Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда елде қызу талқыланып, көкейде жүрген мәселелер көтеріліп, маңызды шешімдер қабылданды. Мемлекет басшысының баяндамасында нақты идеологиялық басымдықтар анықталып, тың идеялар айтылды. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Жасанды интеллект, цифрландыру, жаһандану кезеңінде кез келген мемлекеттің бәсекеге қабілетті болуы – бірінші кезекте қоғамдық институттардың өзгеруіне, бейімделуіне, ұлттың бірегейлігіне, құндылықтар қалыптастыруына, ғылым мен білімнің дамуы мен заманауи қоғам құру мәселелеріне тікелей байланысты.
Міне, қай мемлекет осы сұрақтарға жауап берсе, қоғамын жаңғыртуға тырысса, сол мемелекеттің болашағы болады. «Әйтпесе, басқа реформаның бәрі бекер. Бір сөзбен айтсақ, пиғыл өзгермесе, ештеңе де өзгермейді» -деп Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, оның маңыздылығы дәл осында.
Өзіме ерекше ұнаған тұстарымен бөліскенді жөн санап отырмын.
«Адал адам» концепциясы. Президенттің қайта-қайта айтып жүрген Абайдың «Толық адам» концепциясымен үндескен, рухани жетілген, кемеліне келген, жан-жақты дамыған, Әділетті Қазақстан азаматының образы және жалғасы деп айтуға болады. Білім саласы үшін де бұл темірқазық болатын идея.
Мемлекеттік наградаларды еліміздің тарихында ерекше орын алған, сүйікті ұлдарының атымен атау көп мемлекеттердің тәжірбиесінде бар екенін білеміз. Енді біздің елде Бейбарыс сұлтан, Әбу Насыр әл-Фараби, Абай, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы марапаттардың болуы – өте тиімді шешім деп санаймын.
Балаларды кітап оқуға баулу туралы Президент бұның алдында да тапсырма берген еді. Біз 2020 жылдан бастап «Оқуға құштар мектеп» жобасын бастап, мектептерімізді 3 миллионнан астам әдебеттермен қамтамасыз еттік. «Балалар кітапханасы» атты жаңа бағдарлама бұл салаға жаңа серпін беретін болады. Қазір «Мазмұндама», «Daryn Books», «Steppe & World Publishing» сияқты баспалар осы жұмыспен айналысуда. Енді мемлекеттің қолдауының арқасында бұл жұмыс тиімді іске асады.
Біздің депутатар осы тұрғыда арнайы заң жобасын дайындап жатқанын айтқым келеді. Жақында Үкіметке қорытынды алуға жібереміз. Сол заңда Президенттің тапсырмаларын қамтимыз. Қосымша кітап дүкендерінде белгілі мөлшерде қазақ тіліндегі кітаптарға міндетті түрде орын бөлу туралы ұсыныс та қаралып жатыр. Кезінде «телевидение мен газеттер үшін 50% мемлекеттік тілде болу керек» деген норма енгенде, талай дискуссия болды. Бірақ бүгінде бұл шешімнің дұрыс екеніне көзіміз жетті.
Тәрбие – тал бесіктен. Мектептердегі тәрбие жұмысын жітілдіру мәселесі бойынша кешенді Концепция бекіту маңызды деп ойлаймын. Бұл құжатты бір жыл бойы ғалымдар мен мамандар дайындады, енді бекіту ғана қалды. Осы шешім Президенттің бүгінгі ұсыныстарымен толығымен үндеседі деп санаймын.
Оқушыларды еңбекке баулу мәселесі де көтерілді. 2022 жылы еңбек пәні 1 сыныптарда бөлек пән ретінде қайта енгізілген болатын. Бұл жұмысты Президенттің бастамасымен ұштастырып, тиімді іске асыру үшін мектептерде қажетті материалды базамен қамтамасыз ету керек болады. Бұл еңбек қоғамын құрудағы маңызды бастама.
Тағы бір маңызды мәселе – балалардың театр, мұражайларға барып, мәдени дамуы. Мемлекет басшысының бүгінгі тапсырмасының шеңберінде тиісті министірліктер осы мәселені қолға алады деп сенеміз. Аталған идеяны тиімді іске асырудың бір жолы – бюджеттен арнайы мемлекеттік тапсырыс енгізу.
Шекаралас аудандарды қайта ашу – Ұлттық қауіпсіздіктің мәселесі. Сондықтан жаңа Қатон-Қарағай, Марқакөл және Мақаншы аудандарын тұрғындарын осы жаңалықпен құттықтаймын. Енді осы аудандардың қалыпты дамуы үшін мектептер жілісінің нормативіне де өзгерістер енгізу керек.
Нашақорлықпен күрес, құмар ойындардан сақтандыру, вейп мәселесімен айналысу сияқты қоғамда қызу талқыланып жүрген проблемалар бойынша да тапсырмалар берілді.
Біздің ғалымдарымыздың көтеріп жүрген тағы бір мәселесі бар еді. Ол – белгілі бір шешім қабылдағанда, реформалар жүргізгенде кәсіби зерттеулерге сүйену. Президент бүгін осы мәселеге де бөлек тоқталды. “Ғылым мен зерттеуге негізделген саясат табысты болады”.
Шыны керек, мемлекеттік органдардың біраз бастамаларының сәтсіз іске асырылуының бірден бір себебі де – алдын ала зерттеулердің болмауында еді.
Осы қабылданған шешімдерді іске асыру үшін заңнамалық өзгерістер де қажетті болады. Осыған орай, біздің Комитеттің құзыретіне кіретін сұрақтар бойынша тиісті жұмыс жүргіземіз.