«AMANAT» партиясының қолдауымен дәстүрлі «Алтын домбыра–2023» республикалық айтысы өтті. Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйымдастырған дүбірлі додаға 16 ақын қатысып, бақ сынады.
Айтыс – қай заманда да ұлтымыздың рухани тірегі. Қандай қиын-қыстау кезеңде де Алаш айтыс өнерінен ажыраған жоқ. Айтыс – қашанда әділдіктің, адалдықтың, ашықтықтың алаңы бола білген өнер додасы. Талантты ақындар жыр сайыстырып, текті өнердің тереңінен ой теріп, шыңына қанат қақты.
Айтыстың ақтық сынына 8 ақын шықты. Олардың қатарында Алина Айдаралы, Мұрадым Мейрланов, Төлеген Жаманов, Шұғайып Сезімхан, Мақсат Аханов, Жансая Мусина, Мейірбек Сұлтанхан және Аспанбек Шұғатаев бақ сынасты.
Қазақстанның халық ақыны Әсия Беркенова бастаған қазылар алқасының шешімімен бас жүлдені Мақсат Аханов иеленді. Оған «Алтын домбыра» және автокөлік табысталды. Ал жүлделі I орын және «Айтыс ақтаңгері» атағы Мейірбек Сұлтанханға, II орын Аспанбек Шұғатайға бұйырды. III орынды Төлеген Жаманов пен Жансая Мусина өзара бөлісті.