Басты бет » Өнер – өмір өрнегі » Кинооператордың көзімен: Кино түсірудегі өзіндік стиль

Кинооператордың көзімен: Кино түсірудегі өзіндік стиль

Кино – бірнеше адамның бірігіп жасайтын өнері. Фильм түсіру кезінде режиссер, актер, сценарист, оператор және басқа да мамандар жұмыс істейді. Олардың әрқайсысының өз міндеті бар. Солардың бірі – кинооператор. Кинооператор камера арқылы фильмдегі оқиғаны, кейіпкерлерді және олардың сезімін көрсетеді. Кейде бір нәрсені сөзбен түсіндіру қиын болады. Ал оны бір ғана кадр арқылы көрсетуге болады. Сондықтан кинооператордың жұмысы фильм үшін өте маңызды.

«Baıqońyr Film Festival» аясында «Как снять то, чего не скажешь словами?» атты Public-Talk өтті. Кездесуге қазақстандық кинооператорлар Әзиз Жамбакиев, Сабит Семетаев, Еркінбек Птыралиев, Нұрсұлтан Базарбай және Айдар Оспанов қатысты. Олар өздерінің киноға қалай келгендері және кинооператордың өзіндік стилі туралы айтып берді.

Киноға келу жолдары

Кинооператорлардың бұл мамандыққа келу жолдары әртүрлі екен. Біреуі бала кезінен камераға қызықса, енді бірі кино саласына басқа жолмен келген.

Әзиз Жамбакиев киноға музыка арқылы келгенін айтты. Ол кинооператор болу оңай емес екенін атап өтті. Себебі оператор тек камерамен жұмыс істеп қана қоймай, фильмнің жалпы көрінісіне де көңіл бөлуі керек.

Сабит Семетаев бала кезінен түсірілім жасағанды жақсы көргенін айтты. Кішкентай кезінен камераға қызығып, әртүрлі нәрселерді түсірген. Кейін бұл қызығушылығы оның мамандығына айналған.

Еркінбек Птыралиев ауылда өскенін және бала кезінде кинооператор болуды армандамағанын айтты. Оның бала кездегі арманы саяхатшы болу болған. Қазір кино саласында жұмыс істеп, әртүрлі жерлерге барып жүргендіктен, оның бұл арманы белгілі бір жағынан орындалып жатыр деуге болады.

Нұрсұлтан Базарбай да бала кезінде кинооператор болуды армандамаған. Ол алғашқы жұмысын тойларды түсіруден бастаған. Кейін «Juz Entertainment» компаниясына шақырылып, сол жерде жұмыс істеген. Ал «Уайым» фильмінен кейін кино саласына келген. Ол әлі де осы мамандықты үйреніп жүргенін және тәжірибе жинаудың маңызды екенін айтты.

Айдар Оспанов бала кезінен телевизия саласында болғанын айтты. Сол себепті камерамен жұмыс істеуді ерте бастаған.

Осы операторлардың әңгімелерінен олардың киноға әртүрлі жолмен келгенін көруге болады. Бірі музыкадан келсе, бірі бала кезінен камераға қызыққан. Ал кейбірі бастапқыда басқа мамандықты немесе басқа өмір жолын ойлаған.

Кинооператордың өзіндік стилі бола ма?

Кездесуде кинооператордың өзіндік стилі туралы да сұрақ қойылды. Әр оператор бұл сұраққа өз көзқарасын білдірді.

Әзиз Жамбакиевтің айтуынша, оператордың өз ойы және айтқысы келетін нәрсесі болуы керек. Адамның шығармашылығына оның балалық шағы да әсер етеді. Бала кезінде көрген нәрселері мен алған әсерлері адамның көзқарасын қалыптастырады. Кейін бұл оның жұмысына да әсер етуі мүмкін.

Ол кейбір операторлардың фильмде жақсы атмосфера жасайтынын, ал кейбірінің өзіне тән ерекше әлемі болатынын айтты. Мысал ретінде, Грегг Толанд, Роджер Дикинс және Эммануэль Любецки сияқты танымал операторларды атады.

Оның ойынша, оператордың маңызды жұмыстарының бірі – сөзбен айту қиын сезімді кадр арқылы көрсету. Кейіпкер өзінің сезімін сөзбен айта алмауы мүмкін. Осындай кезде оператор сол сезімді кадр арқылы көрсетуге көмектеседі.

Сабит Семетаевтың айтуынша, оператор әрқашан өз ізін қалдырады. Кейбір операторлар табиғатты түсіруге, мысалы, күннің батуы мен таңның атуына көп көңіл бөледі. Ал кейбіреулері адамның көзіне, эмоциясына және сезіміне көбірек мән береді.

Еркінбек Птыралиев стиль бірден пайда болмайтынын айтты. Ол адамның жұмысы мен тәжірибесі арқылы қалыптасады. Уақыт өте келе адамның көзқарасы өзгеруі мүмкін, сондықтан оның стилі де өзгеріп отырады.

Нұрсұлтан Базарбай да тәжірибенің маңызды екенін айтты. Ол кино саласына жақында келгендіктен, әлі де көп нәрсе үйреніп жүргенін атап өтті. Сондықтан жақсы оператор болу үшін көп жұмыс жасап, тәжірибе жинау қажет.

Айдар Оспановтың айтуынша, әр оператордың стилі әртүрлі болады. Себебі әр адамның дүниеге көзқарасы бөлек. Бір адам көрген нәрсені екінші адам дәл солай көрмеуі мүмкін. Сондықтан олардың түсірген кадрлары да әртүрлі болады.

Кинооператордың жұмысы

Кездесуден кинооператордың жұмысы тек камера ұстау емес екенін түсінуге болады. Оператор кейіпкердің сезімін оның сөзі арқылы ғана емес, сыртқы көрінісі арқылы да көрсете алады. Мысалы, кейіпкердің жүзін, көзқарасын немесе қимылын дұрыс көрсету арқылы оның көңіл күйін түсіндіруге болады. Сонымен қатар жарық, кадр және камераның қозғалысы да маңызды. Оператор режиссердің ойын түсініп, оны көрерменге бейне арқылы жеткізуге тырысады. Сондықтан режиссер мен оператордың бірге жұмыс істеуі өте маңызды. «Baıqońyr Film Festival» аясындағы бұл кездесуден кинооператор мамандығы туралы көп нәрсе білуге болады. Операторлардың киноға келу жолдары әртүрлі болған. Бірі музыка арқылы келсе, бірі бала кезінен камераға қызыққан. Кейбірі бастапқыда кинооператор болуды мүлде ойламаған. Сонымен қатар әр оператордың өзіндік стилі бар екенін түсіндім. Оның стиліне өмірі, балалық шағы, тәжірибесі және дүниеге деген көзқарасы әсер етеді. Стиль бірден қалыптаспайды, ол уақыт өте келе тәжірибемен қалыптасады.

Маған кездесуде айтылған «сөзбен айтып жеткізе алмайтын нәрсені кадр арқылы көрсету» деген ой ерекше ұнады. Себебі киноның ерекшелігі де осында деп ойлаймын. Кейде бір ғана кадр кейіпкердің сезімін сөзсіз жеткізе алады. Бірінші курс студенті ретінде бұл кездесу маған кинооператор мамандығын жақсырақ түсінуге көмектесті. Киноны тек режиссердің немесе актердің жұмысы ретінде емес, камера арқылы да қарау керек екенін түсіндім.

Құралай АСҚАРОВА,

Темірбек Жүргенов атындағы ҚазҰӨА

«Кинотану» мамандығының 1 курс студенті