Астана қаласындағы Жоғары оқу орындарының ең үздік студенттері интеллектуалдық сайыста сынға түсті. Шараны Халықаралық студенттер күні қарсаңында «Жастар Рухы» жастар қанаты ұйымдастырды. 100-ден аса студенттің басын қосты.
Жастарды «AMANAT» партиясының Хатшысы Ержан Жылқыбаев құттықтап, партия тарапынан оларға көрсетілетін мүмкіндіктер туралы айтып кетті.
«Партиямыздың сайлауалды бағдарламасында айтып кеткендей, жастардың елдің индустриялық серпілісі үшін дағдыларды игеруі үшін колледждерді салалық құзыреттілік орталықтарына айналдырып, озық жабдықтармен, өндірістік тәжірибесі бар кадрлармен қамтамасыз етуге атсалысудамыз. Сіздер сияқты жалынды жастарды қолдау, қолайлы ортада білім алуына жағдай жасау үшін Жоғары оқу орындарының инфрақұрылымын дамытып, жаңа ғимараттарын салуды бастаймыз. Заман талабына, уақыт сұранысына сай алдыңғы қатарда дамығысы келетін кез келген мемлекеттің азаматтық қоғамы мықты, білімді болуы тиіс»,- деді партия Хатшысы Ержан Жұматұлы.
Куизге 12 командадан құралған креативті, тапқыр жастар жиналды. Олар 6 кезеңнен тұрған тартысты да қызыққа толы әдемі ойын өрнегінде ой жарыстырды.
Зияткер жастардың үздіктері ойын барысында жинаған ұпай санына қарай анықталды. Ойын нәтижесі бойынша Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Күлтегін» командасы 1 орынды иеленсе, 2 орынға Astana IT University-дің «CyberBatyrlar» командасы жайғасты, ал М.Нарықбаев атындағы Қазақ гуманитарлық заң университетінің «Shanyrak Team» командасы 3 орын алды.
Фото: AMANAT партиясының баспасөз қызметі
Astana IT University студенті Батырхан Бейсембеков квиз жаңа ақпараттармен қатар басқа да университет студенттерімен танысуға мүмкіндік бергенін айтып кетті.
«Қазақша квизге университтегі достарымызбен уақытымызды пайдалы бағытта өткізіп, біз білмейтін ақпараттар жинауға келдік. Жастар арасында айрықша танымалдық алып, «трендте» жүрген қазақша квиз-тарихи-танымымызды кеңейтуге де үлкен үлесін қосуда. Мұнда командалар арасында ой жарысы болғанымен, қарсылас студенттермен жақынырақ араласып кеттік», – деді «CyberBatyrlar» тобының мүшесі Батырхан Бейсембеков.
Сондай-ақ шара соңында Астана қаласы мәслихатының депутаты Лория Давид қазақша стильдегі ең әдемі образ үшін «Kazakh Ruhy» номинациясы бойынша «Жас Ұлан» ұйымының «Бойтұмар» командасын, «TezTap»-қыр номинациясы бойынша М.Нарықбаев атындағы Қазақ гуманитарлық заң университетінің «Banana students» командасы мен «Ең ұйымшыл» команда ретінде Астана халықаралық университетінің «Үш анық» командасын марапатталды.
Ойыннан бөлек қатысушылар командалық рухты көтеру мақсатында креативті бейнероликтер мен Tiktok трендтер де түсіріп үлгерді.
Жастар қанаты жеңімпаздарға дипломдар, бағалы сыйлықтар мен кітаптар табыстады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «StudQuiz» зияткерлік сайысы қазақша квиз өткізуден үздік «TezTap» командасының қатысуымен өтті.
Айта кетеміз, қазір елімізде 14 пен 35 жас аралығындағы жастар саны 6 млн-нан астам, оның 575 мыңнан астамы жоғары оқу орындарында, ал 531 мыңы колледжде білім алатын студент жастар.