Бұл туралы Батыс ТЖД баспасөз қызметі хабарлады.
Бүгін Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданындағы Жымпиты ауылында жеке тұрғын үйден өрт шықты. Құтқарушылар 5 минут ішінде оқиға орнына жеткен. Оқиға орнында 30 шаршы метр аумақта жиһаз бен тұрмыстық заттар өртенген.
Құтқарушылар 5 баланы ес-түссіз күйде тапты, балалар ауруханада қайтыс болды.
Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Сырым ауданындағы қайғылы оқиғаға байланысты көңіл айтып, мәлімдеме жасады. Әлеуметтік желідегі парақшасында:
«Сырым ауданында қаза тапқан балалардың ата-аналары мен жақындарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын.
Менің тапсырмам бойынша оқиға орнына орынбасарым барды, аудан әкімі оқиға орнында, барлық қажетті қызметтердің жұмысын үйлестіріп жатыр.
Әкімдік тарапынан барлық қажетті көмек көрсетіледі: жерлеу рәсімін ұйымдастыру, психологиялық көмек көрсету, баспанамен қамтамасыз ету және өзге де әлеуметтік қолдау шаралары.
Қазіргі уақытта оқиға орнында ТЖД мамандары, полиция департаментінің қызметкерлері, медицина қызметкерлері және басқа да тиісті қызмет өкілдері жұмыс істеуде.
Жағдай менің жіті бақылауымда», – деп жазды.