Басты бет » Жаңалықтар » ҚАЗАҚТЫҢ МАҚАЛ-МӘТЕЛДЕРІ

ҚАЗАҚТЫҢ МАҚАЛ-МӘТЕЛДЕРІ

«Бабалар сөзі» жүзтомдығынан алынды

Арық малды асырасаң,
Аузы-мұрның май болар.

****
Жаман кісіні асырасаң,
Аузы-мұрның қан болар.

****
Арық малды асырасаң,
Аузы-мұрның май етер.
Жауыз адам асырасаң,
Аузы-мұрның қан етер.

****
Арық малды асырасаң,
Аузы-мұрның май қылады.
Арық адамды асырасаң,
Аузыңды ұрып, қан қылады.

****
Арық малды асырасаң,
Ауыз-мұрныңды май етер.
Арық кісіні асырасаң,
Ауыз-мұрныңды қан етер.

****
Арық пен семіздің бауыры бірдей,
Жақсы мен жаманның жаны бірдей.
Арық пен семіздің бәрі бірдей,
Жаман мен жақсының жаны бірдей.

****
Арық семіреді, толған төгіледі, тұрған шөгіледі.

****
Арың үшін алыссаң, өлмейсің.

****
Артыңа жаман жұраттан гөрі,
Жақсы сөз қалдыр.

****
Арыстан айға шабамын деп,
Артқы аяғы мерт болды.

****
Арыстан ақырса, ат аяғы қалтырайды.

****
Арыстан қартайса, тышқан аулайды.

****
Арыстанда бір жігіттің күші,
Қырық жігіттің жүрегі бар.

****
Арыстандай күшің болса,
Түлкідей әдісің болсын.

****
Арыстанның айбатынан асқан күшті емес,
Өз ашуын баса білген адам күшті.

****
Ас біреудікі болғанмен,
Асқазан өзіңдікі.

****
Асау атты таға тоқтатады.

****
Асқа талау түссе, иттің мұратын береді.

****
Ақсақпенен жол жүрсең,
Жолға алаң боларсың.

****
Аспандағы айдан не пайда,
Жылынуға қолың жетпесе,
Хиуадағы ханнан не пайда,
Барсаң арызың өтпесе.

****
Асы құлақ, сау бас,
Басың сауда аулақ қаш.

****

Асты иә қуыс ішер,
Иә туыс ішер.

****
Астығы бар аш болмас.
Астық жоқ тіленші қыстайды.
Астыңдағы атыңа сенбе,
Қойныңдағы қатыныңа сенбе.

****
Асы бардың тынысы бар.
Асығыстық пен ашудан ақыл күңгірт тартар.

****
Асыққан жетпес,
Бұйырған кетпес.

****
Асыққан ісі зиянға кетер.

****
Асықпа қарға,
Түсерсің қолға.

****

Асыл міндет — адалдық,
Асыл қасиет — адамдық.

****
Асыл таста, өнер жаста.
Асыл тастан сенімді тас артық.

****
Асыл—тастан,
Ақыл—жастан.

****
Ат айланып қазығын табар,
Ер айланып жазығын табар.

****
Ат айында құлындайды,
Бие жылында құлындайды.

****
Ат алсаң, ауылыңмен (ойлас),
Түйе алсаң, отаныңмен.

****

Ат арыса — тулақ,
Ер арыса — аруақ.

****

Ат арыса, айшылық жер мұң болар.
Ат аунаған жерде түк қалар.

****
Ат аяған ат мінер,
Тон аяған тон киер.

****
Ат аяған жерге қарар,
Құс аяған көкке қарар.

****
Ат аяғы жерге қарайды,
Құс аяғы көкке қарайды.

****
Ат аяғын тағалар.
Ат аяғын тай басар.

****
Ат баспаймын деген жерін үш басады,
Ер көрмеймін деген жерін үш көреді.

****
Ат баспаспын деген жерін үш басар.
Ат басына күн туса,
Көгендегі қой болар.

Ер басына күн туса,
Бота төбе үй болар.

****

Ат басына күн туса,
Ауыздығымен су ішер.
Ер басына күн туса,
Етігімен су кешер.

****

Ат биеден, аруана түйеден.
Ат биеден туады,
Нар түйеден туады.
Ат биеден туады,
Аруана түйеден туады.

****

Ат болар тай саяққа үйір,
Адам болар бала қонаққа үйір.
Ат ерінді келер,
Ер мұрынды келер.

****

Ат жақсысы боз болар,
Ер жақсысы таз болар.

****

Ат жаманы таймен ойнар,
Қатын жаманы байымен ойнар.

****

Ат жоқ жерде ешек те ат.

****

Ат жүйрігін түлкі сүймес,
Ауру адам күлкі сүймес.
Ат жүйрігін түлкі сүймес.

****

Ат иесі айқайлайды,
Өгіз иесі өңмеңдейді.

****

Ат иесіз болмас,
Қазан күйесіз болмас.

****

Ат қадірін білмесе,
Жаяулық берер сазасын.
Аш қадірін білмесе,
Ашаршылық берер жазасын.

****
Ат қадірін жоқ білмес,
Ас қадірін тоқ білмес.

****

Ат мінбеген ат мінсе,
Шаба-шаба өлтірер.
Тон кимеген тон кисе,
Қаға-қаға тоздырар.

****

Ат семірсе, иесін тебер (қабар).

****

Ат сүрінбей, жер танымас.

****

Ат тай-құнаннан,
Ақыл жас ұланнан.

****

Ат теппейді деме,
Ит қаппайды деме.

****
Ат тулағы жабағы,
Желіннен соң сабағы.

****
Ат тұяғын тай басар.

****
Ат ұстаған азабынан құтылар.
Ер ұстаған еңбегінен құтылар.

****
Ат үйірін сағынса,
Артық аяғын қағынар.
Ер үйірін сағынса,
Айыл-тұрман тағынар.

****
Ата – баланың қорғаны.

****
Ата балаға сыншы.

****

Ата даңқымен қыз өтеді,
Мата даңқымен бөз өтеді.

****
Ата деген баланы
Жаным десе, жарасар.
Алты ұл тапқан ананы
Ханым десе, жарасар.

****

Ата жолын қумаса,
Тумағаны көп игі.

****
Ата көрген оқ жонады,
Ене көрген тон пішеді.

****
Ата көрген оқ жонар,
Ана көрген тон пішер.

****
Ата тұрып, ұл сөйлегеннен без,
Ана тұрып, қыз сөйлегеннен без.

****
Ата тұрып, бала сөйлесе — шіркіндігі,
Аға тұрып, іні сөйлесе — еркіндігі.

****
Ата тілін алмаған ұлдан без,
Ана тілін алмаған қыздан без.

****
Ата ұлы аталықтың сөзін айтар,
Асылсыз жолдас болса, кері қайтар.
Қасыңа жолдас болып ере қалса,
Дұспанға құпиялап сырыңды айтар.

****
Ата үйім — алтын бесік,
Кірсем-шықсам сипалар.

****
Ата-анадан мал тәтті,
Алтын үйден жан тәтті.

****
Ата-анам бар болсын,
Аузы-мұрны жоқ болсын.

****
Ата-ананың ақылы сайрап жатқан жолмен тең,
Ақылдының ақылы сарқылмайтын көлмен тең.

****

Ата-анаң отырған үйдің төбесіне шықпа.

****
Ата-анаңды құрметтесең,
Сен де сондай игілік көресің.

****
Ата-анаңды сыйласаң, көп жасарсың,
Сыйламасаң, жан қинарсың.

****
Ата-бабаңда қиқу жоқ,
Қиқу сенің не теңің.