Басты бет » Жаңалықтар » ДИПЛОМЫН «ЖЫРТҚАН» ТҮЛЕК ЖАЗАЛАНУЫ КЕРЕК ПЕ?

ДИПЛОМЫН «ЖЫРТҚАН» ТҮЛЕК ЖАЗАЛАНУЫ КЕРЕК ПЕ?

Cоңғы күндері әлеуметтік желіде кеңінен таралып, көпшіліктің ашу-ызасын тудырған оқиға диплом алу салтанатында диплом жыртып ерсі әрекетке барған түлектің бейнежазбасы еді. Студент дипломын алғаннан бойда көпшіліктің көзінше дипломды жыртып тастайды.

 

Фото: sn.kz

Оқиға Алматы бизнес және коммуникациялар колледжінде болған. Колледж басшылығынан диплом алып, оны жыртқан түлек Әбдірахман Дәулет анықталды.

Әлеуметтік желі қолданушыларының кейбірі мұны жай ғана әзіл әрі әлеуметтік желідегі хайп үшін жасалған қойылым деп бағаласа, енді бірі білім ордасына деген құрметсіздік екенін айтып, сынға алды.

Түлек бұл әрекеті үшін жауапкершілікке тартыла ма? дегенге келсек, белгілі заңгер Мейірман Шекеев мұндай әрекеттер жастарға дұрыс үлгі еместігін, болашақта да қайталанбас үшін жауапкершілікке тарту керектігін айтады.

Түлектің дипломын жыртқаны қоғамның ашуын келтіріп жатыр. Заңгер ретінде бұған жауапкершілік көзделгенін айтқым келеді. Себебі кез келген мемлекеттік құжат, оның ішінде мемлекеттік рәміздерден ту немесе елтаңба болса, оны жырту – құрметсіздік көрсетумен бірдей бағаланады. Болашақта бұл жастарымызға кері әсер тигізетін үлгі болмас үшін жас түлек жазалануы керек. Ешкімге ел тәуелсіздігінің символы саналатын рәміздерге құрметсіздік көрсетуге жол берілмеуі тиіс, – дейді халық заңгері Мейірман Шекеев.

 Кейін жас жігіт өзінің істеген ісі үшін көпшіліктен кешірім сұрап, бейнеүндеу жариялады. Түлек бейнежазбада шынайы дипломды емес, алдын ала өзімен бірге алып келген қағазды жыртқанын айтты. Құжаттың өзі бүлінбеген.

«Әлеуметтік желіде тараған видеоларым үшін мұғалімдерімнен, білім беру ұйымдарының ұжымдарынан кешірім сұраймын. Дипломның түпнұсқасы жыртылған жоқ. Мен алдын ала дайындап әкелген көк қағазды жырттым. Бұл әрекетіммен ешкімді қорлағым келген жоқ. Білімнің қадірін түсіру мақсатында жасалған жоқ. Ол қоғамда теріс пікір туғызады деп ойлаған жоқпын, қателігім үшін кешірім сұраймын», – дейді жігіт бейнежазбада.