Басты бет » Жаңалықтар » Жастармен өткен келелі басқосу

Жастармен өткен келелі басқосу

Тұрар СӘТТАРҚЫЗЫ,
этнолог, тарихшы, журналист

Бүгінгі таңда әлемде болып жатқан жаһандық үдерістердің қарқыны көз ілеспес жылдамдықпен белең алуда. Мәдени мұрамызды, ұлттық өрісімізді, өркениеттік әралуандылықты жоғалтып алу қаупі туындап отыр. Қазіргі күннің ең өзекті мәселесі – ұлттық болмысымыздан ажырап барамыз.

Халқымыздың қабырғасын қайыстырып, елімізді дүрліктіріп, мемлекет тыныштығын бұзған кешегі қанды «Қаңтар қасіретінен» кейін қазақстандық қоғамның рухани әлеуетін көтеру — бүгінгі күннің өзекті тақырыбы. Соның ішінде өскелең ұрпақтың — жастардың рухани-өнегелік тәрбиесіне жіті қарау керектігін көрсетті.

Бүгін Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ұйымдастыруымен ҚР Премьер-министрі Е.Л. Тоғжановтың төрағалығымен жастармен кездесу өтті.

Өскелең ұрпақ тәрбиесі мәселесін көтеріп жүргендіктен шараға менде шақырылдым. Еркін диалогтағы форматта өткен шараға жастар ұйымдарының өкілдері, жас кәсіпкерлер, белсенді жастар мен студенттер қатысты.

Кездесу барысында жастар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, оларға тиісті жауаптарын алды, идея бастамаларын және олардың шешу жолдарын ұсынып жатты.

Ералы Лұқпанұлы қойылған сұрақтарға жауап беріп мәселенің шешу жолдары жайлы ақыл-кеңесін айтып, құзіретті мекеме өкілдеріне тапсырмалар берді.

Биыл «Балалар жылы» деп жарияланды.

Бүгінгі бала – ертеңгі ел болашағы, мемлекеттің азаматы. Ал өскелең ұрпақтың өнегелі, өрелі, мықты, рухты болып тәрбиеленуі үшін ең алдымен тағылымды тәрбие мен сапалы білім қажет.

«Жаңа Қазақстан» деп жатырмыз. Бұл бастаманың негізгі тірегі жастар болуы керек. Қазіргідей өтпелі кезеңде ең бірінші қолға алатын ісіміз – ұрпақ тәрбиесі болуы тиіс. Ұлт болашағы ұрпақаралық сабақтастықтан туындайтындықтан, қандай да болсын мемлекеттің кемел келешегі жастарға тәуелді.

Егер біз бүгін өскелең ұрпақтың бойына ұлттық рухты сіңіріп тәрбиелемесек, ұлт мұрасын жастарға аманаттамасақ, жастар ол аманатқа берік болмаса, ел болашағы бұлыңғыр болмақ.

Өзімді толғандырған өскелең ұрпақтың рухани-өнегелік тәрбиесіне қатысты ой-ұсыныстарым мен шешу жолдарын және тың жобаларымыз жайлы ойыммен менде бөлістім. Тек «құрғақ сөзбен» емес, нақты іс жасап жүргенімізді атап өттім. Ұрпаққа қажетті дүниенің іске асырылуы үшін неге талай есік қағылып, талай табалдырық тозуы керек екенін және ұрпақтың рухани-өнегелік тәрбиесіне қатысты жобаларды іске асыруға кедергі көп болатынын да баса айттым.

Неге ұрпақ тәрбиесіне аналар ғана алаңдауы керегі жайлы да сөз қозғадым. Сөйлеген сөзім менің ғана емес, ұрпағының болашағына алаңдаған барша қазақ аналарының жан айғайындай болды.

 

Ұлт тағдырына алаңдаған аналардың аманатын арқалап тұрғандай сезіндім.

Ұлт болашағын ойлап, ел ертеңіне алаңдап, біреуі этнолагерь ашамын, енді біреуі ұрпақ тәрбиесімен айналысамын, тағы біреуі журнал шығарып, ұлттық боямақ шығарып «жарғақ құлағы жастыққа тимей» жүретін қазақтың аналарының, қазақ қыздарының жобаларын да айтып өттім.

«Балалар жылы» аясында балаларға қатысты жобаларымызға қолдау жайлы ойларымды мұқият тыңдаған Премьер-министрдің орынбасары Е. Тоғжанов қабылдауына шақырды.

Енді бәз-баяғыдай «Баяғы жартас, бір жартас» болмай, жан айғайым естір құлаққа жеткеніне, қазақ аналардың аманатына қиянат жасамайтынына сенгім-ақ келеді.

Арада іспен емес, сөзбен «орақ оратындар», небір «кедергілер», «ақылмандар» кездесіп қалмаса, ел билігіндегілер еститіндей-ақ жеткіздім. «Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайды» болмай, ұрпақ тәрбиесіне алаңдайтын мемлекетті көріп кеткім келеді.

Енді кездесуді күтемін.

Әйтеуір “Әр ұрпақ өзіне артылған жүкті жетер жеріне апарып тастағаны дұрыс, әйтпеген де, болашақ ұрпағымызға аса көп жүк қалдырып кетеміз”,-деп Әлихан атамыз айтпақшы, Алаш аманатына берік болып, болашағымызға арқалар көп жүк тастап кетпелікші!