«Әбіл» фильмі Қазақстан атынан 2027 жылғы «Оскар» сыйлығының «Үздік халықаралық толықметражды фильм» (Best International Feature Film) аталымына ұсынылды. Бұл туралы Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының мәлімдеді, деп хабарлайды Jastar janary.

Режиссер Елзат Ескендірдің фильмі Кеңес Одағының ыдырауы мен қоғамдағы әлеуметтік өзгерістер кезеңіндегі қазақ ауылының тыныс-тіршілігін баяндайды. Басты кейіпкер қалыптасқан өмір салтының өзгеруімен бетпе-бет келіп, жаңа шындыққа бейімделуге мәжбүр болады.
Фильм Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген.
Айта кетейік, фильм бұған дейін бірқатар халықаралық кинофестивальдерде жүлдеге ие болды. Басты рөлді сомдаған Ерлан Төлеутай Дублинде өткен XIII Silk Road халықаралық кинофестивалінде және Бішкек халықаралық кинофестивалінде «Үздік актер» атанды. Ал Францияның Везуль қаласында өткен Азия киносының 31-халықаралық фестивалінде фильм бірден үш жүлдені — Қазылар алқасының Гран-приін (Grand Jury Prize), Кинокритиктер қазылар алқасының жүлдесін (Critics’ Jury Prize) және NETPAC қазылар алқасының жүлдесін (NETPAC Jury Prize) иеленді.
Фильм Қазақстан кинотеатрларында 2026 жылғы маусым айында кең прокатқа шықты.
Фильмнің Best International Feature Film аталымындағы «Оскар» номинанттарының қатарына енуі туралы түпкілікті шешімді Америка кино өнері және ғылымдары академиясы қабылдайды. «Оскар» сыйлығының 99-шы марапатына үміткерлер 2027 жылғы 21 қаңтарда жарияланады. Ал марапаттау рәсімі 2027 жылғы 14 наурызда өтеді.
Jastar janary Ұлттық, қоғамдық-мәдени ақпараттық порталы