Елордада 16-30 мамыр аралығында өткен WorldSkills Astana-2025 кәсіби шеберлік чемпионатының қорытындысы шығарылды, деп хабарлайды Jastar janary. Бұл туралы Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты жазды.
Астанадағы 15 колледждің базасында өткен WorldSkills Astana-2025 чемпионатының жабылу салтанаты өтті. Байқау тапсырмалары кірпіш қалау, прототиптеу, ақпараттық кабельдік желілер, шаштараз және аспаздық өнер, мобильді робототехника, веб-дизайн, IT-шешімдер, инженерлік графика, кондитерлік іс, флористика, BIM-модельдеу және басқа да бағыттарды қамтыды.
«Биылғы шараға 350 қатысушы мен 250-ден астам сарапшы қатысты. Олар 15 күн бойы 50 құзырет бойынша жұмысшы мамандықтарының үздік өкілдерін анықтады. Бұл – жыл сайын өтетін шара, бірақ биыл біз үшін ерекше. Себебі, оны Жұмысшы мамандықтар жылы аясында өткізіп отырмыз», – деді техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің басшысы Ақмарал Хон.
Чемпионат қорытындысы бойынша үздік қатысушыларға алтын, күміс және қола медальдар, сондай-ақ құрмет медальондары табыс етілді. Жеңімпаздар Астананың атынан WorldSkills Kazakhstan-2025 Ұлттық чемпионатында өнер көрсететін болады.
«Мен бұл чемпионатқа 1-курстан бастап қатысуды армандадым. Арманым орындалды деп айта аламын. Электромонтаж жұмысы жыл сайын өзектілігін арттырып келеді. Бұл дағды кәсіби жолымда аса қажет болатынына сенімдімін», – деді Құрылыс-техникалық колледжінің 3-курс студенті Аллажан Хамитов.
Турнир алаңында қатарлас келесі чемпионаттар да өтті:
• Abilympics – мүмкіндігі шектеулі жастар арасында;
• DeafSkills – есту қабілеті бұзылған қатысушылар арасында.
Сондай-ақ кәсіби білім беруді дамыту, жұмысшы мамандықтарды насихаттау және кадрларды даярлау жүйесіне инновациялық технологияларды енгізуге бағытталған бірқатар ірі іс-шара өтті.
«100 бейіндік сынып» жобасы аясында оқушылардың слеті ұйымдастырылды. Ол 8 бағытты қамтыды: сервис (қоғамдық тамақтануды ұйымдастыру, техникалық қызмет көрсету), дизайн, тігін өндірісі, теміржол көлігі, IT, педагогикалық бағыт және медицина.
Сонымен қатар ел бойынша үздік кондитерлер жиналған республикалық «CHOCOLATINE KAZAKHSTAN 2025» чемпионаты өтті.
Колледждер базасында әлеуметтік серіктестермен бірлесіп экскурсиялар мен шеберлік сабақтары ұйымдастырылды. Бұл қатысушыларға қазіргі оқу және кәсіби дайындық жағдайларымен жақынырақ танысуға мүмкіндік берді.