Басты бет » Жаңалықтар » АФФИРМАЦИЯЛАР: ӨМІРДЕГІ ЖАҢА БАҒЫТ

АФФИРМАЦИЯЛАР: ӨМІРДЕГІ ЖАҢА БАҒЫТ

Америкалық жазушы, психолог, өз-өзіне көмектесу қозғалысының негізін салушы Луиза Хейдің «Әйел даналығы» кітабынан үзінді ұсынамыз.

Аффирмацияларды осы шақта айту міндетті. «Менде болады» «Мен осындай болғым келеді» дегеннің орнына: «Менде бар» немесе «Мен осындаймын» деңіз. Себебі келер шақта айтылған сөйлем қол жетпес арман болып алшақтай бермек.

Жұмыс кестеміз өте тығыз болғандықтан, өзімізбен жұмыс жасауға уақыт таба бермейміз. Жан дүниеңізбен жұмыс жасаудың ең тиімді жолы – достармен бас қосып, шағын оқу тобын құру. Түстен кейін немесе кешкісін аптасына бір жиналып отырсаңыз, жеткілікті. Тізімдеріңізді бірге отырып жасаңыз. Бір-біріңізге көмектесіңіздер. Мүмкін, осы кітапты талқылайсыздар. Бірнеше апта бірге жұмыстану таңғажайып нәтиже бермек. Бір-біріңізден үйренесіздер. Ұжымдық энергия өте мықты күшке ие. Сізге керегі – дәптер, айна, үлкен қорап қағаз майлық пен ашық жүрек. Топтың үлкен не кіші болғанына қарамастан, кім екеніңізді жақсырақ танып-білесіз, өміріңізді жарқын етесіз.

Өзімізге бірнеше сұрақ қояйықшы (егер оларга шынайы жауап беруге тырыссаңыз, бұл сізге өмірдегі дұрыс жолды көрсетеді):

  • Өмірімді жақсарту үшін уақытты қалай тиімді пайдалануыма болады?
  • Мен жұбайымнан нақты не күтемін?
  • Бұл жоспарларды іске асыру үшін не істей аламын? (жұбайыңыз бәрін сіздің орныңызға жасайды деп күтпеңіз. Бұл оған ауыр жүк болады).
  • Өмірімді қалай толыққанды етемін? Бұл үшін не істеуім керек?
  • Егер мен жалғыз қалсам, қайтпек керек?
  • Егер өмірімнің соңына дейін жалғызбасты болып қалсам, өкінішпен өмір сүремін бе? Жоқ, әлде әдемі өмір сүріп, басқа жалғызбасты әйелдерге жол сілтейтін шамшырақ бола аламын ба?
  • Осы кезге дейін не үйрендім? Не үйренуім керек?
  • Қоршаған әлеммен үйлесімде өмір сүру үшін не істеуім қажет?

Өміріміз жайлы өз философиямызды жасап, күш-қуат беріп отыратын өз ережелерімізді ойлап табатын уақыт жетті. Мыналар: ұзақ уақыт бойы өзіме арнап жазған ережелер жинағым:

  • Мен әрдайым қауіпсіздіктемін.
  • Білгім келгеннің бәрі маған белгілі.
  • Не каласам да, уақыт сәтімен өз ретімен іске асып отырады.
  • Өмір қуаныш пен махаббатка толы.
  • Менің сүйген адамым бар және мені де сүйетін адам бар.
  • Менің денсаулығым жақсы және күш-қуатым тасыған адаммын. Қайда барсам да, сәттілік серігім.
  • Өзгеріп, дамып отыруды қалаймын,
  • Менің әлемімде бәрі жақсы.

Мен бұл сөздерді жиі қайталаймын. Әр күнімді осы сөздермен бастап, осы сөздермен аяқтаймын. Арасында бір келеңсіз жайттар орын алса, осы сөздерді қайталап айта беремін. Мысалы, ауырып қалсам, «денсаулығым жақсы» деп әбден жағдайым жақсарғанша айта беремін. Қараңғы жерде келе жатсам, өзімді «мен қауіпсіздіктемін» деп сендіремін. Осы сенімнің өмірімнің ажырамас бір бөлігіне айналғаны сонша, оларды кез келген сәтте айтуға тырысамын. Мен сізге бүгінгі өміріңіздің мәнін ашатын тізім жасауды ұсынамын. Бұл тізімді кез келген уақытта өзгертіп, басқа ойлармен толықтырып отырсаңыз болады. Жеке заңдарыңызды жасаңыз, өзіңізге арнап қауіпсіз орта қалыптастырыңыз. Денеңізге немесе қоршаған ортаңызға қандай да бір зиян келер болса, бұл – ойларыңыз бен сенімдеріңіздің салдары. Алайда бұларды өзгертіп отыруға болады.

