса қымбат болған жоқ, жылына 90 мың теңге төледім. Үш жыл оқыдым. Колледжде Гүлбахыт Қожаева деген ұстазым болған. Орал қаласының тумасы. Сол ұстазымыз колледжіміздің тарихында болмаған дүниелерді біздің курспен жасады. Яғни, үнемі әртүрлі студенттік фестивальдерге қатыстық. Алматы қаласындағы Темірбек Жүргенов колледжінде студенттер арасында фестиваль өткізді. Сол «TheatrALL» фестивалінде біздің курс бас жүлдені жеңіп алды. Одан кейін Көкшетауда эксперименталды лабораториялық қойылымдардың жарысы болды, біз ол кезде 3-4 курста оқып жүрген кезіміз. Сол кезде біз кәдімгідей үлкен қойылым Володиннің «Қоштасқым келмейді» атты қойылымын қойып, мен басты рөлде Митя деген кейіпкерді сомдап шықтым. Осылайша, жиі-жиі фестивальдерге қатысқандықтан, Ақтөбе қаласының назары біздің колледжге түсті. Сөйтіп, біздің көлледжді, осындай талантты балалардың барын, осындай мамандық бар екенін және ол мамандыққа ақылы түрде оқытылып жатырғанын ескеріп, бізден кейінгі оқуға түскен кез келген 1-курс студенттеріне 50 грант бөлінді. Яғни, 9-сыныптан келген студенттерге – 25 грант, 11-сыныпты бітіріп келгендерге 25 грант бөлінді. Осылайша, біз өзіміздің колледжімізде бізден кейінгілер грантпен оқуына мүмкіндік ашып бердік. Бірақ өзіміз 2017 жылы ақылы түрде оқып бітіріп шықтық. Кейін бір жыл өзіміздің Мәртүк ауданындағы Қамбар Медетов атындағы музыкалық мектепке жұмысқа орналастым. Ол жерде актерлік шеберлік пәнінен сабақ бердім. Сөйтіп, сол уақыттарда бір жыл бойы өзімді университетке дайындадым. Менің еңбек етіп жүрген жерім музыкалық мектеп болғандықтан вокал, би, домбыра, гитара, пианино барлығы бар еді. Соның барлығын мен бір жыл бойы оқушыларға сабақ беріп жүріп, кешкілік уақытта ұстаздардан сабақ алып, үйреніп жүрдім. Өзімді жан-жақты дамыттым. Өйткені жаңа айтып кеткендей, біздің колледж көпсалалы болғандықтан, өнер жағы қатты дамымаған еді. Колледжде өнер жағынан актерлік шеберлік пен дизайнерлік мамандық қана болды. Оның үстіне, мен тек драма театр әртісі мамандығында оқығандықтан музыка, хореография жағынан толықтай білім ала алмадым. Осылайша, музыкалық мектепте мұғалім болып жұмыс істеп жүрсем де, сол жерде көптеген аспаптарда ойнауды үйрендім.
– Студенттік шағыңыз қалай өтті? Қандай студент болдыңыз?
– Колледжден кейін мұғалім болып, бір жылдан соң Астанаға Қазақ ұлттық өнер университетіне оқуға түстім. Жалпы мен колледжде оқып жүрген кезімде де, университетте де, себепсіз сабақтан кешігіп, қалып көрмеппін. Мен сабақ оқуға келгенде қатты қызғаншақ болдым. Қызғаншақ дегенде біреуге үйретуге, айтуға емес, өзім сол білімді мықтап үйреніп шығуға қызғаныш, қатты құштарлық болды. Өйткені біз колледжге оқуға түскен кезімізде қателеспесем 28 бала болдық. Сол кезде бізге ұстазымыз «сендер колледжде 28 бала болып оқисыңдар, араларыңнан театрда жұмыс істейтін бір актер шықса, онда ол – біздің жеткен жетістігіміз. Осынша баланың ішінен бір актер шығуының өзі бір жетістік» деп түсіндірді. Сол кезде мен бір жағынан қорықтым және таңғалдым… «Мәссаған, қалай бұл сонда, мүмкін емес пе, соншалықты қиын ба?» деп ойладым.
Сонда ұстазымыз «жарайды енді бір актер демей-ақ қояйын, ең болмағанда бес актер» деп айтқаны есімде. Колледжде жүрген кезде қасыңдағы балалардың әл-ауқатын, өнерін өзіңше бағалайсың ғой… Сол кезде мен бірінші орынға Жансая деген қыз болатын соны қойып, екінші орынға Ақниет деген жігітті, үшінші орынға Еламанды, төртіншісіне тағы бір жігітті қойып, ең болмағанда мен бесіншісі болсам ғой деп армандайтынмын. Өзімде сондай мотивация болды. Содан бастап мен кітап оқи бастадым, мектеп кезде проза кітап оқымайтынмын, тек поэзия оқитын едім. Содан апта сайын, ай сайын 2-3 кітап оқып жүрдім. Жазғы каникулда бізге 20 кітап оқуға берілсе, соны кітапханадан алып оқитынмын. Және мектеп кезінде менің спортқа деген қызығушылығым жоқ еді. Ал мұнда балалармен өзара жарысып, күш шынықтырып, акробатикалық жаттығулар жасап, сол бестіктің тізімінде болсам ғой деп барынша талпындым. Cөйтіп жүріп, төртінші курс бітіріп жатқанымызда бізге кураторымыз Гүлбахыт Қожаева мысалға, сен деп… (бір баланы тұрғызып қойып) Сен осындайсың, осындай жерің жақсы, мынадай жерің жаман деп… Мен сені баламдай көремін, сен үшін уайымдаймын деп әр балаға бір-бір сөзден мысал ретінде айтты.
