6 қарашада Димаш көпжақты саясат пен дипломатияның орталығы болып саналатын Женева қаласында болды. Женевада әртіс Біріккен Ұлттар Ұйымының Женева бөлімшесінің басшысы Татьяна Валовамен кездесті. Бұл туралы dimashnews.com сайты жазды.
Димаш Нью-Йорктен кейінгі БҰҰ-ның екінші маңызды резиденциясы – Ұлттар сарайында болып, Женева кітапханасы мен БҰҰ мұрағаттарындағы өнер туындыларымен, тарихи құжаттар мен объектілермен, сондай-ақ көпжақты сессиялардың жұмысымен танысты.
Кездесу барысында Димаш Ұйымға қолдау білдірді, шығармашылық жоспарларымен бөлісті, белгілі тұлғалардың жалпы адамзаттық құндылықтарды ілгерілетуде және бейбітшілік пен өзара түсіністік идеяларын ілгерілетуде атқара алатын ерекше рөлін атап өтті. Димаштың айтуынша, сөздердің әсері тоқтаған кезде музыка адамдардың жүрегіне жетеді.
Сонымен қатар Димаш Уилсон сарайында – БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі басқармасында және Халықаралық көші-қон ұйымының штаб-пәтерінде кездесулер өткізді. Бұдан басқа, Димаш Қазақстанның Женевадағы БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілдігінің қызметкерлері мен отбасы мүшелерімен кездесті. Тұрақты өкіл Еран Әлімбаевпен кездесу барысында Женева алаңындағы Қазақстан жұмысының бағыттарымен танысты.