Басқалар сияқты менің де өмірімде қиыншылықтар мен проблемалар туындап отырады. Мен оларды шешудің жолын таптым. Қиындық туындаған сәтте өзіме былай деп айтамын: «Бәрі жақсы. Мұның бәрі менде өмірім бұдан да жақсы болуы үшін орын алуда. Нәтижесінде, тек жақсылық болмақ. Мен қауіпсіздіктемін». Немесе: «Барлығы тамаша. Не болса да, бәрі жақсылыққа қарай өзгереді, бұл жағдай сол себепті болып отыр. Соңында бәрі жақсы аяқталады. Біз қауіпсіздіктеміз».

Жоғарыдағы пайымдауларды түрлендіріп, шамамен 20 минут уақыт бойы қайталап айтамын. Қысқа уақыт ішінде миым тазарып қалады да, болып жатқан жағдайға басқаша көзқараспен қараймын немесе проблеманың шешімі табылады. Тіпті болмаса, телефонға біреу қоңырау шалып, әйтеуір бірдеңе өзгереді. Кейде уайымға салынып отырған мәселеміз өзгерсе, ойлағанымыздан да асып түсуі мүмкін. Кейде бір нәрсені өзгертуге тырысқаннан гөрі, жағдайға мойынсұну әлдеқайда тиімді болмақ.

Маған осы көзқараспен өмір сүру ыңғайлы. Қиындықтан алшақтап, өзім туралы, өмірім туралы шындықты мойындай бастаймын. Уайымшылдыққа бой алдырмай, ғаламның дұрыс жауап табуыма жағдай жасауына жол беремін. Жолда кептеліске тап болсам да, әуежайда ұшағым кешіксе де, біреумен ұрсысып калсам немесе жұмыста проблемалар туындаса да, осы аффирмацияларды қолданамын. Әрқашан жоспарыныз орындалғанына қадалып отырмай, өмірдің ағымымен жүру керек. Бұл бір қиындықтарға «жаңаша» көзқарасыңыз деп есептеңіз, сөйтіп, олардың өзінен-өзі жоғалғанын көресіз.

Біздің дамуымыз, өсуіміз бен үйренуіміз жан дүниеміздің дамуына да ықпал етеді. Жаңа нәрсе үйренген сайын, өмірді тереңірек түсінеміз. Өмірде біз үйренер нәрсе көп. Әлі миымыздың 90 пайызын зерттеп, тануымыз керек.

Өмір керемет және қызықты, мен дәл қазіргі кезеңде өмір сүріп жатқаныма қуаныштымын. Әр таң сайын аман-есен тіршілігім жалғасып жатқаны үшін өмірге алғысымды айтамын. Бес-он минут бойы жақсы ұйқы сыйлағаны үшін кереуетіме рахмет айтамын. Денеме, үйіме, жануарларым мен достарыма, иелік ететін заттарыма, күні бойы кез болатын тамаша мүмкіндіктерге – бәрі-бәріне рахметімді айтамын. Көкжиегімнің кеңеюі үшін өмірден көбірек білім, түсінік беруін сұраймын. Себебі көбірек біліп, көріп отырсақ, өмір қарапайым көрінеді. Болашағымның жақсы боларына сенемін.

АФФИРМАЦИЯЛАР

  • Мен әйел ретінде зор күш-қуатқа ие екенімді айтамын.
  • Өзімнің қандай тамаша жан екенімді түсініп жатырмын.
  • Менің жаным таза.
  • Мен ақылды әрі сұлу әйелмін.
  • Бойымдағы қасиеттерімді ұнатамын.
  • Өзімді жақсы көремін және көтеріңкі көңіл күйде жүремін.
  • Өз-өзімді әйел ретінде қабылдаймын.
  • Өміріме өзім жауаптымын.
  • Мүмкіндіктерімді кеңейтіп отырамын.
  • Кім болғым келсе де еркін таңдау жасай аламын.
  • Менің өмірім тамаша.
  • Өмірім махаббатқа толы.
  • Өмірімдегі махаббат өзімнен бастау алады.
  • Тұрмыс-тіршілігімді басқаратын да өзім.
  • Өте мықты әйелмін.
  • Махаббат пен құрметке лайықтымын.
  • Ешкімге бағынышты емеспін, еркінмін.
  • Жаңаша өмір сүргім келеді.
  • Аяғымда нық тұрамын.
  • Тек өз күшіме сенемін.
  • Жалғыздығыма байсалды қараймын.
  • Қайда жүрсем де қуанышқа кенелемін.
  • Өзімді жақсы көремін әрі мұныма рахаттанамын.
  • Мен басқа әйелдерді де құрметтеймін және қолдаймын.
  • Мен өмірден орнын тапқан адаммын.
  • Мен махаббат жолымен келе жатырмын.
  • Әйел болғаным ұнайды.
  • Дәл қазіргі сәтте аман-есен болғаныма қуаныштымын.
  • Өмірім махаббатқа толы.
  • Дәл қазіргі сәтте жалғыз болғанымды тағдырдың сыйы деп білемін.
  • Толыққанды біртұтас тұлғамын.
  • Өзіме қажеттінің бәрін аламын.
  • Мен әрдайым өзімді дамытып отыруға қорықпаймын.
  • Қауіпсіздіктемін және айналамда барлығы дұрыс.

