Анаға хат

Арман 13 жасар бүлдіршін. Анасының берген кейбір үй жұмыстарын орындағысы келмей назданады. Бір күні анасы әдеттегідей үй жұмыстарын орындауды тапсырады. Көп ұзамай Арман анасына мынадай хат жазады:

«Ана, маған үй жұмыстарын істеткізгеніңіз үшін төмендегідей қарызыңыз бар:

  • нанға бардым – 100 теңге;
  • бөлмемді жинадым – 50 теңге;
  • «5» алдым – 50 теңге;
  • қоқыс төктім – 100 теңге;
  • компьютер ойнамадым – 50 теңге;
  • құлайын деп тұрған ыдысты ұстап қалдым – 50 теңге;
  • киімдерімді реттедім – 100 теңге;
  • кір киімдерімді кіржуғыш машинаға салып қойдым – 50 теңге.

Барлығы: 550 теңге қарызыңыз бар! Уақытысында төлемесеңіз, үстеме қосатыным айтып қояйын!»

Анасы Арманға мынадай жауап жазды:

«– саған ана сүтін бердім – 0 теңге;

  • түнде қорқып оянғаныңда қасыңда болдым – 0 теңге;
  • тамақ пісірдім – 0 теңге;
  • науқастанғаныңда қасыңнан кетепдім – 0 теңге;
  • түсінбеген сабағыңды түсіндірдім – 0 теңге;
  • көңілсіз болғаныңда, қолдаушың болдым – 0 теңге;
  • көңілді болғаныңда, бірге қуандым – 0 теңге;
  • сені қандай да болсын жамандықтан қорғауға тырыстым – 0 теңге;
  • сені еркелеттім – 0 теңге;
  • ұнататын заттарыңды сатып алдым – 0 теңге»

Арман жазған хатынан ұялып қалады да, бұдан былай анасын ренжітпеуге, айтқанын орындауға бар күшін салады.

«Ақыл қалта» кітабынан