Қыздар, айналайындар, тұрмысқа шығатын кезде тойға иығы мен кеудесі ашық, жотасы жалаңаш, шетелдік үлгідегі ақ көйлекті кимеңдерші, бас тартыңдаршы содан! Неге осы біз өзгенің қаңсығына таңсық боламыз да жүреміз? Бар ғой, қазақтың әдемі көйлектері, сәукелесі! Тіпті, арнайы тіктіруге де болады. Тойға келетін үлкен қариялардың, ақсақалдардың, ақ жаулықты әжелердің көзінше жаңа түскен келіннің ашық-шашық жүруі жараспайды. Той алдында беташар жасайтынымыз тағы бар. Өзі жартылай жалаңаш жүрген келіннің бетін ашуда не мән қалады? Тағы бір түйткіл: жас келіннің гүл лақтыруы. Ол теріс қарап тұрады да, қолындағы шоқ гүлді арт жаққа қарай лақтырады. Ол жерде күйеуге шықпаған бір топ жас қыз уласып-шуласып жатады. Сырттай қарап тұрсаң, осының өзі ерсі емес пе? Сол тойда әлгі жас бойжеткендердің әке-шешесі, аға-жеңгесі, ағайын-туысы отыр. Қанша байсырап бара жатсаң да, солардың көзінше «тезірек күйеуге тиейін» деп гүлге сонша таласып не көрінді?
Зейнеп Ахметова