Басты бет » Жаңалықтар » Балалар жырының бағбаны

Балалар жырының бағбаны

Өңіріміздің тума-таланттарының ішінде өзіндік өлеңдерімен, балаларға арнаған тың туындыларымен ерекшеленетін өнер иесі Шарифолла Сәниевтің туғанына — 90 жыл.

Осыған орай, Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданының Жұбан ауылдық комьюнити кітапханасында “Балалар жырының бағбаны” атты әдеби кеш өтті.

Шарада балабақша тәрбиеленушілері ақынның түрлі, қызықты балаларға арналған туындыларын оқыды. Маруся әже ақын өлеңіне жазылған жерлес сазгер Ж.Қуанғалиевтің “Көкте жұлдыз, жерде гүл демеймін” әнін әуелетсе, Рамазан атамыз, Мәдениет үйі жетекшісі Гүлсара апамыз ақын шығармашылығына шолу жасады. Белсенді оқырман Рүстем ақынның өмірдеректерінен, Қадыр ақынмен достығы турасындағы үлкендердің естелігімен бөлісті.

Шараға қатысушыларға Астана қаласындағы жерлесіміз Венера Мұратқызының “Әсем-ай” баспасынан шыққан ұлттық нақыштағы ертегілер бейнеленген боямақтарды сыйға берілді. Ақынның ағайындарының естеліктері экран арқылы көрсетілді.

*****

Шарифолла Сәниев 1933 жылы 29 қаңтарда Батыс Қазақстан облысы, Тайпақ ауданының Сайқұдық ауылында дүниеге келген.
1951 жылы Стерлитамак қаласында авиация кіші мамандарын даярлайтын мектепті бітіріп, самолет жабдығының электр жүйесін жөндеуші, ауылда жүргізуші, тыңда жұмысшы, Жымпиты аудандық «Қызыл ту» газетінде тілші, баспахана меңгерушісі болған. 1978 жылы Алматының полиграфия комбинатында, содан соң №2 автобус паркінде зейнетке шыққанша еңбек еткен. «Құлыншақ» журналында жауапты хатшы қызметін атқарды.
1969 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан «Жас керуен» деген жалпы жинаққа бір топ өлеңі енген. Содан бері қарай «Сапар» (1971), «Бір тілім ай» (1989), «Еркелер мен серкелер» (1991), “Балбұлақ” (2014) атты жеке жинақтары жарық көрген.

Мейірман Шәкенов, 
Батыс Қазақстан облысы
Ақжайық ауданы 
Жұбан ауылы