Басты бет » Жаңалықтар » СТИЛИСТ: Киімді дене бітімі мен келбетке сәйкес таңдаған дұрыс

СТИЛИСТ: Киімді дене бітімі мен келбетке сәйкес таңдаған дұрыс

Қыз-келіншектер әрдайым жарасымды киіну үшін ең алдымен дене бітімі мен түр-келбетінің қандай типке жататынын білу өте маңызды. Сол арқылы өзіңізге ең әдемі, жарасымды көрінетін киімдерді дұрыс таңдай аласыз.
Осы тақырыпқа байланысты 300-ден астам қыздың стилін табуына көмектескен білікті стилист Айжібек Бекболатқызының кеңесіне жүгіндік.

– Айжібек ханым, әдемі әрі жарасымды болып тұратын киімдерді бойымыз бен салмағымызға сәйкестендіріп қалай дұрыс таңдауға болады?
– Адамдардың дене бітімін стилистиканың әдебиетінде 5 түрлі типке бөледі: төңкерілген үшбұрыш, тіктөртбұрыш, құмсағат, алмұрт, алма типтері. Бұл дегеніміз – адамның дене пішімінде сүйектері қалай орналасқандығына байланысты. Мысалы, арық болса да иықты ірі қыздар болады және арық болса да керісінше жамбасының сүйегі шығып тұратын қыздар болады немесе белі жіп-жіңішке болып айқын көрініп тұратын қанша артық массасы болса да беліне масса жинамайтын құмсағат типтері болады. Және иық пен жамбастың көлемі бірдей болып келетін тіктөртбұрышты немесе алма типтегі, яғни іштің айналасы мен иығындағы массаға байланысты анықтаймыз
Ал енді киім таңдаған кезде адамның фигура типі мен бойының ұзындығы және салмағы өте маңызды. Егер ол адам артық салмаққа биім болса, иығының көлемінде көбірек масса жинайтын қыз-келіншек болатын болса, онда біз барынша иық жақтың көлемін жинақы етіп көрсететін киімдерді таңдаймыз. Ол адам жамбасына көбірек көлем жинайтын болса, онда жамбасын жинақы етіп көрсететіндей киімдерді таңдаймыз.
Әр адамның сүйек орналасуы әртүрлі болғандықтан, иықты сүйегі ірі қыздар барынша иық жағындағы тігіске назар салуы керек. Иық жағында тігісі бар немесе тігісі қиғашталып тігілген киімдерді таңдаған дұрыс. Мысалы, жоғарыға қарай тік сызығы бар киімдерді алу керек, сонда жоғары жаққа жинақылық береді. Ал төменгі жаққа төгіліп тұратын белдемше кейген жақсы үйлеседі. Сондай-ақ тік пішімдегі джинсы матасынан тігілген шалбарларды, классикалық, спорттық үлгідегі шалбарларды киюге болады. Яғни, мұндай типтегі адамдарға төменгі жағы жіңішкеленіп кететін жабысып, түзу болып тұратын киімдерді киюге мүлдем болмайды. Егер мұндай киімдерді киетін болса, оның иығы үлкейіп, жамбасы жіңішке төңкерілген ұшбұрышты тәріздес болып қалады.
Ал, керісінше, жамбасы ірі болып тұратын алма типтес қыздарға жоғары жағына иығы бүрмеленіп тігілген киімдерді киюге болады, төменгі жағына жамбасын жинақы етіп көрсететін қою түсті, артық түстері суреті жоқ, минимализм стиліндегі киімдерді алуға болады. Ал бойы ұзын қыздарға, оларға әртүрлі түсте киінуге болады. Үстіңгі жағына бөлек түсті, төменгі жағына тағы басқа түсті деген секілді. Және бойы 1.60-қа дейінгі қыздарға түстерді жалғап киінгені дұрыс. Мысалы, төмен жағыңызға киген киіміңіздің түсіне, жоғары жағыңызға киген киіміңіздің түсі жақын ұқсас болуы керек.

– Қысқа бойлы қыз-келіншектер қандай киімдерді алған дұрыс?
– Бойы қысқа қыздарға мынандай киімді киіңіз деп айту дұрыс емес. Ең бірінші, образ жасайтын кезде оның бет пішімі дене бітімі мен бойының ұзындығы ескеріледі. Егер ол адамның бойы орташа немесе қысқа болатын болса, бойын ұзын етіп көрсететіндей қылып образды жинау керек. Яғни, ол адамды түстермен бөліп тастайтын, бойын қысқа етіп көрсететіндей киімдерді таңдамау керек.

– Дұрыс, жарасымды киім таңдауға дене-бітімінің типі ғана жеткілікті ме әлде адамның түр-әлпеті де маңызды ма?
– Мысалы, көзі үлкен, қыр мұрынды, жақ сүйегі сүйір болып келген қыздарға «драма» типажы жарасады. Тағы бір қыздар болады, қарасаңыз түрі күліп тұрған сияқты көрінетін, көздері сүйкімді болып келген нәзік. Ондай типтегі қыздарға «романтик» типажы жарасады. Және де бір қарағанда күнде көріп жүрген секілді, танысыңыз, жақыныңыз сияқты түрі сондай қыздар болады, ол адамдарды біз «натур» типажына жатқызамыз. Ал «классик» типажына көбінесе көзі, ерні, мұрны барлығы бір деңгейде орналасқан, яғни көзі, мұрны үлкен емес көлемі бірдей адамдарды классикаға жатқызамыз. Енді тек классиктер, драматиктер, романтиктер деп қана қарауға болмайды. Адамдар екі түрлі типаждың қосындысынан да болады. Бірақ соның ішінде бір типажы басым болуы мүмкін. Яғни, осыған қарап барып, адамға қандай стиль, қандай түстегі киімдерді, қандай суреттегі киімдер жарасатындығын анықтауға болады. Осылайша, адамның өңін ашатын киімдерді таңдауға болады.

Перизат САПАРОВА,
Jastar janary