Әлемжеліде қазақтарды әжуәлап, бүтін бір ұлтты келеке еткен атышулы Алика Мухамадиеваға прокурор төрт жарым жыл түрме жазасын сұрады, деп хабарлайды Jastar janary Ertenmedia сайтына сілтеме жасап.
Қарағандыдағы сот процесі Қылмыстық кодекстің 174-бабы «Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік немесе діни алауыздықты қоздыру» бойынша жүріп жатыр.
Айыптаушы тараптың сөзінше, Мухамадиеваның әлемжелідегі жазбасы ұлтаралық жанжал туғызып, елдегі титулды ұлттың ар-намысына тиген. Мұның бәрі сараптама қорытындысымен дәлелденген.
Іс насырға шапқанын сезген күдікті елден қашып, ізін жасыруға талпынған. Дау тұтанған сәтте қазақтілді қауым провокаторды елден қууды талап еткен болатын.
Аликаның бұған дейін қазақтардан кешірім сұраған, бірақ бұл оны жауапкершіліктен босатпайтын сыңайлы.
«Сол күні қатты күйзелісте болдым. Сол сәтте не істеп қойғанымды өзім де түсінбедім», – деді ол сотта.
Сөзінше, қамауға алынғанына 87 күн болған және сол уақыттан бері кішкентай қызын көрмеген. «Қызым күн сайын “Анашым қайда?” деп атама сұрақ қояды…» – деген Мухамадиева сотта көз жасын көл қылған еді.
Ол тергеу изоляторында бірге отырған діндар әйелден Құран кітапты сыйға алғанын және сол арқылы өз қателігін терең ұққанын айтып, ақталып отыр. Аликаның адвокаты да мәселені балаға сілтеп, анасынан айырмауды сұрауда.
«Айыппұл немесе мырзамақпен шектелсе жеткілікті. Тек түрмеге отырмасын», – дейді қорғаушы.
Сот соңғы сөзге дайындалу және істі түйіндеу үшін 3 қарашаға дейін үзіліс жариялады.
Ertenmedia-ға жеткен мәлімет бойынша Қарағанды тұрғыны айыппұлмен құтылмайды. Биліктің өзі де 174-бабты жұмсартуға мүдделі емес. Ақорда идеологтары мұндай жағдайда Алика секілді провокаторлар күрт көбейеді деп қауіптенеді.
Айта кетелік, Алика Мухамадиева Қарағандыда киім дүкені мен доставкі бизнесіне иелік ететін кәсіпкер. Instagram парақшасында жарияланған жазбада Мухамадиева қазақша сөйлеуді талап ететіндерді «мамбет» деп мазақ етіп, мемлекеттік тілді «полукәлбитский диалог» деп келемеждеген.