Басты бет » Жастар үні » Ізгі қасиетімен әлемге танылған қазақ баласы

Ізгі қасиетімен әлемге танылған қазақ баласы

Қайырымды ісімен танылған қазақ. Австралияда тұратын отандасымыз Рустам Разиев бүгінде тек мұхиттың арғы жағында емес, өзінің игі қадамдарымен әлемге таныла бастады. 4 млн-ға жуық халқы бар Мельбурн шаһары оны өзінің туғанындай санайды. Себебі, қазақтың қарапайым баласы мұқтаж жандарға әрқашан қол ұшын беріп, қолдау көрсетіп келеді. 

Қайырымды жан туралы «Qazaqstan» ұлттық арнасының тілшісі Дарын Сағитов арнайы репортаж дайындаған екен. Аталған репортажды біз де оқырмандарымыз үшін жазбаша жариялауды жөн көрдік. 

«Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» дейді. Қазақ баласы Рустам Разиев супермаркеттерде мұқтаж жандарға, егде жастағы немесе көпбалалы аналарға көмектеседі. Алған азық-түліктерін төлеп береді. Жоқ-жітікке қарасады. Мұқтаждардың талған өзегіне талғажау табуға тырысады. Бәрі маңдай термен тапқан ақшасы. Мұндай игі амалдарды Рустам көбіне Рамазан айында жасағанды әдетке айналдырған.

Рустам Разиев, Мельбурн қаласының тұрғыны:

– Мұндай іспен айналысқаныма 6 жылдай болып қалды. Басында видеоға түсірмейтінмін. Менің амалым көпке үлгі болса деймін. Адамдар бір-біріне мейірімді, қайырымды болса екен деп армандаймын. Басында 30, одан кейін 120 адамға дейін көмектестім. Кейбіреулері көздеріне жас алып, рахметтерін айтады. Олардың күлімдегені мен үшін үлкен сый. Биыл Рамазан айынан бері шамамен 5000 доллар жұмсадым, – дейді.

Рустам 30 жаста. 2006 жылға дейін Алматыда оқыған. Тұманды Альбионда тілдер курсын оқып, артынша Қазақстанға оралған. Оқуын төлеуге ата-анасының жағдайы болмаған соң бірнеше жыл такси жүргізген Рустам 2011 жылы Австралияға аттанған. Содан бері сол жақта білім ала жүріп, даяшы, кассир, ыдыс жуушы болып табыс тапқан. Қазір брокер-кеңесші.

Қазір Рустам туралы әлеуметтік желі мен британдық және аустралиялық ақпарат құралдары жарыса жазып жатыр. Бәрі қазақ баласының қайырымды ісіне тәнті. Рустамның қазіргі таңда әлеуметтік желіде 8 млн-ға жуық оқырманы бар.

– Өзіме ақша аз шығындаймын. Үстімдегі киімдер компаниянікі. Тегін. Тамағым бар, пәтер жалдап тұрамын. Басқа маған не керек? Бәріне шүкір деймін. Адам бақытты болса, жақсылық жасауға құштар болады. Ол үшін бай болу маңызды емес. Мен қарапайым отбасында дүниеге келдім. Сол үшін бақыттымын. Ата-анам жақсы тәрбие берді. Барлығы соның жемісі болса керек. Мұқтаж жандарға қолдау көрсету – бала күнгі арманым, – дейді Рустам.

Қаржыгер қазақ қазір біліктілігін арттырып жүр. Әлі де оқып, білім алуды жалғастыра бермек. Оның бөілек, қоғамдық тамақтану саласында шағын кәсібін де бастады.

«Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» дегенді ұстанған Рустам елге қайтуым да мүмкін» дегенді де айтып қалды.

Рустам: «Мен Қазақстанды қатты сағындым. Қазақстанға сәлем!»

Дарын Сағитов,

Мұхит Рамазанұлы

«Qazaqstan» ұлттық арнасы