«AMANAT» партиясының «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасында ұлттық мәдениетті қолдау маңызды міндеттердің бірі ретінде белгіленген. Соның аясында «Кітап-AMANAT» партиялық жобасы қолға алынып, республика көлемінде түрлі мәдени-ағартушылық іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Шымкентте өткен бұл әдеби жиында Ілияс Есенберлиннің өмірі мен шығармашылығына арналған баяндамалар оқылып, оның қазақ әдебиетіне қосқан елеулі үлесі талқыланды. Қатысушылар жазушының тарихи романдарындағы ұлттық бірлік пен елдік идеяларының маңыздылығын атап өтіп, оның шығармаларының қазақ мәдениеті мен тарихына деген қызығушылықты арттырғанын ерекше айтты.
«Ілияс Есенберлиннің шығармалары бізге ұлт тарихын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Бұл шара жазушының еңбектері мен оның ел болашағына қалдырған мол мұрасын жақсырақ тануға көмектесті», – деп өз әсерімен бөлісті студент Наргиз Жұмағалиқызы.
Ілияс Есенберлиннің шығармашылық жолын талқылау барысында оның қазақ әдебиетінің дамуына қосқан зор үлесі мен кейінгі ұрпаққа қалдырған құнды мұрасы кеңінен сөз болды. Жазушының шығармалары бүгінгі ұрпақ үшін ұлттық рухты, елдік сананы дәріптеудің жарқын үлгісі ретінде бағаланып келеді.
Айта кетейік, «Кітап-AMANAT» партиялық жобасы аясында республика бойынша 23 кітап орталығы жұмыс істейді. Бүгінге дейін жоба аясында 554 мәдени-ағартушылық іс-шара ұйымдастырылып, 13 мыңға жуық адам қамтылды.