Басты бет » Жаңалықтар » Қымбат ДОСЖАН: «Жәнібекке хат немесе оқырмандарыма жауап»

Қымбат ДОСЖАН: «Жәнібекке хат немесе оқырмандарыма жауап»

Белгілі журналист Қымбат Досжан өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында «Жәнібекке хат немесе оқырмандарыма жауап» деген атаумен жазба жариялады.

Қазақ радиосындағы «Бармысың бауырым?» арқылы көптің көзайымына айналған, анасын іздеп еліне келген Жәнібектің (Мұрат Савельев) оқиғасы кім-кімді де бейжай қалдырмағаны рас. Әлі күнге дейін анасынан хабар күткен Жәнібекке қамқорлық танытып жүрген заңды өкілі Қымбат Досжан жантебірентерлік хаты арқылы осы мәселеге қатысты оқырмандарының сұрақтарына жауап берген.

Журналист: «2025 жылдың алғашқы күні бүгін… Жәнібек жаңа жыл мерекесімен құттықтады. «Қазақстанға тағы да мені алдыртыңыз, билет алып беріңізші, жаңа жылды сіздермен қарсы алғым келеді» деп айтқан өтінішіңді орындай алмадым. Уақыт тығыз болды, екіншіден, сені шақырғаныммен қуантатындай жаңалығым жоқ, әзірге…» деп бастапты жазбасын.

2024 жылдың 9 желтоқсанында ҚР Мемлекеттік кеңесшісі мен ҚР Бас прокуроры атына ресми хат жолдағанын, хатта Жәнібек Жұмағұловты асырап алған бельгиялық жалғызбасты әйел – Валери Савельеваның бала асырап алуға Арқалыққа келгенде аудармашыға 12 мың АҚШ долларын бергені туралы және ақшаны алған адамның аты-жөні ашық жазылғанын айтқан.

«2024 жылдың көктемінде осы мәліметті растап, Валери Савельева асырап алған ұлы Жәнібекке берген видеосұхбатында өз аузымен сол оқиғаны тағы айтты. Валери Савельева Бельгиядан Арқалыққа келгенде, Астана әуежайынан көлікпен екі адамның күтіп алғанын, Арқалыққа сол көлікпен жетіп, аудармашы әйелдің үйіне қонғанын, таңертең 12 мың долларды санап қолына беріп, Балалар үйіне екеуі бірге барғанын ашық айтты. Балалар үйіне барғанда ақша алған әйел:

«…бірден Жәнібекті таңдамай, ойланған кейіп танытып, басқа балаларға да қарап, өтірік істеп тұрыңыз…» деп үйреткен, В.Савельева оның айтқанын бұлжытпай орындапты. Бұл сұхбаттың түпнұсқасы Жәнібек Жұмағұловта және Жәнібектің заңды өкілі мен – Қымбат Досжанда.

«Жәнібектің туған шешесі неге табылмай жатыр?» деген жанашыр халыққа айтарым, қателеспесем, сол жылдары босанған әйелдің 54-нен ДНҚ материал алынды. Жәнібектікімен ешқандай әйелдің қаны сәйкес келмеді.

«Қалған әйелдер қайда, олар неге тапсырмайды?» деген сауал да орынды, оған келер болсақ, «Ол әйелдерді табу қиынға соғып тұр, шетелге көшіп кетіпті, бізде тергеуші жетіспейді…» деген сынды түрлі сылтау естимін полициядан.

Болжамды әкесі табылды дедім, ол рас. Бірақ ол кісінің өзі бұл өмірде жоқ, туған балалары ДНК анализ тапсырудан бас тартты, бірақ, сол қайтыс болған кісінің туған бауырлары бар, олар да бәрін біліп отыр. Мен тіпті полиция қызметкерімен арнайы барып жолықтым, айғайға басып, өтінішімді тыңдамады.

Кезінде осы балаларды шетел азаматтарына ұсынып, долларды санап алғандардың қазір ұйқысы тыныш еместігіне сенімдімін. Бұл оқиғада аудармашы жалғыз фигурант емес. Тергеп-тексеру жұмысы дұрыс, әділ жүрсе, Астанадан жеке көлікпен Арқалыққа жеткізгендерден бастап, ресми лауазым атқарғандардың барлығы жауап беруі тиіс. Міне, бір жыл өтті, Жәнібек екеуіміз осындай нәтиже күтіп жүрміз.

Осы бір жыл ішінде қаншама әйелдің тағдырымен таныстым. Бірінің де атын атап немесе фото-видеосын жариялап жіберген жоқпын. Өйткені Қазақ медиасына 40 жыл қызмет етіп келе жатқан мен · жауапкершілік Дегеннің не екенін білемін. Дәл солай, Валери айтқан аудармашы кім, ол қазір қайда тұрады, бұрын қайда жұмыс істеді, қазір қайда жұмыс істеп, қандай қызмет атқаратынына дейін білемін, Жәнібек те біледі.

Осы елдің заңына бағынатын азамат және Жәнібектің ресми өкілі болғандықтан, ең бастысы, тергеу ісіне кедергі келтірмейін деп әлеуметтік желіге жарияламай отырмын. Хайп қуған біреу болсам, жайып салып қарап отырмаймын ба?

Бала саудасына қатысы барларға айтарым, Жәнібектің шындығын ашыңыздар, маған хабарласыңыздар. Біздің қазіргі басты мақсат – туған шешесін табу. Ал бала саудасына қатысы мәселемен тиісті органдар айналыссын. Жиырма жыл тұрмақ, елу жыл өтсе де, бала саудасының жүгі жеңілдемейді-ay.

Қазір Жәнібек Испанияда, қолына түскен жұмысқа жегіліп, түрлі салада қызмет етіп жүр. Туа сала туған анасынан, туған жерінен жырақ кеткен ол қиындыққа әбден шыңдалған, иммунитеті мықты, бірақ жағдайы онша емес. Күлсе де, әлемнің ең көрікті жеріне саяхаттаса да «Менің шешем кім?» деген сұрақпен өмір сүріп келеді. Баланың кеші солай батады, таңы солай атады.

Сонымен, Жәнібек балам, біз қазір не күтіп отырмыз? Ресми орындарға жазылған хаттарға мардымды жауап күтеміз. Арқалық Полиция басқармасының қылмыстық іс бойынша шығарған нәтижесін күтеміз. Иә, айтпақшы, «хатыңыз Қостанай облыстық прокуратурасына жолданды» деген жауап алдым.

Бұл жазбаны да ресми өкілдерінің көрмеуі мүмкін емес, сондықтан жақын арада жауап түседі деп отырмыз», – деп жазған Қымбат Досжан хатында.