(ҒИБРАТТЫ ӘҢГІМЕ)
Ертеде бір қалада бір адам өмір сүріпті. Күндердің бір күнінде ол әлемнің кемеліне жетпегеніне көзі жетеді. Бұл ой ерте ме, кеш пе, кез келген адамды мазалауы заңды ғой. Алайда бұл адам ерекше адам еді. Ол әр ойын, іспен дәлелдеуге машықтанған еді. Сөйтіп, ол әлемді өзгертпек болып, іске кіріседі. Ол әлемді сұлу, тартымды, мейірбандыққа құштар етіп жетілдірмек болды. Ол: «Маған жеті жыл уақыт беріңіздер. Жеті жылдың ішінде мен әлемді өзгертемін!» – дейді. Осы жеті жылдың ішінде бұл адам әр түрлі мемлекеттердің басшыларымен кездесу ұйымдастырады, келіссөздер жүргізеді, әлемді өзгертуге бағытталған ауқымды акциялар ұйымдастырады, рухани-адамгершілік жолына мыңдаған адамды тартады, осы жеті жыл бойы бір дамыл таппай қызметін атқарады. Алайда әлемді кемелдендіре алмайды. Әлем еш өзгеріссіз, ескі қалпында қала береді…
Сонда әр ойын, іспен дәлелдеуге машықтанған адам: «Мүмкін әлемді өзгерту өте қиын шығар. Сондықтан да мен бірінші өз елімді өзгертейін. Менің елімнің жақсы жаққа өзгергенін көрген басқа елдер де, бізге қарап өзгерері сөзсіз. Маған 700 күн беріңіздер, мен елімді өзгертемін», – дейді. Ол әйгілі адам болғандықтан, ел президенті не келіп, өзінің жоспарын баяндайды. Президент оның бастамасын құптайды. Сөйтіп, адам 700 күн ішінде ірі зауыттардың жетекшілерімен, саяси партиялардың көсемдерімен, атақты әртістер мен белгілі қоғам қайраткерлерімен кездесулер ұйымдастырып, елді өзгертуге байланысты көптеген іс-шаралар өткізеді. Алайда 700 күн өтті де кетті. Ал ел кемелденген жоқ. Ел еш өзгеріссіз, баяғы қалпында қала берді…
Сонда әр ойын, іспен дәлелдеуге машықтанған адам: «Мүмкін, елді өзгерту қиын шығар. Мен өзімнің туған қаламды өзгертейін одан да. Маған 7 ай беріңіздер! Қала деген – әлемнен де, бүткіл бір елден де кішкентай, енді бұл менің қолымнан келетіні айдан анық, – деп, ісіне кірісе жөнеледі. Ол осы 7 айдың ішінде ұйықтамай, ешбір адамның қолынан келмейтін, ғажайып белсенділік көрсетіп, маңдай терін төгіп еңбектенді. Алайда қала да кемелдене қойған жоқ еді. Ол да бәз-баяғы қалпында қалды…
Сонда әр ойын, іспен дәлелдеуге машықтанған адам, әбден ашуға булығады, ол «Мен әлемді, елімді, қаламды өзгерту үшін бәрін де істедім. Неліктен олар кемелденбеді? Неге олар өзгермеді?» деп қатты уайымдайды.
Сонда да әр ойын, іспен дәлелдеуге машықтанған адам, беріспейді. Ол енді бәрін қойып, өзінің отбасын кемеліне жеткізуге кіріседі. Ол бұл үшін өзіне 7 жұма уақыт мөлшерлейді. Бұл істің де, немен аяқталғанын сіздер біліп отырсыздар ғой, иә, иә… отбасы да өзгеріске ұшырамайды.
Сонда әр ойын, іспен дәлелдеуге машықтанған адам, үлкен бір шешімге келеді, ол енді өзін өзгертуге, өзін рухани-адамгершілік тұрғысынан кемелден- діруге кіріседі. Ол бұл үшін өзіне 7 күн уақыт береді. Осы жеті күнде ағайын-туыстарымен, көршілерімен кездеседі, олардың жағдайын сұрап, қажет болса, көмектеседі. Олардың бастарынан өткендерін тыңдап, олардың орнына өзін қоя білгенде – жүрегі шымыр етеді. Ол өзіне не жетпегенін осы кезде ғана түсінеді. Әр ойын іспен дәлелдемей тұрып, жүрекпен түсінгенде ғана, адамның адам болып қалатынына көзі жетті.
Осылайша, әлемді, елді, қаланы, отбасын өзгерте алмаған адам – өзін өзгерткен кезде, о ғажап … оның отбасы да, қаласы да, елі де, әлемі де сұлуланып, тартымды болып өзгеріп кетеді…
Сөйтіп, ол енді ой, сөз, іс бірлігін ұстана отырып, әркез жүрегін тыңдап өмір сүрді, осылайша ол шексіз бақытқа ие болды.
Орыс тілінен аударған
Алмагүл Джанұзақова