Кезек маған келді, сол кезде кураторым: «Ал Қазыбек сен менің жалғыз студентімсің, сен сияқты студент бұдан кейін менде бола ма, болмай ма, мен білмеймін. Бірақ сен маған лайықты студент бола білдің», – деді. – «Және мен сендердің барлықтарыңа айтайыным, студент болуды Қазыбектен үйреніңдер», – деген еді. Сол бір сөздер мен үшін өте биік болды. Ұстазымның осы сөзі санамда жатталып қалды.
– Сіз студенттік кезіңізде жатақханада тұрдыңыз ба? Студент өмірі, жатақханадағы тіршілік қандай жалпы?
– Мен екі рет студент болдым ғой, колледжде және университетте. Колледж оқып жүрген кезде достарыммен бірге жалдалмалы пәтерде тұрдым. Себебі біздің оқу ордамызда жатақхана болған жоқ. Ал Астанада университет кезінде төрт жыл бойы жатақханада тұрдым. Біздің жатақханамыз ауыз толтырып мақтанып айта алатындай өте күшті болды. Жатақхана емес, кәдімгі пәтер секілді.
Жатақханада өткен жылдарым өте қызықты болды. Біздің театр факультетінде оқитын кез келген жас өте ұйымшыл болып келеді. Себебі біздің театрда өзіндік дәстүрлері болатын. Мысалы, бірінші курсқа түскен жаңа талапкерлерге күз айында «актер party» деген іс-шара ұйымдастырылатын. Сол кезде бірінші курстарды үлкен мейрамханада немесе екіқабатты үлкен үйлерде мерекелік кеш жасап қабылдап алатын еді. Сонда 1-курстардан драма театры әртістері, музыкалық театр әртістері, қуыршақ театр әртістері деген сияқты үш түрлі топқа бөлініп алатын. Жоғарғы курстың студенттері 1-курстағыларды «сары уыз балапандар» дейді ғой. Жаңадан оқуға түсушілерді қабылдаған кезде шоу ұйымдастырып, әр курс өз өнерін көрсетіп, қандай ортаға тап болғанын көрсететін. Ал 4-курсты бітіріп жатырған кезде керісінше 1, 2, 3-курстар бітірушілерге алдағы өмірлеріне сәттілік тілеп қоштасу кешін ұйымдастыратын. Сондай мықты ұйымшыл ұжым болдық.
– Студенттік шәкіртақы алып тұрдыңыз ба?
– Мен колледжде ақылы түрде оқығандықтан шәкіртақы алмадым. Жоғары оқу орнында грантта оқыдым. Бірінші жылы шәкіртақы 20 мың теңге болды да төртінші курс бітіргенше әр тоқсан сайын 5 мың теңге қосылып отырды. Ең соңғы жылы 35 мың теңге алдым. Ұстазым Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Сайлау Қамиев біз оқуға түскен жылы Тұрсынбек Қабатов екеуі Астана қаласында коммедия театрын ашты, ол жаққа әртістер керек болды. Содан біздің курстан 8 баланы таңдап алды, оның ішінде мен де болдым. Ол жақта 20 мың теңге жалақы алатынмын, қосымша 20 мың теңге шәкіртақым болатын. Жалпы, студенттік кезде 30-40 мың теңгемен өмір сүрдім.
– Сол кезде арман-мақсаттарыңыз қандай еді? Қазір сол шаққа оралсаңыз, өзіңізге қандай ақыл-кеңес айтар едіңіз?
– Бұрын студент кезімде болашақты материалдық тұрғыда ештеңе ойламайтынмын, тек білім алсам, сабақ оқысам, дамысам деген ғана мақсат болды. Біз болашақта жұмыс істейміз ғой, ол кезде қайда тұрамын, мен үйленуім керек қой деген секілді жағдайларды ойланбаппын. Оқу бітіргеннен кейін үйлі болсам, көлік алсам деп ойланбаппын. Былай қарап тұрсақ, барлығы керек нәрселер екен. Мен қайтадан студент шағыма оралар болсам, сен ақша жина, ақшаңды үнемде, депозит аш соған жинап қой, болашақта саған үй алу керек болады, көлік алу керек болады деп айтар едім.
– Студенттік шағыңыздағы қызықты оқиғаңызбен бөліссеңіз?