ДЕНСАУЛЫҚТЫ НЫҒАЙТУҒА АРНАЛҒАН МЕДИТАЦИЯ

  • Өзімнің керемет әйел екеніме сенемін.
  • Басымдағы жағымсыз ойлар, қорқынышқа толы идеялардан арыламын. Себебі олар менің мықты болуыма кедергі келтіреді.
  • Қазір аяғыма нық тұрып, өзіме қолдау көрсетемін, еркінмін.
  • Өз бетіммен шешім қабылдаймын.
  • Менде қажеттінің бәрі бар. Мен өз дамуымнан қорықпаймын.
  • Мен жаңа нәрселерге ашықпын, бойымнан жаңа күш тауып, мүмкіндіктерімді жүзеге асырамын.
  • Айналамдағы адамдар мені жақсы көреді.
  • Мен басқа әйелдерді қолдаймын, оларға көмектесемін.
  • Болашағым нұрға, бақытқа, бейбітшілік пен сұлулыққа толы.

Міне, осылай!

 

Есіңізде болсын: Аффирмациялар – жаңа өмір бастауда қолданылатын жағымды пайымдаулар. Әйел ретінде сізге күш-қуат сыйлайтын аффирмацияларды таңдаңыз. Күн сайын төмендегілердің кейбіреуін болса да айтып отырыңыз.

Есіңізде болсын: Санаңыздағы кішкентай өзгеріс өміріңіздегі күрделі проблемаларды шешуге сеп болуы мүмкін. Тағдырыңызға дұрыс сұрақ қойсаңыз, тағдыр да сізге мүлтіксіз жауап қайырады.

Өзгертулерімізді іске асырудың көптеген әдісі бар. Кемшіліктерімізді де қарастырып, қай жеріміз бұрыс деп емес, бізге алға жылжуға, дамуымызға не кедергі екенін анықтаған дұрыс. Өзімізді тығырыққа тіремей-ақ, кедергілерден құтылып, өзгеріске қол жеткіземіз. Иә, сол тосқауылдардың біразы – балалық шақтан қалып кеткен ойлар. Бұлар – біз қалаған нәрсе емес, әлдебіреудің наным-сеніміне қосыла салғанымыз. Кезінде бұл ойларды біреуден үйренген болсақ, енді олардан арылатын кез келді. Өзімізді жақсы көруді қалайтынымызды мойындаймыз. Біз өзімізді жақсы көруді және бағалауды үйренуіміз керек. Ол үшін келесідей ережелерді білгеніңіз жөн:

  1. Өзіңізді сынай бермеңіз. Бұл түк қажетсіз әрекет, ешқандай жақсылық әкелмейді. Өзіңізді кінәламаңыз, мойныңыздағы бұл жүкті алып тастаңыз. Өзгелерге де мін тақпаңыз, себебі біреудің бойынан тапқан кемшіліктер – өз бойымыздағы ұнамайтын қасиеттердің көрінісі. Басқалар туралы жаман ойласақ, өмірімізде қиындықтар туындайды.

Мен өзімді жақсы көремін және қолдаймын.

  1. Өзіңізді қорқыта бермеңіз. Өзіңізді қорқыта беруді доғарыңыз. Біз неше түрлі ойларға беріліп, көбінесе өзімізді үмітсіздікке итермелейміз. Басымызға бір сәтте екі бірдей ойдың келуі мүмкін емес. «Жақсы сөз – жарым ырыс» демекші, жақсы ойлайық. Осылай ғана өміріміз жақсы жаққа өзгермек. Егер қорқа бастасаңыз, былай деп айтыңыз:
  • Қорқудың қажеті жоқ.
  • Мен әрі қарай өмірдің бар рахатын сезінемін.
  • Мен таңғажайып керемет әйелмін.
  • Менің өмірімде қорқыныш жоқ.
  1. Өзіңізге көбірек уақыт бөліңіз. Кей кездері басқа адамдармен қарым-қатынас құрамыз деп, жеке басымызды ұмытып кететініміз бар. Өзімізге өте аз уақыт бөлеміз. Ең дұрысы, өзіңізге көбірек уақыт бөліп, өзіңізді жақсы көріңіз. Жүрегіңіз бен жан дүниеңізге үңіліңіз.

Менің сүйікті адамым – өзім.

