Басты бет » Жаңалықтар » АНАМЫЗДАН ҚАЛҒАН АҚ ЖАУЛЫҚ

АНАМЫЗДАН ҚАЛҒАН АҚ ЖАУЛЫҚ

 

Тұрар Сәтттарқызы,

тарихшы, этнолог

Ана сөзі, ақ жаулық ұғымымен байланысты. Ақындар жырларында, жазушылар шығармаларында ана мен ақ жаулықты бір ұғым деп сипаттаған.
Біздің де есімізде де аналарымыз ақ жаулығымен, әжелеріміз ақ кимешегімен сақталған.
Бүгінде ақ кимешекті әже көрсек, жүрегіміз елжіреп, ерекше бір сезімге бөленіп, балалығымызды, ауылымызды сағынып кетеміз.
Ертең бүгінгі апалардың немерелері біздің әжелеріміздің шашы түрлі-түске боялған, жалаңбас еді?,-деп естеріне алады ма екен?,-деген ой келеді кейде.

Бүгінгі орта жасқа келген сарықарын әйелдер түгілі әже жасына жеткен апалардың көбі орамал да, жаулық та тақпайды.
Ақ жаулықты ана, ақ кимешекті әже деген ұғым бүгінде өзгерген.

Әлі есімде, Дәурентайым 4-5 жас кезі. Анашым, сіз “өскенде” (қартайғанда емес), менің балам болғанда, нағыз әже боласыз ғой дейді. Балам, ол қалай? – десем, басыңызға мынандай аппақ киесіз деп, ертегі кітаптағы кимешек киген әженің суретін көрсетіп тұр.

Сары балам айтқандай, Жаратқаным, сол күнге жеткізіп, немерелерім туғанда қарқарадай аппақ кимешек киіп, нағыз әже болып жүрейін. Өмірден өткенде немерелерім ақ кимешекті әжелерін есте сақтап сағынатын болсын.

Əжелеріміз «Шаш-Тəңірдің сыйы», – деп шашты қатты құрметтеген.
Əйелдің көркі -шаш, шашта кие бар деп, шашын кеспеген. Шашқа көз тиеді деп шашбау, шолпы таққан. Ұзын шашты орынсыз кесу үлкен қасіретке ұшыратады деп сенген.
Ғалымдар адам шашы мен денсаулығының арасында тығыз байланыс барын дəлелдеген. Əйелдердің шашы Инь қуатына бағынатынын айтады.

Бұл қуат қыз-келіншектердің бойына жұмсақтық, мейірімділік, байыптылық, кешірімділік тəрізді қасиеттерді дарытады екен.
Шаш күш жинағыш қасиетке ие. Қытайдың əскери өнерді меңгерген батырлары мен жақсы-жайсаңдары туралы көркем фильмдерінде өздерінің биоэнергиясын басқара алатын монахтар барлық күш-қуатын бұрымдарына жинап, оны қару ретінде қолданады. Қазіргі ғылым оның ақиқат екенін дəлелдеп қана қоймай, шаштан əр түрлі «хабар» алуды да үйрене бастады. Оған нақты дəлел: криминалистер бір тал шашы арқылы иесінің анаша тартатынын анықтайды екен…

Бүгінде қыз-келіншектер ұзын шаштарын жайып жүреді. Бұрында қазақ қыздары ешқашан шашын жайып жүрмеген.
Шашты тек қайғы-қасіретке ұшыраған уақытта жайып, жоқтау айтқан.

Əжелеріміз, аналарымыз шашын теріс энергиядан сақтау үшін жаулық таққан.
Отбасын энергетика деңгейінде сақтап, қорғау мақсатында жаулығын тастамаған. Қайғы-қасірет пен жаманшылықтан сақтаған.
Өйткені жамандықтың барлығы шаштың ұшына жабысып, үйге кіруі мүмкін деп ырымдаған.

Жайылған шаш – күш-қуатты бекер ысырап ету болып саналатын. Әрбір әйел өзінің рухани құмырасының толысуын шашына күтім жасай жүріп бақылап отырған.

Қазақта: «Әйел орамал тақпаса арын ұмытады, күйеуі­нің барын ұмытады, шашы тамаққа түседі, үйіне келген қонақтың назары түседі», – деген сөз бар.

Міне, осылайша талай ақынның жырына, қазақтың нақыл сөздеріне арқау болған орамалдың қадірі бүгінде әжептәуір төмендеп кеткеніне іштей қынжыласың.

Негізінде, орамал – ана екеніңді, біреудің Құдай қосқан жары екеніңді, ақ-адал ниетпен аттаған шаңырағың бар екенін білдіретін белгі. Оның басты қасиеті де осы!
Əжелеріміздің ақ жаулықты қадірлей білгендерінің себебі мен астарына үңіліп, бабалар үрдісін жалғай түссек, туымыз жығылып қалмас.

Әйел затының кіршіксіз ары мен ниетінің белгісі саналатын орамалды тартудың физиологиялық жағынан пайдасы мол екені мамандар тарапынан арагідік болса да айтылып жүр.

Бұл жөнінде медицина ғылымдарының докторы, профессор Қарлығаш Тоғызбаева өзінің бір сөзінде: «Ер адамдар көбіне көктен, әйелдер жерден қуат алады. Сондықтан да болар, әйелдің шашы, магнит тәрізді, ауадағы кір, лас қуатты жинағыш келеді. Бұл да оның, әсіресе, бас ауруына ұшырауына әсер етеді. Менің өз тәжірибемде кездескендей, орамал тартқаннан кейін «басының сақинасы», өзге де дерті жазылып кететіндер аз емес.

Бұған қоса, ашық-шашық жүрген әйел көктен өзіне қажет емес артық қуат алады, нәтижесінде ағзада гормон жүйесінің бұзылуы етек алып, жыныс мүшелеріндегі қатерлі ісік және өзге де ауруларға жол ашады» депті. Жаны бар сөз.

Қазақта орамалдың қадір-қасиетін ұқтыратын әдет-ғұрыптар мен жөн-жоралғылар баршылық. Солардың бір мысалы ретінде араша үшін ортаға орамал тастау ишарасын айтуға болады.

Араға жаулық тастау ғұрпы көбіне қыз, жесір дауы орын алып, екі рулы елдің арасы бүлінуге шақ қалған кездерде болған.

Бұдан бөлек, басқа да келеңсіз жағдайлардың кесірінен туындаған ағайын арасындағы тартыс кезінде, тіпті, бүкіл ел өміріне зардабын тигізетін оқиғалар барысында беделі жоғары, сыйлы аналар тараптарды арашалап, бейбіт келісімге, мәмілеге келуге шақыру мақсатында ақ жаулығын ортаға лақтырған.

Ал ананы сыйлайтын, ақ жаулықтың қасиетін бағалайтын ер азаматтар әлгі орамалдан аттап өтуді ар санап, оның киесінен тайсақтап, қара күшке емес, сөзге жүгініп, келісімге келген.

Орамалдың осындай қадір-қасиетін бүгінгі замандастарымыз біліп жүрсін.

Замана ағымымен қазақ әйелдерінің басынан сыпырылып қалған, ақ жаулығы, әжелеріміздің аппақ кимешегі өзіне қайтып, арымыз бен ұятымыздың, ұлттық құндылығымыздың ақ туындай желбірей берсін, лайым!