Фото: Freepik.com
«Отау» және «Наурыз» ипотекалары бірдей шартпен жұмыс істейтін болады. Ол наурызда іске қосылады. Бұл туралы krisha.kz сайты жазды.
«Отау» ипотекасы — Отбасы банктің жеке бағдарламасы. «Наурыз» — мемлекеттік ипотека. Бұл бағдарлама былтыр көктемде іске қосылған. Екі бағдарлама бойынша қарызды Отбасы банк береді.
Негізгі талап — қарыз алушының және оның отбасы мүшелерінің (жұбайы, кәмелетке толмаған балалары) соңғы 5 жылда өз баспанасының болмауы.
Бұл бағдарламалар қалай жұмыс істейтіні анықтаймыз.
Ипотека шарттары
Бастапқыда әр бағдарламаның несие сомасы, сыйақы мөлшерлемесі, депозитке қойылатын талаптары сияқты өз шарты болды. Былтыр күзде «Отау» бағдарламасының шарттары «Наурыз» бағдарламасымен бірдей болды.
Биыл қайта іске қосылғанда екі бағдарлама да «Наурыз» бағдарламасының шарты бойынша жұмыс істейді:
- Сыйақы мөлшерлемесі: әлеуметтік осал топтар үшін — 7 %, қалғандарына — 9 %.
- Бастапқы жарна: әрленген пәтер үшін — 10%, бастапқы әрлеудегі пәтер үшін — 20 %.
- Отбасы банкте 2 млн теңге депозиттің болуы. Депозит мерзімі маңызды емес. Шотты өтінім берер алдында ашуға болады.
- Несие сомасы Астана мен Алматыда — 36 млн теңгеге дейін, басқа өңірлерде — 30 млн теңгеге дейін.
- Ірі қалаларда тек жаңа үйді сатып алуға болады. Ол пайдалануға берілген немесе құрылысы жүріп жатқан болуы мүмкін (құрылыс салушының ҚТК кепілдігі болуға тиіс). Екінші нарықтағы үйді тек моноқалалар мен облыстарда сатып алуға рұқсат етіледі.
- Бағдарламаға барлық талапқа сай азамат қатыса алады, бірақ 35 жасқа дейінгі жастарға басымдық беріледі.
Тек жаңа үйді қай қалалардан сатып алуға болады
Астана, Алматы, Шымкент, Ақтау, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Көкшетау, Қостанай, Қызылорда, Қонаев, Павлодар, Петропавл, Семей, Жезқазған, Талдықорған, Тараз, Түркістан, Орал, Өскемен.
Екі ипотекада да өтінім қабылданғаннан кейін мына қадамдардан өту қажет:
— балл бойынша саралау;
— төлеу қабілеттілігін бағалау;
— баспана іздеу және ипотека келісімшартын жасау.
Пәтерді қайдан іздеу керек
Жаңа пәтерді тек Отбасы банк сайтындағы Baspana market бөлімінен таңдауға болады. Екінші нарықтағы үйді Krisha.kz сияқты кез келген сайттан іздеуге болады.
Қазір (17.01.2025) порталда Қазақстанның барлық облысы мен ірі қаласындағы 859 жаңа құрылыс бар.
Ең көп объект Алматыда (169), Астанада (123), Шымкентте (68).
Ең аз — Ұлытау (3) және Жетісу (11) облыстарында.
Шаршы метр үшін бағасы — 175 мың — 1 млн теңге.
Пәтерді тек өтінім беріп, балл бойынша саралаудан кейін таңдауға болады.
Жаңа үйлердің бағасы тұрақты. Отбасы банк пен құрылыс салушылар арнайы келісімшарт жасасады.
Krisha.kz-тегі «Жаңа құрылыстар» бөлімінде, «Сатып алу тәсілі» фильтрінде «Наурыз» ипотекасы опциясын таңдауға болады. Сол жерден тұрғын үй кешендерінің тізімін және пәтер сипаттамасын көруге болады.
«Отау» және «Наурыз» бағдарламалары 7 және 8 жылға арналған. Биыл олардың істеп келе жатқанына екі жыл болады.
2024 жылдың қорытындысы бойынша екі бағдарлама аясында 10 003 қарыз беріліп, жалпы сомасы шамамен 252 млрд теңгені құрады.
Биыл «Наурыз» ипотекасына 300 млрд теңге бөлінеді, бұл 11.5 мың қарызға жетеді. «Отау» бағдарламасы бойынша Отбасы банк соманы әлі жариялаған жоқ, бірақ алдын ала жоспар бойынша жылына 150 млрд теңге, 7 мың қарыз беру көзделген.