Басты бет » Жаңалықтар » АЙНА МЕН ҚАРА ЖЕР

АЙНА МЕН ҚАРА ЖЕР

Хазіреті Мәуләна Румидан бір хикмет
Бірде қара жер айнаға:
– О, айна! Сен қандай бақыттысың, саған адамдар күнде қарайды, ал маған көзінің қиығын да салмайды, – деп мұңын шағады. Сонда айна оған жауап қатады:
– О, қара жер! Мен адамдарға тек бүгінгісін ғана көрсетем, ал сен ертеңгісін көрсетесің.
Айнаның бұл сөзіне риза болған жер:
– Айнажан, сен маған бұл сөзді көңілімді жұбату үшін айтқан шығарсың. Алла риза болсын, рахмет. Алайда күнде саған қарап үйренген адамдар аяғының астындағы мені қайтсін, олар маған қарамайды ғой, – деп одан бетер тұнжырайды. Жарқыраған сұлу айна демде:
– О, жер ана! Сен бұлай мұңайма, таусылма! Адамдар саған қалай қарамасын, қарайды. Маған күнде қараудан жалыққан адам күндердің бір күнінде басы салбырап, сенің жүзіңе көзі түсетін болады. Сонда адам баласы сенің жүзіңнен өзінің ертеңін көреді. Баратын жағын біледі. Саған қарамау мүмкін бе? Мүмкін емес қой, – дейді. Жер ана сұлу айнаның осы сөзінен соң күрсінгенін қойып, тынышталған екен.
Аударған:
Мұнайдар Балмолда