Бүгінде занамауи мамандықтар қатары күн санап көбеюде. Соның бірі де бірегейі – мобилография саласы. Мобилография ‒ жаңа ғасырда дүниеге келген трендтегі сала. Бұрын адамдар фотоаппарат көмегіне жүгінсе, бүгінде телефон арқылы да әр сәтті әсем түрде таспалауға болатынына да көз жеткіздік. Мобилография қазіргі кезде жастар арасында ерекше танымалдыққа ие. Осы салада жетістікке жетіп, қаражат тауып жатқан жастар жетерлік. Соның бірі – Нұрсұлтан Назарбаев.
– Қазір мобилографияға қызығатын жастар көп. Солардың бірі өзіңіз. Жалпы, мобилограф болуға не итермеледі? Несімен қызықтырды?
– Бала кезден телефон арқылы видео және фото түсіруге қызықтым. Демалыс кездері ауылға барып, көзіме әдемі көрінген жан-жануар, табиғат пен тау-тастарды қызық көріп, ұялы телефонымның камерасына түсіріп алатынмын. Солай-солай өсе келе бұл қызығушылығым өзімнің тұрақты түрде айналысатын жеке хоббиіме айналды. Студент кезімде әлеуметтік желіден Қыран Талапбек есімді блогердің мобилография деген жаңа ұғымды жарнамалап жатқанын көрдім. Ақшамды жинап алғашқы курсын сатып алдым. Курсты оқыған соң қолымдағы бір ғана телефон арқылы қаншама дүние жасауға болатынына көзім жетті. Осылайша, СММ саласынан да хабардар болып, әртүрлі жобалар ала бастадым. Менің мобилографияға қадамым осылай бастау алды.
– Қазіргі трендте креативті видеолар алда. Ал түсірген бейнежазбаң көп адамға қызықты, әсерлі болуы үшін қалай ізденген және алдын ала жоспарлау қаншалықты дұрыс?
– Өте орынды сұрақ. Мен мобилография ұғымы алғаш пайда болған кездерде креативсіз жай ғана әдемі кадрдың өзі жеткілікті еді. Қазіргі таңда конкуренция бұрынғыдан екі есе жоғарылап кетті. Сондықтан да көрермен сенің жұмысыңды көру үшін креативті ойлау қажет. Тіпті, бұл салада режиссер де бола білу керек. Кез келген мобилограф түсірілім жасамас бұрын, алдын ала локация мен видеоға түсетін адамды, сондай-ақ трендтегі музыка мен жарықтың түсуі деген сияқты дүниелерді жоспарлайды.
– Бұл саланың артықшылығы, ерекшелігі неде?
– Бұл саланың артықшылығы еркіндікте деп ойлаймын. Біріншіден, кімді қалай түсірсең де ол сенің қиял еркіндігіңде жатқан нәрсе. Еркіндік бар жерде қашанда артықшылық болады. Екіншіден, бұл мамандықта бір ғана жерде тұрақталып қалу жоқ. Мәселен, блогердің жеке мобилографы болып шетел көру мүмкіндіктері бар. Шетелге шыққан кез келген саладағы адамның көкжиегі кеңейері қашанда анық. Үшіншіден, бұл саланың тағы бір артықшылығы – уақыттың үнемді болуында. Бұл салада таңғы 9-дан кешкі 6-ға дейін деген шектеу жоқ. Бір күнде бірнеше жоба алып жұмыс жасауға болады. Сонымен қатар мобилограф болу жас талғамайды. 10 жастағы баладан зейнет жасындағы ата мен әжелердің үйреніп жүргенін көз көріп, құлақ естіп жүр.
– Сіздің ойыңызша, мобилограф болу үшін не істеу керек? Мобилограф болғысы келетіндерге қандай кеңес берер едіңіз?
– Мобилограф болу үшін алдымен камерасы жақсы телефон болу маңызды. Содан соң мобилография жайлы азды-көпті білім болған жөн. Егер сіз бұрыннан бұл салаға қызығатын болсаңыз, түрлі жұмыстарыңыздан портфолио болса, онда тіпті керемет болары анық. Өзімнен кейінгі жастарға қашанда алдыңғы қатарда болуға тырысыңыздар дер едім. Мобилография жайлы ізденіңіздер. Бұл салада талғам мен үйлескен видеолар қашанда сәнде. Сол себепті де шетел мобилографтары мен видеографтарына анализ жасап отырған жөн.
– Мобилограф маманы қанша табады? Бұл салада көп қаржы табу мүмкін бе?
– Мобилографтардың көпшілігі – студент жастар. Ал олар уақытының көп бөлігін сабаққа жұмсайды. Күніне жарты сағат уақыт бөлгеннің өзінде кемі 150 мың теңге табуға болады. Бір минуттық видеоға 15-20 мың арасында, ал тұрақты түрде жұмысқа алынса, 500 мың мен 1 млн теңгеге дейін таба алады. Өз таныстарымның ішінде блогердің мобилографынан бөлек, тапсырыстар қабылдап, миллионнан аса қаржы тауып отырғандары бар. Айтқым келгені, артық білім ешқашан жерде қалмайды. Сапалы мобилограф қашанда сұраныста.
– Қалай ойлайсыз, бұл мамандық болашақта қазіргідей сұраныста бола ма?
– Қазіргі таңда үлкен икемсіз камералардың дәуірі жыл өткен сайын ескіріп жатыр. Байқасаңыздар, қазір әлеуметтік желінің дамыған заманында блогерлер көбейді. Ал сол блогерлердің қайсыбіріне болмасын мобилограф керек. Одан бөлек, мемлекеттік қызметкерлердің де жеке өз мобилографтары бар. Өмірдің кез келген сәтін таспалап, желі де бөлісу сәнге айналғалы да біраз жыл болды. Жалпы, телефон арқылы кино түсіретін дәрежеге де жетіп жатырмыз. Меніңше, мобилография саласы тағы 1-2 жылда университет қабырғаларында жеке мамандық ретінде оқытылады деп ойлаймын.
– Мобилография жайлы үйрететін курстар көп. Дегенмен оның ішінде таңдаулы сапалы үйрететіндері аз. Осы салада кімнен білім алуға кеңес бересіз?
– Иә, қазіргі таңда екінің бірі курс сатып жатыр. Бұл бір жағынан жақсы. Бәсеке бар жерде қашанда өсу болады. Мобилография саласы қазіргі таңда өте жылдам қозғалыста дамып жатыр. Мен алғашқы ұстазым деп Қыран Талапбек пен Асхат Шынәліні ерекше айта аламын. Олар өз саласының майталмандары. Курсты бастан-аяқ сапалы үйретеді. Артымнан ерген іні-қарындастарыма айтарым, дамыңыздар, өсіңіздер. Жаңа дүниені игеру заманның талабы екенін ұмытпаңыздар.
Фариза АХМЕТ,
Шымкент қаласы