Мемлекеттік рәміздер – ұлттық намысымызды қозғайтын ұлы қасиет. Өмірге келген әр жаңа мемлекеттің өзінің Туы, Елтаңбасы, Әнұраны болатыны тәрізді біздің мемлекетіміздің де өзіндік символдары бар. Бұл рәміздер саяси тәуелсіздік пен мемлекеттік егемендіктің бірегей белгілері болып саналады. Аталмыш символдар ұлтымыздың тарихы мен болмысын әйгілейді. Ата Заңымыз бойынша, рәміздеріміз еліміздің еркіндігі, тәуелсіздігі және егемендігінің символы, тіпті оларды “Мәңгілік Ел” ұғымымен астастыруға болады.
Еліміздің мемлекеттік рәміздері 1992 жылы бекітілгені белгілі. Отыз жыл бойы Туымыз, Елтаңбамыз мен Әнұрамыныз халқымызды рухтандырып келеді. Тіпті, сөзін ақын Алмас Ахметбекұлы жазған “Көк тудың желбірегі” өлеңі әр қазақтың бойына Отанға деген, елге деген, мемлекеттік рәміздерге деген жүрек отын тұтатады емес пе?
Ақиық ақын Ғафу Қайырбеков ағамыз қолма-қол ағынан жарылып:
“Бәрі де тұр жазылып сенде байрақ,
Дәл қазір желбіреген желмен ойнап.
Үстінде Ақ орданың жалғыз жалау-
Аспанның елшісіндей келген жайнап”, – деп шалқыды. Әттең, осы өлеңдегі нәрлі сөздердің мағынасын «Shiza» секілді әншісымақтардың жетесіне жеткізер кім бар екен… Бүгінгі таңда, киелі дүниелерді киелі сахнада қорлау кешірілмес қателік. Тіпті, халықтың өзі әлеуметтік желіде сахнаның қадірін кетіргендерге қатаң шара қолдануын талап етіп отыр. Ол дегеніміз, ұлттық құндылығымызды таптап, сахнада боқауыз сөздер айтқан «Ирина Кайратовна» және «Шиза» есімімен танылған жастарды мүлде сахнаға жолатпау дегенді білдіреді. Әй, бірақ, санасы төмен адамға айттың не, айтпадың не?!
Қорытындылай келе, көңілі ояу жандарға мемлекеттік Ту мен мемлекеттік Елтаңбаның әр деталі, мемлекеттік Әнұранның әрбір саздық иірімі мен әр жолы өзінше сыр шертеді. Олар туралы көбірек және тереңірек біле түскен сайын, мәні мен мағынасын да кеңірек әрі нақтырақ ұға түсесің. Мемлекеттік рәміздерге құрмет әрбіріміздің жүрегімізде болуы тиіс. Себебі, құрмет жүрекпен жасалмайынша, бәрі бекер!
Арнагүл Уатхан,
ЕҰУ Журналистика факультетінің
2-курс студенті