– Мен коллежде оқып жүрген кезде поэзия оқығанды қатты жақсы көретінмін. Колледжде деп айтып тұрғаным, шыны керек, мен университет кезінде поэзия атаулыға мүлдем жолаған жоқпын. Білмеймін, неге екенін… Колледжде мен сағаттап поэзия оқып тұра беретінмін. Ол кезде менің группаластарым менің поэзия оқығанымды жақсы көретін. Атам ақын болғандықтан, өзім де ақынжандымын. Өлең шығарамын, содан өзім шығарған өлеңдерімді және белгілі ақындардың шығармаларын оқып беретінмін. Ең қызығы, топтағы барлығы сағаттап болсын тыңдап отыра беретін. Поэзияны барлығы жақсы көретін. Өлең оқығанда өзімді ұмытып, ештеңені ойламайтынмын. Поэзияны барынша жеткізуге тырысатын едім.
Бірақ, әттең, университет кезінде сол қабілетімді жоғалтып алдым. Неге екенін әлі күнге дейін түсінбедім. Әлде университетте поэзияны көп тыңдамайды ма әлде ол кезде уақыт аз болды ма, мен білмедім. Өзім үшін колледж кезіндегі осы бір тәтті кезеңдерді поэзиямен байланыстырамын. Университетте поэзия оқымасам да, кәсіби актер болуға көп тәрбиелендім. Яғни, біз жан-жақты оқыдық бұл жақта. Мысалға, бізге 1-курсқа түскен кезде ұстазымыз: «менің шеберханамнан актерлер ғана шығуы маңызды емес, неге режиссерлер шықпасқа, мықты әншілер, продюсер, сценаристер, драматургтер шықпасқа» дейтін. Содан кейін бе білмеймін, мен бір күні өзім пьеса жазып көрейін деген ой туды. Сондай бір қызықты пьеса болса ғой, ойнаған кезде күлкілі болатын, актерлік шеберлігіңді жан-жақты ашып көрсете алатын туынды шықса ғой ойлайтынмын. Содан ертесі күні таңертең ештеңе жоспарламай, қағаз бен қаламды алып бастан-аяқ пьеса жазып шықтым. Тоғыз-ақ бет болды. «Тукмар» қонақүйі» деген пьесаны жаздым. «Тукмар» өзім дүниеге келген Мәртүк деген жерді көбінесе орысша Мартук дейтін сол сөздің буынын керісінше қойып, «Тукмар» деген пьесаны жазып шықтым. Бұл менің драматург болуыма қадамымды ашқан пьесам болды. «Тукмар» қонақүйі» деген пьесам Алматы, Астана, Тараз, Шымкент, Орал қалаларындағы барлық студенттерге азық болды. Яғни, кез келген диплом жұмысына немесе емтиханаралық спектакль ойнау керек кездерде осы «Тукмар» қонақүйі» пьесасын алатын. Өйткені ол актердің жан-жақтылығын көрсетеді. Бұл жерде шалды да, қызды да ойнайды, бай мен кедейді де ойнайды, өзін әртүрлі кейіпкерлермен көрсете алады.
– Студент кезіңізде қосымша жұмыс істеп, қаражат тапқан кездеріңіз болды ма?
– Бір қызығы, өмірімде ешқашан мамандығымнан бөлек жұмысты істеп көрмеппін. Яғни, көптеген студент секілді даяршы, күзетші деген жұмыстарды істемеп көрмеппін. Неге екенін білмедім. Жаңа айтқандай, сабақ оқу, іздену, үйрену болғандықтан шығар. Аллаға шүкір, әпкелерім, ағам, жезделерім, әке-шешем қаржы жағынан көмектесіп тұрды. Өзім қаражатты өте үнемдеп жұмсайтынмын. Сондықтан да шығар маған ақша керек қой деген ой келмепті. Кейін университетке түскеннен кейін бірден театрға жұмысқа орнастым.
– Актер болу бала күнгі арманыңыз ба? Не себепті осы мамандықты таңдадыңыз?
– Мен кішкентай кезімнен «Жайдарман», «Шаншар», «Тамаша», «Алдараспан» сияқты әзіл-сықақ театрларындағы көріністерін қайталап ойнап жүретінмін. Мысалы, «Менің атым Қожа» фильмінің ішіндегі монологтарын жаттап айтатын едім. Мектеп кезде «Жарқын болашақ» деген сайыс болған, ол жерде міндетті түрде бір поэзия, бір монолог оқу керек болатын. Мен сол сайысқа үнемі қатысатын едім. Сөйтіп жүріп, өнерге деген қызығушылығым ашылып, актерлікке бет бұрдым.
– Бүгінгі студенттерге қандай ақыл-кеңес берер едіңіз?
– Әрдайым ізденіс үстінде жүру керек, көп оқу керек. Одан бөлек, болашақтағы мақсаттарға депозит ашып, азын аулақ ақша болса да жинап отыру керек. Оның пайдасы болмаса, зияны жоқ. Алға қойған ойларды кейінге қалдырмай, дәл бүгіннен бастау керек. Кейінге қалдырсаң қала береді.
– Әңгімеңізге рақмет!
Перизат САПАРОВА,
Jastar janary