  1. Бәріне ұнайтындай кейіпте жүріңіз. Жеке басыңызды құрметтеңіз әрі бағалаңыз. Өзіңізді жақсы көрсеңіз, басқалардың да сізді жақсы көруіне жол ашасыз. Махаббат заңдылығы нені ұнатпайтыныңызға негізделмейді, керісінше, нені қалайтыныңызға бағытталған. Жеке басыңызға назар аударыңыз.

Дәл осы сәтте өзімді толықтай жақсы көремін.

  1. Тәніңіздің саулығына назар аударыңыз. Сіздің денеңіз – баға жетпес құндылық. Егер ұзақ әрі толыққанды өмір сүруді қаласаңыз, тәніңіздің сау болғанын қадағалаңыз. Бет-жүзіңіз ажарлы, бойыңыз күш-қуатқа толы болуы керек. Тамақтану мен жаттығу бұл ретте өте маңызды рөл ойнайды. Соңғы деміңіз қалғанша денеңіздің мығым болуына мән беріңіз.

Денім сау, бақытты және толыққанды жанмын.

  1. Білімді болыңыз. Көп жағдайда ананы-мынаны білмеймін, мұны қалай жасаймын деп арыз айтып жатамыз. Алайда біз ақылды әрі зерделіміз, білмегенді үйрене аламыз. Білім нәрімен сусындататын кітаптар, аудиолар, курстар өте көп. Оларға төлейтін ақшаңыз болмаса, кітапханаға барыңыз. Тіпті, тегін үйрететін оқытушыларды да табуға болады.

Әрқашан үйреніп, дамып отырамын.

  1. Болашағыңызды қазірден ойлаңыз. Әр әйелдің жеке қаржысы болуы керек. Мұны естен шығармаған жөн. Өз ақшамыз сенімділігімізді арттырып, өз-өзімізді құрметтеуге сеп болады. Аз-аздан жинап бастауға болады. Осы мәселеде төмендегі аффирмациялар көмекке келеді.

Мен әрқашан табысымды көбейтіп отырамын.

Қайда болсам да табысқа жетемін.

  1. Шығармашыл болыңыз. Шығармашылық дегеніміз – сізді толықтырып тұратын кез келген іс-әрекет. Тамақ пісіруден бастап ғимараттың жобасын жасау болсын, бәрі-бәрі шығармашылыққа жатады. Оған да уақыт табу керек. Егер балаларыңызға қарауға уақыт жетпей жатса, жақын құрбыңыздан көмектесуін өтініңіз. Ал келесі жолы сіз оған көмекке келерсіз. Міне, осылай кез келген нәрсенің шешімін табуға болады.

Шығармашылығыма әрқашан уақыт табамын.

  1. Махаббат пен бақыт өміріңіздің ең маңызды тұсы болсын. Жақсы көңіл күй әрқашан сізбен бірге. Тек оны іштей сезіне білу керек.

Өміріңізді қуаныш, махаббат және бақытқа құрыңыз. Егер біз бақытты болсақ, онда біздің шығармашылық қабілетіміз артады, жаңа ойлар мен идеяларға ашық боламыз, әр кішкентай нәрсеге қуана білеміз. Осыған орай келесідей аффирмация қолданыңыз:

Мен қуанышқа кенелемін, мен бақыттымын.

  1. Адал болыңыз, әрқашан сөзіңізде тұрыңыз. Өзіңізді құрметтеп, қадірлеу үшін, ниетіңіз түзу болуы керек. Сертіңізді орындауға үйреніңіз, алайда уәдеңізде тұра алмасаңыз, өзіңізге де, өзгеге де серт берудің қажеті жоқ. Қолыңыздан келетініне әбден көз жетпейінше, ертең диета ұстаймын немесе күнде жаттығамын деп сөз берудің қажеті жоқ. Алдымен өзіңізге сенуіңіз керек.
  2. Өмірмен тығыз рухани байланыс орнатыңыз. Бұл ерекше байланыстың біздің діни нанымдарымызға қатысы болуы да, болмауы мүмкін. Бала кезімізде бізде таңдау болған жоқ. Есейе келе, рухани бағытымыз бен наным-сенімімізді таңдауға мүмкіндік туады. Кей кездері өзімізбен сөйлесу үшін жалғыз қалуымыз керек. Ішкі жан дүниеңізбен қарым-қатынасыңыз – ең маңызды іс. Тыныштықта отырып, ішкі бағыт-бағдарыңызбен байланыс орнатыңыз.

Рухани сенімім мені қолдап, тұлға ретінде қалыптасуыма септігін тигізеді.

Жоғарыда айтылған аффирмацияларды әбден түсініп, өміріміздің бір бөлігіне айналмайынша, оларды қайталай беріңіз, өзгертіңіз және толықтырып отырыңыз!